ҚАЗАҚТЫ МАЙМЫЛҒА ТЕҢЕГЕН ТҰРСЫНОВТЫҢ ӨЗІ КІМ?

/uploads/thumbnail/20170709021544116_small.jpg

Қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов қазақ эстрадасындағы танымал әншілер Заттыбек Көпбосынұлы мен Қайрат Нұртастың тыңдармандарын маймылға теңеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz newtimes.kz-ке сілтеме жасап.

Өзін қазақ тарихы мен мәдениетінен жақсы хабардар, ұлт руханиятына зор үлес қосып жүрген өнер қайраткері санайтын Ермек Тұрсынов соңғы уақытта саяси, қоғамдық мәселелер туралы да кейбір басылымдар бетінде жиі қалам тербейтін болып жүр. Алайда, ол мақалаларындағы ойлары да «Келін» фильмі сияқты қоғамның қарсылығына тап болуда. Танымал режиссер жақындағы бір сұхбатында еліміздегі кино өндірісі туралы айта келіп:

«Ана жақта Заттыбек, Қайрат Нұртас ән айтып тұрады, залда маймылдар толы, өз құдайларын тапқан. Болды. Мұның бәрі өткен. Мұндайларды дисней түсіріп тастаған. Ақылды адамдар баяғыда түсіріп тастаған тамаша мультфильмдер болған. Мен теледидарды сирек көремін. Шамасы Жаңа жыл күні-ау деймін.  Барлығы демалып жатты. Теледидарды қоссам Қайрат Нұртастың бенефисі 3 сағатқа созылды, артынан Заттыбек кетті. Барлық арналарда басқа жігіттерді көрсетіп жатты. Бұл негізі катастрофа», - деп бір-ақ қайырыпты. Режиссердің ойынша әлгі әншілерді тыңдаушылардың талғамы төмен көрінеді.

Қоғамдағы теріс құбылыстарға өзіндік пікірін айтып, қажет жерде билік пен қоғамның кем-кетік тұстарын ашық айтып жүретін режиссер соңғы уақытта адасайын деді. Көп жерде жанама түрде билікті ақтап, қоғамдағы қиындықтар мен сәтсіздіктердің барлығына халықты кінәлі етіп көрсететін болып жүр. Ермектің «Президенті қандай болса халқы сондай емес, халқы қандай болса – Президенті де сондай» деген сияқты ой орамдары соның айғағы. Режиссердің ойынша, қазір халық тойынған, тойғандықты көтере алмай, кертартпалыққа салынып жатқан көрінеді. «Семіздікті қой ғана көтереді. Біз соғыстан өттік, аштықтан өттік. Бірақ, аман қалдық. Бірақ, біз семіздікті көтере алмаудамыз. Сондықтан көшелерімізде дарақылық көп, елдер көлігімен кө.нен кейін қарай жүреді, көліктер жаяу жүргіншілерді басып кете береді, үсеновщина өршіп тұр» деген Е. Тұрсынов бар кінәні халықтың өзіне арту деген тамаша позиция тауып алған сияқты. Бір қарағанда өткір сын айтып жатқан сияқты көрінеді. Алайда, ол сын тиісті жерлерге, тиісті тұлғаларға емес, қарапайым халықтың, сол үсеновщина, жемқорлық пен әлімжеттіктің құрбаны болып отырған бұқараның өзіне бағытталуда. Осыған қарап, бірнеше фильм түсіріп, аты біраз жерге танылған режиссеріміздің өзі «семіздікті көтере алмай» жүрген жоқ па деген сұрақ туады. Қайрат Нұртасты тыңдайтын - қазақ, Заттыбектің де сенетіні - қазақ. Ал, олар маймыл, бандерлогалар болса, Ермек Тұрсыновтың өзі кім?

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар