Қарағанды облысында Сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылғандар саны артып отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Дәрігерлер облыстың Шет ауданында жеті тұрғынның инфекциялық ауруханаға жатқызылғанын, екеуінің өткен түнде көз жұмғанын хабарлады.
«20 маусым күні Қарағандының инфекциялық ауруханасына Шет ауданынан жеті адам инфекциялық ауру жұқтырды деген күдікпен жеткізілген. Науқастардың жасы 23-50 жас аралығында болды. Жеткізілгендердің екеуі инфекциялық шок жағдайында болған. Түнде ол екеуі қайтыс болды», - дейді Қарағанды облыстық денсаулықсақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.
Қайтыс болғандардың бірі 33 жастағы әйел, екіншісі – 50 жастағы ер кісі. Қазір инфекционист дәрігерлер науқастардың диагнозын анықтау шараларын жүргізуде.
«Бактериологиялық зерттеулер бір-екі тәулік ішінде дайын болады. Осының негізінде ақырғы диагноз қойылады. Қазір Шет ауданында санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізілуде. Ветеринарлық қызмет жұмыс істеп жатыр», - дейді А. Иса.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында да екі адамның Сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылғаны хабарланған болатын.