Қазақ пен Өзбек - түріктің "тете балалары" секілді

/uploads/thumbnail/20170708151820402_small.jpg

     Қазақстан мен Өзбекстан бұрынғы посткеңестік Орталық Азия мемлекеттері арасында көш бастап тұрған мемлекеттер. Осы өңірдегі геосаяси жағдайлар міндетті түрде осы екі елдің араласуымен іске асады. Тарихи тұрғыдан алып қарасақ,  бұл екі елді түп-тамыры бір туыс халықтар мекендейді. Қазақтар мен өзбектер өзара тату болса, онда "Орта Азия Одағы" құрылуы әбден мүмкін. Бірақ, өкінішке орай, екі елдің арасындағы қарым-қатынастар біздің туыстық тамырымызға сай өрбімей отыр. Әрине, оған халықты кіналауға болмас. Негізінен, халықтың көзқарасы елдегі идеологиялық бағытқа сай қалыптасады. Содан болар, екі ел басшыларының арасындағы салқындық қарапайым адамдардың да көзқарастарында көрініс тауып отыр. Мұны анда-санда ақпаратттардан байқап қаламыз. Мысалы, біз "өзбектер "Алпамыс" жырын иемденіп кетті" деп ренжиміз, ал олар болса "Әл Фараби өзбектің ойшылы" дейді... Әйтеуір бір үйдің тете балаларының арасындағыдай таусылмайтын кикілжің... Мұның тарихы тереңде жатыр. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін, олар күшейіп, 10-15 жылда қазір біз "көшпелі өзбектер" деп атайтын Өзбек ханның ұрпақтарының ұлысын алды. Олар ығысып Хорезм кетті де, сол жақта Қазақ хандығымен дәрежелес болатын Өзбек хандығын құрды. Уақыт өте келе бұрынғы туыс тайпалар бірі - қазақ, бірі - өзбек аталып, ортаазиялық екі ұлтты құрады. Бірақ, оңтүстікке кетіп, парсы тектес мәдениетпен (мысалы, тәжіктер) араласа бастаған көшпелі өзбектер отырықшы халыққа айналып, өзбектер мен қазақтар арасындағы діл мен дәстүр біртектілігі шайылды. Физиологиялық өзгерістер де үздіксіз жүріп жатты. Бірақ тарихи жады ол халықтардың түбі бір екенін үнемі еске салып отырды. Сондықтан шешуші мәселелерге келгенде қазақтар "өзбек өз ағам" деген тоқтамға келуші еді... Бірақ билік пен саясат деген сайқалдар бар өмірде. Солар араласқан жерде өзбек пен қазақ арасы суып та кеткен кездер болған. Оған Қоқан хандығының зорлық-зомбылығы, Хиуа хандарының Талас аймағына жорықтары, қазіргі артефактан - Хиуадағы қазақ батырларын шынжырлап ұстаған зынданды да айтуға болар еді... Қазақтардың да қарап қалмағаны белгілі, әрине... Әйтсе де, оның бәрі тарихта аңыз бен ақиқат күйінде қалды. Қазір біздің арамызда екі халықты бір-бірімен өштестіріп қоятындай ешбір негіз жоқ. Тіптен, КСРО кезінде өзбектің де, қазақтың да "қанын қыздыратын" "Қайрат" пен "Пахтакор" футбол командаларының өзара кездесілері де өтпейді бүгін. Бүгін біздердің әрқайсымыз тәуелсіз мемлекеттер ретінде өзіндік бағытымызбен келе жатырмыз. Сонда да, алғашқы он-он бес жыл бойы бұрынғы қарқынмен "іштей текетірес" жағдайында тұрғанымызды жасырып неғылайық. Бірақ сыртқы күштердің біздің елдерге деген ашкөз пиғылы анықталған сайын, екі ел арасында "өзара бірігу" идеялары пісіп-жетіліп келеді. Ол қажеттілік қарапайым халықтың санасында да, мемлекетаралық ресми қарым-қатынаста да көрініс таба бастады. Бірақ оның жүзеге асуы үшін талай кедергілерден өтуге тура келеді. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Өзбекстан көрші Ресейге қатысты алғанда екі түрлі бағыт ұстап отыр. Егер бұл мәселеде Өзбекстан жағы Қазақстанның Ресеймен қатынасына түсіністікпен қарамаса, Қазақстан Ресей мен Өзбекстан арасындағы "жұмсарту" (амортизатор) міндетін атқаратынын мойындамаса, Қазақстан Өзбекстанның Ауғанстанмен арадағы "жұмсарту" міндетін атқаратынын мойындамаса және т.с.с. көптеген жағдайда өзара құрмет пен түсіністік болмаса - жағдай оңалмайды. Менің атап айтарым, кейінгі кезде екі ел өкілдері арасында "тұрмыстық шовинизм" ұшқыны пайда бола бастады. Мысалы, өзбек боксшылары жеңіске жете қалса - қазақтарға трагедия және керісінше... Олимпиадаға барсақ та өзбек пен қазақтың өздерінен басқа қарсыластары жоқ сияқты көрінеді. Бұл жалған идеологияның жемісі, әрі, бізге ешқашан пайда әкелмейтін идеология! Сондықтан, біздің екі ел, ең алдымен, ешқайда жалтақтамай, тек өз арасында "мәңгілік бір қағиданы" бекітіп алулары қажет, ол - "біз әлемдегі ең жақын, туыс, бауыр халықпыз" деген. Содан кейін екі ел арасындағы араласуды тек осы принципке негіздеп, идеологияны да осылай бағыттаған абзал. Мына ратификацияланған заң соның көрінісі. Мен сұрар едім: "Неге оны ратификациялау бүтінде бір жылға жуық шегеріліп келді?" деп. Бұндай заң келесі күні қаралуы тиіс болатын, әрине, егер жоғары принциптер үстем болса... Сонымен қатар, біз туысқан халық ретінде мына бір мәселені де анықтап алуымыз қажет: мысалы, жоғарыда айттық, "Алпамыс" жырын өзбектер "алпамыш" деп меншіктеді деп... Ал олай - "меншіктеді" деп айтуға екі халықтың да құзыры жоқ екенін ескермейміз. Жоғарыда айттық - қазақ пен өзбек ұлттарының тарихи алаңда пайда болуы уақыт жағынан белгілі деп. Ендеше тарихта не "қазақ", не "өзбек" пайда болмаған замандағы құндылықтар, батырлар, ақындар, ойшылдар қалайша "қазақ-өзбек" бола қалады? Осы жағынан келісіп, ол артефактлерді тек территориялық пайда болу жағынан ғана иеленуіміз тиіс. Ал ол құндылықтар екі халықтың, жалпы түркі мәдениетін ортақ алтын қазынасы деп дәріптелетін болсын. Біз бір-бірімізді итермей, қайта құшағымызды ашуға үйрене беруіміз қажет - түстік жақтан сырғып миллиард Қытай, терістік жақтан орыс, ал төбемізден Еуропа мен АҚШ енуге әрекет етіп жатқанда!

Әбдірашит Бәкірұлы,философ

Қатысты Мақалалар