Кедендік одақ: Аю, аюдың қонжығы және қой

/uploads/thumbnail/20170708151820866_small.jpg

   Порталымыздың хат  қоржынына  ерекше материал  келіп  түсіпті. Онда қазіргі  саясаттың "серке" елдерін  мифтік түсініктер мен аллегориялық кейіпкерлерді кірістіре отырып  сипаттапты.  Ғасырлар бойы халықтар тотемдік түсініктерге  сеніп келсе де, қазіргі кезде  бұл құбылыс санадан алыстап,  қалыс  қалып  бара  жатқан секілді.  Ал, келесі мақалада сол түсініктер қайта жаңғырып, қазіргі заманға сай жаңаша қырынан көрінеді.   .

    Әр халық өзін бір жануарға ұқсатады. Мысалы, қытайлар өздерін – айдаһарға теңесе, орыстар өздерін – аюға теңейді. Ал қазақтар ше? қазақтар өздерін    қойдай момын халықпыз деп алып, кейде  жылқыға да теңейді. Бірақ бұрын солай болғанбыз, қазір емес деп. Қарап отырсақ, қытай да, орыс та өздерін жыртқыш, ет қоректі аңдарға теңейді екен. Кез- келген сәтте жыртқыш аңнан қауіп күтуге болады. Ал, қазақты өзі қызыл кітапқа еніп, тұқымы құруға айналған мысық тұқымдас барысқа теңеуді  кімнің, қайдан ойлап тапқанын түсінбедім. Қазақтың аңыз-ертегілері, ұлттық ой- санасында кейде көкбөріге (қасқырға) теңеу бар. Бірақ, бұл тек қазақ ғана емес, түркі халқына ортақ немесе түрік халқының шығу тарихында кездесетін мифтік аңызға байланысты айтылған – аңыз-әңгіме. Түркі халқы – ортақ бір ер түрік болып бір ту астына ұйысқанда ғана,  қолданылатын теңеу деп ойлаймын. Сонда  түсініксізі - кедендік одақ немесе Еуразиялық одаққа кіргенде біз кіммен одақ болмақпыз? Үлкен темір торға, үлкен темір табақ қойып оны асқа толтырып аю (Ресей), аюдың қонжығы (Белоруссия), қой үшеуін қамап қойып,ортақ игіліктен тең дәрежеде ортақ пайдаланып, мәңгілік уайымсыз бақытты өмір сүріңдер деу, қаншалықты ақылға сияды? Әрине, мұндай жағдай әлемдік тәжірибеде  кездеседі. Мысалы, Еуроодақ ішінде:  жолбарыс, ши бөрі, түлкі, мүйізді сиыр, елік, қоян несін айтасың  бәрі бар. Ортақ бір цирк алаңында, қожайынының (Америка) қатаң бақылауы мен жетекшелігінде тең дәрежеде бақытты өмір кешуде.  Бұл бақытты өмір олардың ұзақ уақыттық (бірнеше ғасыр) үйрету мен тәрбиелеу барысында әзер жеткен ортақ құндылық немесе еуропалық цирк алаңы (еуропалық өркениет) деп аталады. Ал  біз ше? Азияның кең сахарасында еркін жайылып жүрген қойды апарып, Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін орманынан басқаны көрмеген цирк деген өңі түгіл түсіне де кірмейтін циркке апарам десең, өзге мен қоса өзін де жарып тастауға даяр тұратын жабайы сібірдің жыртқыш аюы мен оның қонжығын бір қораға момын қой мен  қосақтап қойып, әлемдік тәжірибеде әлі кездеспеген, әрі ешқашан кездеспейтін өркениетке жетем деу, білмеймін, балалардың қиял-ғажайып ертегілерінде кездеспесе, шынайы өмірде іске асуы тіптен мүмкін емес бос қиял деп ойлаймын. Меніңше, үштіктің ортақ қорасында қасқыр болып кірсек мүмкін аман қалармыз не қалмаспыз?! нағыз көкжал қасқыр – қорбаңдаған, икемсіз аю мен қонжығына алдыра қоймас. Қасқыр болу үшін – түркі тілдес халық бір мақсат, бір мүдде мен бір ту астына біріккенде ғана көкжал, арлан қасқырға айнала алады. Сонда ғана Азияның жабайы жыртқыш аңдарға толы орманында болсын, ортақ жемтік тасталған өркениеттен алыс, ортақ темір үйінде болсын, ешкімге жем болмай, жалтақтамай, жабайы орман заңынан қорықпай,  еркін өмір сүруге болады деп ойлаймын.

Шәріпқазы Нүртәліп

Қатысты Мақалалар