Шымкенттік тілші мен Төреғали Төреәлі арасындағы даулы видео барлық әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның қызу талқысына түскен болатын. Осыған орай, әнші әрі экс-айтыскер ақын Төреғали Төреәлі тілшіге өлеңмен жауап берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Әнші тілшіге арнаған жауап-өлеңін инстаграм парақшасында жариялады.
Журналист қыз, жөніңді біл…
Бос сөзбен былғамайық көңілді бұл,
Бір сәтте өте шығар өмір-дүбір.
Өз қолым, өз тұрысым, өз ұятым,
Журналист қарындасым, жөніңді біл!
Сен емес көңілімді күйрететін,
Сыйластық өз-өзіңді сыйлы ететін.
Үйретпе, үйренбеген дүниемді,
Əкем мен анашым бар үйрететін.
Алдымен ақылменен өлше тілді,
Ел-жұртқа көксегенің көрсетілді.
“Қолыма” тиіскенге қарағанда,
Қолыңнан келетіні сол секілді!?
Сенсация жасағаның барға мəлім,
Ол сенің – жалған кейпің, жалған арың.
Қарындас, қой ондайды,саған айтам,
Тыңдасын шу шығарған арналарың!
Бəрібір бұл ісіңнен түк таппадың,
Ал қолға өз-өзіңді мықтап, ханым.
Себеп жоқ жар салардай жұртқа жайып,
Керек жоқ су татитын сұхбаттарың!
Мейлі, бұл Төреғали жынды болсын,
Тек елге көрсетіңдер нұрлы жол шын.
Қолыма тиіскенше үйреніңдер,
Сендерге “Ұлттық арна” үлгі болсын!
Жарайды,несіне сөз шығындаймын,
Əдепсіз арналарға ұрынбаймын.
Қолымнан микрофон түскенінше,
Жолымнан Алла берген жығылмаймын!!
ТӨРЕҒАЛИ ТӨРЕƏЛІ, - деп жазды әнші.
Шымкенттік тілші Мақпал Рысбаева да әлеуметтік желіде болған оқиғаға қатысты пікір білдірген.
«Мен тағы болған жайды баяндаймын. Өлендеп асыра сілтеу маған жат. Мен сұқбаттың басында дұрыс фонга қойып қолыңды түсіре ғой деп, бұл көріністің эфирде жаксы шықпайтынын айтқым келген. Өрекпіп мұрша бермеді. Команда берді деп ойлап котеріліп кетті. Мен содан кейін ғана дауыс көтеріп түсіндіруге мәжбүр болдым. Бары сол. Ел алдында жүрген соң орнымызды білейік. Пікір айтсаңыз да орынды болғай» – деп пікір қалдырған тілші.
Айта кетейік, Төеғали Төреәлі Шымкенттегі кілем фабрикасына қонаққа барып, жергілікті тілшімен тіл табыса алмай қалған болатын.