Мені әке-шешем құмар ойын тұрмақ жай ғана ойынның өзіне жолатпай, өте қатал тәрбиеледі. Балалар жиналған жерде қол ұстасып, мэнко, нэцуки, бай деген ойындарды ойнайды ғой? Кішкене күнінде кім де болса осы ойындарға қатысты емес пе? Ал маған ойын құралдарына да қол тигізуге рұқсат етпейтін.
«Құмар ойын адамды құртады, оған еш қызығушы болма!» деп отырушы еді әкем. Ол маған өте қатал қарады. Әкем ақылды батырып айтатыны сонша, жүрегімнің түкпірінде құмар ойынға деген жек көру сезімі есейген сайын ұлғая берді. Бастауыш мектептің өзінде балалар мэнко (балалардың суретті карта ойыны.– Ш.Ж.) ойнай бастаса, әлгі жерден кетіп қалатынмын.
Әкем неше түрлі күнәлі әрекеттердің арасынан неге құмар ойынды ерекшелеп, сонша жамандайтынын он үшке толғанда түсіндім. Біздің үй мен ес білгелі кедей, 1 чоу (0,992 га. – Ш.Ж.) егістіктен алынатын азғантай түсіммен барлығы төрт адам әрең күнелтуші едік.
Шамасы, бастауыш мектептің бірінші сыныбына қабылданған жылы болар, оқушылар екі күндік саяхатқа баратын болды. Танымдық саяхаттың не екенін бастауыш мектепте бір рет болса да бастан өткергендер біледі деп ойлаймын. Мен «ертең бәлен аймаққа қыдырамыз» дегенді ести сала қуаныштан алақайлап, үйге жүгіріп жеттім. Ата-анама айтып едім, «бара ғой» демеді.
Қазір ойласам, ол кезде саяхатқа төленетін 3 иен біздің үй үшін ауыр жүк екен ғой. Отбасының бір айлық табысының тең жартысына тең үлкен ақша емес пе?! Мен ол жағын ойлап та жатпадым, әке-шешеме олай да жалындым, былай да жалындым. Бірақ еш нәтиже шықпады.
Ертең жолға шығамыз деген күні кешке мектептегі мұғалімге «бәлкім, бара алмаспын» деп ескерттім, бірақ үйге келгенде саяхаттан қалғым келмей, әбден мазасыздандым. Қайткенде ақша алуым керек деп, әке-шешемнің жанында қыңқылдап тұрып алдым. Ақырында екеуінің ығырын шығардым білем, олар бақырып-шақырған маған қарамай, ұйқыға жатты.
Мен саяхаттайтын топтан бөлініп қалғаныма арланып, әкемнің бас жағында еңіреп отырып алдым. Бір кезде әкем көрпені серпіп тастады да, төсектен атып тұрып, маған тесіле қалды. Бірақ әкемнің жүзі ашуланған емес, қиналған адамның түрі еді. Жанарынан жас ытқып кетердей жыларман халде.
— Саған көп нәрсе керек, ә?! Мен де адамға керектінің бәрін саған жасап бергім келеді. Бірақ жоқшылық құрғыр қолымды байлап тұр. Маған кінә артпа. Кінәласаң өзіңнің атаңды кінәла. Бұл аймақтағы байлығы жұрттан асқан әулеттің осынша құлдырап кетуі сол атаңның кесірінен болған іс. Атаң құмар ойынға соңғы тиынына дейін салып жіберген...
Әкем бәрін ақтардым-ау дегендей үнсіз қалды.
Атам біздің әулеттің асыранды баласы екен, отыз жасына дейін түзу адам боп, содан ойда жоқта құмар ойынның дәмін татып, ақыры оңбай жеңіліп, бар жиған-тергенін желге ұшқандай шашып жіберіпті. Осы аймақтағы Чйоугороу деген ойынхана иесінің үйінен шықпай, біреу «бәлен жерде ойынхана ашылды» десе, 5 ри, 10 ри қашықта болса да жетіп баратын, құмар ойынға жан-тәнімен берілген адам болыпты. Жеңсе де, жеңілсе де күлімсіреген күйінен танбайды екен. Өзі бай, өзі мырза болған соң оны ойынхана иелері жалпақтап төрге отырғызыпты. Ақырында сол ойынхана түбіне жетіп, егістігін 1 чоу, 2 чоудан сатып бітіріпті. Ақырында байтақ жерді алып жатқан егістігінен түк қалмапты. Беретін зат таппағанда ойынханаға әжемнің тарағы мен шаш қыстырғышына дейін апарған деседі.
