Үкімет дін жолындағы шенеуніктерді неге бақыламайды?

/uploads/thumbnail/20170709032039656_small.jpg

Жуырда қала маңындағы бір ауылда тұратын танысым қонаққа шақырды. Жиырма шақты кісі келіпті. Дастархан басында жиналғандар түрлі тақырыпта әңгіме қозғап, естеліктер айтып дегендей, пікірлесіп отырды. Тек менің жанымда отырған жасы қырықа таялған еркек қана кіргелі аузын ашпады. Тіпті жұрт ара-арасында көңіл көтеретін әзіл айтып жатқанда да әлгі кісі бір жымимады. Той тарқағанда үй иесі қаладан келген екі-үш қариямен бірге мені де әлгі еркектің машинасына салып жіберді.

Еркектің атын Ержан дей салайық (мәселе аты-жөнінде емес қой), бір көшеден бұрылған соң бәрімізді түсіріп, «Мен намаз оқып келейін, бес-ақ минут қой» деп кетіп қалды. Жасы 65, 70 және 80 жасар үш қариямен бірге көше шетінде біз Ержанды бес минут емес, тұп-тура екі жарым сағат күттік. Тұра-тұра әбден шаршаған соң такси ұстап кете берейік десек, көлік жиі келмейтін ауыл қойнауы екен. Оның үстіне «міне келіп қалады, міне келіп қалады» деп, тұра бердік. Мені қойшы, ақсақалдардан ұят болды. Бір кезде бір ақсақал «Бір ай бойғы намаздарын жинап оқып жатыр ма? Басында бірден айтпай ма? Басқа көлік ұстап кете беруші едік қой» деп ренішін білдірді. Екі жарым сағаттан соң «шопырымыз» келді. Қариялардан кешірім де сұрамаған Ержан намаздан соң уағызшылармен бірге болғанын айтты.

Содан кейін Ержан көлікті оталдыра сала Құранды ашып қойып, оқып отырды. Машинадағы қариялар «Қарағым, қайда істейсің? Құранды шынымен де оқи аласың ба?» деген сияқты сұрақтар қойып жатыр. Әлгінде үш сағат бойы аузын ашпаған Ержан көсілді-ай дейсің. Өзі заңгер мамандығы бойынша бірнеше дипломды, қалада үлкен бір мекемеде лауазымды тұлға екен. Дін туралы сөйлеп отыр. Алпыстан асқан ақсақалдар не ойлағанын білмеймін, мына шенеунік молдадан асып түспесе кем емес дедім ішімнен.

Содан қалаға кіре бергенде бір қария түсіп қалды. Екі-үш көше өткенде екеуі «үйімізге жеттік» деді. Машинада мен қалдым. Ержан ислам туралы әңгімесін одан әрі жалғады. Бұл шенеуніктің діни әңгімелері бұрынғы естіп жүрген дін өкілдерінің уағызынан да үрейлі көрінді маған. Ержан енді маған тиісті. «Қарындасым, әурет жерді жауып жүру керек» демесі бар ма? «Қолымның ұшы мен шашымнан басқа жердің барлығы онсыз да жабық қой. Бұнысы несі?» деп қойдым да әрі қарай тыңдауға көштім. Арап тарихындағы дін өкілдерінің өмірін жатқа білетін заңгер бұл жолға арап тілінің курсына барып жүріп түскен көрінеді. Сондағы сабақ берген мысырлық мұғалім әсер етсе керек. Әсіре діншілдік ауанындағы үгіт-насихатын қысқа жолда санама сіңіріп қалғысы келді ме, тоқтамай сөйледі. Айтып-айтып келіп, қара киімге малынған қазақтың қыз-келіншектері мен дамбал киіп, сақал жіберген теріс ағымдағы діншіл жігіттеріміздің жүріс-тұрысын өте дұрыс деп есептейтінін айтты. «Осы соғыс өрті тұтанған елдерге талай қазақ қызы қара киінген соң кетіп жатыр ғой. Қараға малынбай-ақ мұсылман боп өмір сүруге болады ғой» деп едім, заңгер шенеунік уағызды тіптен төпелетті. «Қара киінсе де, бет-аузын тұмшалап алса да бұл Қазақстан Республикасының азаматының өз құқығы» деді, мен сол қараға оранғандарды жауапқа тарту керек деп жатқандай-ақ.

Содан кейін «Жер бетінде негізгі тіл — араб тілі, бәріміз осы тілді жақсылап меңгеріп, болашақта арапша сөйлеуіміз керек» демесі бар ма? «Қазақ тілі ше?» дедім. «Сіздікі дұрыс емес» деді маған. — «Дүние жаратылыстың о басында арап тілі шыққан. Басқа тілдерді мойындамаймын». Лауазымды шенеуніктің миы арап идеологиясымен әбден уланғанын білдім. «Тілінен, ұлттық дәстүрінен безініп, қара киініп, сақал жіберіп дегендей (мәселе сақалда да емес) арап менталитетін толық сіңіріп, ақырында джихад жолына түскендерді қайтесіз?» дедім. Шенеунік «Джихад әркімнің өзінен басталады» деп, о дүниедегі ғаламат жұмақ үшін, Алланың ризалығы үшін джихад қажет екенін айта бастағанда аялдама көрінді. «Мен осы жерден түсетін едім, жеткізіп салғыныңызға рахмет!» деп, көліктен түсіп қалдым. Артыма қарап едім, шенеунік мінген шет елдік қара автокөлік Сирияға қарай кетіп бара жатқандай елестеді.

Заң мекемесіндегі лауазымды шенеуніктің жұртқа уағыз айтуына бола ма? Ал арап идеологиясын насихаттауға ше? Үкімет неге шенеуніктерге осы тұрғыдан бақылау қоймайды?

Дана Қамшыбек 

Қатысты Мақалалар