Мұхтар Құл-Мұхaммед «Нұр Отандықтарды» жер реформасын түсіндіруді жандандыруға шақырды

/uploads/thumbnail/20170709021515819_small.jpg

Бүгін Алматыға іссапармен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партияластарына жер реформасын түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Осы сапар барысында ол партияның Алматы қалалық филиалында болып, партия қызметкерлерінің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, сайлауалды науқаны және басқа да мәселелер бойынша атқарған жұмыстарына баға берді.

«Сайлау алды науқанының қорытындысын жүзеге асыру мақсатында биыл біз тұңғыш рет партия тәлімгерлері институтын енгіземіз. Ол 8 тәлімгерден құралады», - деді М. Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар, ол жер кодексінің ерекшеліктерін тұрғындарға түсіндіруде жіберілген кемшіліктерге тоқталды.

«Елбасы мораторий жариялады, осылайша бізге жер реформасына қатысты барлық пункттерді түсіндіруге мүмкіндік берді.   

Ал оларды жан-жақты түсіндіру қажет еді. Өйткені, Алматы -  жастардың қаласы. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жұмыс Алматыдағы партия ұйымдарында нашар атқарылды. Егер түсіндіру жұмыстары студенттермен дер кезінде жүргізілгенде біздің 400 мың жақтасымыз болар еді. Өйткені, Алматыда осынша студент бар. Ал осы кезде жан-жаққа тарап жатқан олар, өздерінің туған жерлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізер еді.  

Енді спикер-сарапшылардың қызметін жандандыру қажет. Мен білемін, сіздерде арнайы клуб ашылған. Олар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Халықты кеңінен қамту үшін енді қоғамдық кеңесті де осы жұмысқа тарту керек болады», - деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, ол бұл жұмысқа танымал блогерлерді, жастардың үкіметтік емес ұйымдарын тартуға шақырды.

«Тұрғындарды тұрғын үй мәселесі, коммуналдық шаруашылық қызметтерінің жұмысы мазалайды. Бұл мәселелер шешілуі тиіс. Алматы қаласы бойынша тұрғын үй-коммуналдық желілерді жаңартуға 9,2 млрд. теңге бөлінген. Әзірге бұл соманың 20 пайызы ғана игеріліпті. Біздің міндет: қаржының жұмсалауын және жобалардың жүзеге асырылуын қадағалау», - деді ол. 

Сондай-ақ, кездесу барысында Алматыда «нұротандықтардың» санын 100 мың адамға жеткізу керектігі бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетелік, осы кездесуден кейін М. Құл-Мұхаммед «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты ЖШС және Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болып, аталмыш мекемелердің қызметімен танысты.

Қатысты Мақалалар