Бюджеттің миллиондарын жеген лауазымды шендінің жазасы ұлғайтылды. Бүгін Алматының ауданаралық соты Шекара қызметі директорының бұрынғы орынбасарын 11 жылға соттады. Әлім Хасенов 2010-шы жылы ұсталып, қызметін асыра пайдаланды деген айыппен 4 жылға абықтыға жабылған болатын.
Бұл жолы «пара алғаны», «қызметін пайдаланғаны» және «сеніп тапсырылған мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін» айыпты деп танылып отыр. Шенеунік шекара заставаларының құрылысына бөлінген қаржыға қол сұққан. Шекара қызметінде лауазымды қызмет атқарған тұста Хасенов тендерді жеңген құрылыс компаниясы басшысымен және мемлекеттік сатып алу басқармасы жетекшісімен сыбайласып, 300 млн теңгені қалтаға басыпты. Ал құрылыс сол күйі қағаз жүзінде қалған. Бүгін сот осы екі сыбайласқа да үкім кесті. Мердігер компания басшысы енді 5 жылын түрмеде өткізеді. Ал 2 жыл жаза кесілген басқарма жетекшісін сот сол жерде-ақ рақымшылыққа іліндіріп, босатып жіберді. 50 жастағы Хасеновтың өзі болса, жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізуі тиіс.
ktk.kz