Қазақстандық танымал саясаткер Ерлан Қарин ел үкіметінің отставкаға кетуінің себептерін өзінше сараптап отыр. Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында ол Мәсімов басқаратын жаңа министрлер кабинетінде орын алуы мүмкін өзгерістер жайында да айтып берді.
Саясаткердің айтуынша, Ахметовтың отставкаға кетуі «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға тың серпін берумен байланысты. «Біз өз дамуымыздың жаңа кезеңіне, яғни стратегияны жүзеге асырудың алғашқы жылына аяқ бастық. Алғашқы бастаманың қандай болатыны, қандай бағытқа қарай бет алатынымыз өте маңызды. Менің ойымша, Ахметов басқарған үкімет осынау стратегияның жүзеге асуына қажетті деңгейде серпін бере алмады. Ал, Үкімет дәл біздің жағдайда ұйымдасқан түрде жұмыс істей алуы керек» деді Қарин. Ол бүгінде әлемдік экономикалық нарықтағы конъюктураның өзгергендігін айтып отыр. Салдарынан нақты қауіп пайда болуда. «Кері факторлардың әсері белгілі бір деңгейде тиіп отыр. Әсіресе, соңғы девальвация кезінде байқалды. Ресей төңірегіндегі жағдай, түрлі сыртқы факторлардың кері әсері үкіметтің экономикалық саясатын жүзеге асыруда өзгерістерді қажет етеді» деп түйіндеді ол сөзін. Қариннің пікірінше, Серік Ахметов басқарған министрлер кабинетінің ең басты кемшілігі – Президент Жолдауын жүзеге асыруда нақты бағдарламаларды жасай алмағанында. «Кешегі министрлер кабинетінің саяси да, экономикалық та, технологиялық та тұрғыда мүмкіндіктері мол болды. Оның үстіне, дәл осы үкімет тұсында Елбасы халыққа екі Жолдау арнады. Олардың бірінде «Стратегия-2050» айтылса, екіншісінде «Мәңгілік ел» тақырыбы сөз болды. Ахметовтың командасына Президенттің ең маңызды тапсырмалары жүктелді. Бірақ, олар өз жұмыстарын жүйелей алған жоқ. Президенттің стратегиясына жауап ретінде үкімет жаңа концепция, жоспар әзірлеуі тиіс еді. Мәселен, оның алдындағы Мәсімов басқарған министрлер кабинеті антикризистік бағдарлама жасап шығарып, оны жүзеге асыра білді. Ахметовтың командасы да дәл осылай өз бағдарламасын жасап, оны орындауы тиіс болатын. Менің ойымша, қазір Мәсімов жаңа министрлер кабинетімен Стратегияны жүзеге асыруға арналған жаңа жоспар әзірлейді. Ол сала-саланы жеке қамтитын жоспар болуы әбден мүмкін» деді Е.Қарин өз сөзінде. Саясаткер сондай-ақ, жаңа министрлер кабинетінде орын алуы мүмкін өзгерістер жайында да айтып берді. «Бұл жайында дөп басып айту қиын. Тіпті, министрлер жаппай ауысқанымен де елде үлкен өзгерістер болмайды. Мәселен, өзге елдерде министрлер кабинеті ауысса жұрт ең алдымен билікке қай бағыттағы тұлғалардың келетініне мән береді. Біздің жағдайда да үлкен өзгерістің болмайтынына сенемін. Жаңа министрлер тағайындалса да олар билікте бұрыннан жүрген тұлғалар болады. Дамудағы серпінді күшейту үшін кейбір салаларда өзгеріс болуы мүмкін. Мәселен, денсаулық сақтау және білім беру салалары» деді ол. «Президент жаңа премьер-министрді тағайындаған кезде халықаралық институттармен, сыртқы инвесторлармен өзара байланыстағы жұмыстарды күшейте түсу керектігін атап өтті. Бұл ретте Мәсімовтың өзге кандидаттарға қарағанда мүмкіндігі мол. Ол сыртқы аудиторияға – кәсіпкерлерге, халықаралық қаржы, экономика құрылымдарының өкілдеріне өте танымал тұлға. Мәсімовтың осынау байланыстары, тәжірибесі Қазақстанға пайдасын әкелуі тиіс» деді Қарин. Саясаткердің айтуынша, жаңа үкімет түрлі құрылымдарды қайта жасақтап, мүмкіндіктерді қайта қарап шығады. «Мәсімовтың бұрынғы тәжірибесінен байқағанымыз, ол жұмысты оңтайландырып, жаңғыртуға бейім. Нақты бір деңгейде жұмыс қарқынының деңгейі өзгереді. Ол бұрын министрлер кабинетін басқарған кезде жұмысқа өзін толықтай арнайтын, тіпті, тиісті демалысын да алмай еңбек етті. Ол министрліктердің барлық алқалы отырысына қатысып шыққан жалғыз премьер. Енді үкімет осындай дағдыға қайта оралады деп білемін» деп сөзін қорытты Ерлан Қарин.