ҚЫТАЙ ЕЛШІСІ ӨЗ ЕЛІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДА ЕШҚАНДАЙ АРАМ ОЙЫ ЖОҒЫН АЙТЫП АҚТАЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170709025952910_small.jpg

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты өткізетін Орталық Азиядағы қауіпсіздік жөніндегі дәстүрлі конференцияға қатысқан Қытай халық республикасының Қазақстандағы елшісі Ханьхуэй Чжан Қытайдың Орталық Азиядағы мүдделері ешқандай да пайдакүнемдікке негізделмегенін, ортақ мақсаттарға бірлесіп жетуді ғана көздейтінін айтқан.

Атап айтқанда, шығыстағы көршіміз терроризммен күресте аймақ елдеріне тигізер көмегіміз көп деп санайтын көрінеді.

«Терроризм – адамзаттың ортақ жауы және оған екі түрлі стандарттар қолдануға болмайды. Террорризммен күресті мүдделі елдің ішкі ісіне араласпай, егемендігіне нұқсан келтірмей жүргізу қажет. Біздің (Орталық Азияда) ықпал ету аймағын құру ниетіміз жоқ. Біз бұл аймаққа ықпал етуге таласпаймыз. Біз пайда қумаймыз. Барлық әріптестік өзара тиімді негізде, осы елдердің мүдделерін сақтай отырып жасалады. Біз осы аймаққа қатысты бейбітшілік саясатын да осылай жүргізетін боламыз», - дейді Ханьхуэй Чжан.

Орталық Азиядағы қауіпсіздік, терроризммен күрес мәселелерін сөз ете отырып Қытай елшісінің өз елін ақтай сөйлеуі тегін емес. Осы күнге дейін жер реформасына наразылық шаралары барысында Қытай экспансиясы, шығыстан төнген қауіп жайы өте көп айтылды. Жер шетелге беріледі деген бастама дереу қытайға беріледі деп түсінілді және ол негізсіз де емес еді. Ел ішіндегі саяси-қоғамдық ахуалды мұқият қадағалап отырған Қытай тарапы осы ретте ресми мінберді пайдаланып ақталып қалуды, қазақстандықтар арасындағы үрейлі күдікті сейілтуге тырысып қалатыны түсінікті.

Жиынды ұйымдастырушы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Ерлан Қарин де Қытай елшісінің сөзіне дем беріп, Қазақстан халқының шығыстағы көршісінен қорқауыена негіз жоқ дегендей сөздер айтыпты.

«Ұзақ уақыт бойы біздің елдеріміз энергетика және ресурстар өндіру саласында әріптестік орнатып келді. Қазір қытайлық кәсіпорындарды Қазақстан аумағына көшіру бағдарламасы аясында 51 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұлардың дені экономиканың өңдеуші салаларына қатысты», - деген Е. Қарин Қытайдан «көшірілетін» кәсіпорындардың шын мәнінде жаңадан іске қосылатын жобалар екенін айтады.

«Екі жақты әріптестіктің артуына байланысты қытай бизнесінің біздің республика аумағына енуі ұлғаюда. Бірақ, оның көлемі қауіптенетіндей немесе қандай да бір экспансия туралы айтатындай деңгейде емес», - дейді Ерлан Қарин.

Одан әрі саясаттанушы қазір Қазақстанда 2016 жылдың басында Қытайдың қатысы бар 2500 компанияның болғанын, оның 500-і қазақ-қытай біріккен кәсіпорындары екенін, жалпы шығыс көршіміздің елдегі қызмет ететін шетелдік компаниялар ішінде бесінші орын алатынын айтқан.

Қариннің пайымдауынша, Қытайға қатысты ел арасындағы көңіл-күй көп мағлұмат білмегендіктен қалыптасып отырған көрінеді.

«Орталық Азия елдерінде аймақтануды дамытудың маңызы зор. Көп сарапшылар Қытайдың Орталық Азиядағы рөлі туралы айта келе оның экономикалық позициясы жаңа активтер тарту, энергетика саласында ірі жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде нығайып келе жатқанын айтады. Біз бұл процесті «Орталық Азиядағы еңбекті бөлісу сценарийі» деп атадық. Мұнда Ресей қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер алса, Қытай қаржылық донор және инвестор рөлінде көрінеді. Бұл – аймақтағы геосаяси трентерді барынша қарапайым түсіндіру», - депті Е. Қарин.

Қазақстанның бас стратегиялық зерттеулер институты басшысының бұл сөздері отан мүддесі тұрғысынан әлдебір саяси мақсат көздеп айтылған болса ештеңе емес. Ал, егер биліктің жер реформасы, қытайлық компаниялардың ел ішіне дендеп еніп, өз заңдарын орнатуы сынды бірқатар өзекті мәселелер өзегін өртеген халыққа кезекті «түсіндіру» жұмысының көрінісі болса, қайтеміз?

Қатысты Мақалалар