Атамның дінге бет бұрып, құмар ойынды тоқтатқан кезі алпыстан асқан шағында болса керек. Оған дейін дүние-мүліктің түгін қалдырмай тауысса да азғындығын қоймай, ойынханаға кіре алмай қалған күннің өзінде ат айдаушы мен қара шаруаларды жинап алып ойнайды екен. Әжем мен жиырма беске келген әкем көз жастарын төгіп тұрып жалынса да қоймапты.
Атамның азғындығынан ұзақ жылдар азап көрген әжем дүниеден озарда қол қусырып тұрып: «Сен басқарған Кацушима әулеті барынан айырылып, шаруа болып қалуы тағдырдан болар, өкінгенмен пайда жоқ. Енді бұл дүниеден сенің «Құмар ойынға ешқашан жоламаймын» деген уәдеңді естіп кетсем деймін. Мен сенің азғын әрекеттеріңнен ұзақ жылдар азап шектім, артымды қалатын Соутароу мен Оминэ (әкем мен шешем) сол қиындықты көрмесе деймін. Бұл менің соңғы тілегім!» деп, бірнеше рет қайталапты. Содан атамның құмар ойынға құмарлығы сап тыйылыпты.
Атам алпыстан асқанда баласымен бірге кезінде бөтеннің қолына өтіп кеткен өзінің жерін жалға алып, өмірінде істеп көрмеген қара жұмыс атқарады. Бұған дейінгі өмірін қызық қуумен өткізген шал қол еңбегіне шыдасын ба, екі жыл өтпей сынған бұтақтай морт етіп, өліп кетіпті.
Атамның өмір бойы беріліп, ет пен сүйегіне дейін сіңіп кеткен азғындықтан ажырауы оңай болмаған ғой, құмар ойынды тастағанда бірден алжи бастапты. Ұмытшақтыққа ұрынып, кейде егістікте жұмыс істеп жатқанда кетпенін тастай сала, ойға беріліп, тұрып қалатын көрінеді. Бұндайда жас уақытында картаға 500 рйоу, 1000 рйоу салған кездері, үйіріліп түскен сайкоро тасы есіне түсетін болуы керек.
Әйткенмен әжем дүние салғаннан кейін атам құмар ойын ойнамайтын болыпты. Бірақ бір рет ойнапты, бұл – атам дүниеден озардан бір ай бұрын болған оқиға. Анам егістікте жұмыс істеп жүрген атама тамақ апарыпты. Қараса, егіні жиналған алқапта кетпен ұстап жүрген атам көрінбейді. «Бәлкім, егістік маңындағы үйілген сабанның үстінде күнге қыздырынып жатқан болар» деп, сол жаққа барып қараса, ойлағанындай-ақ атамның даусы естіледі.
«Бұл жолы мен жеңдім!» деп, атам қарқылдап күліпті дейді. Бұл дауысты естігенде анамның жүрегі дір ете түседі. Анамның көзіне атамның құрдымға кеткен өмірі елестеп, тұла бойы түршігіп сала береді. Бірақ сабыр сақтап, кіммен ойнап отыр екен деп, дыбысын білдірмей жақындап барып қараған ғой.
Сөйтсе, күн қыздырған сабан үстінде атасы мен бес жасар немересі тізерлеп отыр дейді. Анам «Бұлар не істеп жатыр?» деп қарап тұрады. Сонда атам үйілген сабан арасынан бір талын суырыпты дейді. Немересі де бір тал сабанды суырып алып, екеуі ұзындығын салыстырыпты. Атамның сабаны бір сун (3,03 см) ұзын екен.
«Бұл жолы да мен жеңдім, ха-ха-ха!» деп, атам одан сайын қарқылдап күліпті дейді.
Атамның қарсылас ретінде ең соңғы жеңгені — немересі мен екем.
Кикучи Кан
(1888 –1948),
Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева