Көлік тұрағына темір тұлпарыңызды қойып, ақысын төлемесеңіз, жауапкершілікке тартылып, 6 мың теңгеден астам айыппұл төлейсіз! Қала билігі Алматы көшелеріне паркоматтар орнатып, тұрақтардағы жағдайды реттеу үшін осы мәселені мықтап қолға алыпты, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Алайда әзірге бір көшеге 3-ақ терминал орнатылып, оның екеуі жиі істен шығады екен. Ал ел жалғыз паркоматтың алдына келіп кезекке тұруға мәжбүр.
«Көк базардың» көлік тұрағында «көк» жейде киіп жүретін жігіттер кешелі бері көрінбейді. Жұрт темір тұлпарларын тегін тұраққа қоятын болдық деп қуанып жүр еді, бірақ бұл қуаныштары көпке созылмады. Тұрақтың ақысын енді тұрақ қызметкерлері емес, мына паркоматтар қабылдайды екен. Кеше ғана іске қосылған бұл терминалдар, бүгін жұртты жалықтырып үлгерген.
Осылай деген жүргізушілер тұрақтың ақысын қалай төлеу керек екенін түсіне алмай біраз әбігерге түсті. Ал мына жігіттердің жағдайды әрбіріне жеке-жеке тәптіштеп түсіндіргуе уақытары да, шыдамдары да жетпеді.
- Көліктерін ақылы тұраққа қойғаннан кейін әрбір жүргізуші мынандай паркоматтардың қасына келіп келесі операцияларды жүзеге асыруы тиіс: Ең әуелі жүргізуші өз көлігінің мемлекеттің нөмірін осы терминалға теріп тіркеуі керек. Одан кейін ақысын төлеуге міндетті. Алғашқы 15 минут тегін. 1 сағаты 100 теңге. Тұраққа ақысын төлемейтін болсаңыз 3 АЕК көлемінде айыппұл арқалайтын боласыз. Мұндай паркоматтар қаламыздың әзірге бір көшесінде ғана орналасқан. Олардың саны қазір үшеу. Ал шілденің соңына дейін мұндай терминалдар мегаполистегі 9 ірі көшеде пайда болады.
Атап айтсақ, Нұрлытау бизнес орталығы, сауда қақпасы атанған «Барахолка» маңында паркоматтар пайда болады. Сонымен қатар Достық даңғылында, Гоголь көшесі, Жібек жолы, Пушкин және Мақатев көшелерінде дәл осындай терминалдар орнатылады. Жағдайды қала әкімшілігі және ,құзырлы органдар жіті бақылауға алыпты. Егер әдейі ақы төлемей кетсеңіз әкімішлік жауапкершілікке тартылып, 6363 теңге төлейсіз.