Қазақ журналистері қаламақыға қашан жариды?

/uploads/thumbnail/20170709045226018_small.jpg

Жуырда мектепте мұғалім болып істейтін филолог қыз менен «Жалақым аз. Газетке мақала жазып ақша тапсам деймін. Жалпы қаламақымен тұрмысты түзеуге бола ма?» деп сұрады. «Осыдан отыз жыл бұрынғы кезең болса қаламақыға той жасар едің. Қазір бір мақала үшін алған ақшаға досыңды кафеге де апара алмайсың. Бірақ ақша табу үшін емес, тұшымды ой, айтар пікірлерің болса, газет-журналдарға неге жазып тұрмасқа?» деп жауап бердім. Ойланып қалды.  

Иә, атақты жазушы бір сұхбатында айтып еді: «Осыдан 40 жыл бұрын кітабымның қаламақысына үйлену тойымды жасадым. Одан кейін автокөлік алдым. Тағы да қаламақыға» деп. Ол кезде қаламақысы кассаға түскен күні қаламгерлер үйіне уыс-уыс ақшамен келуші еді ғой.

Елімізде апта сайын шығатын газеттер мен айына бір жарық көретін журналдардың авторларға төленетін қаламақысы соңғы он бес жылда көтерілмеген сияқты. Мақаласы баспасөзде жарық көрген журналист 500-4000 теңге аралығында ақша алады. Оның өзі барлық басылымдарда уақытында төленеді деуге болмайлы. Республикалық басылымдардың көбісінде қаламақы негізінен өз журналистеріне беріледі. Сырттай жазатын тұрақты авторлардың қаламақысы бұдан артық емес, кем болмаса. Кейде қаламақы мәселесін қозғауға қаламгерлердің өздері мүдделі еместей көрінеді. «Айта-айта шаршадық. Қойшы соны. Әйтеуір мақаламыз шықса болды, 1000 теңге жыртығымызды жамайды дейсің бе?» деген сияқты уәж айтады.

Дамыған капиталистік елдерде free-lance журналистер қаламақымен күн көреді (ол жақта қаламақы айлық жалақыдай деңгейде, бір отбасын асырауға жарайды). Ал бізде ше? Бір газеттің немесе журналдың штаттан тыс тілшісі болып жүріп, отбасы тұрмақ өзінің тамағын асырай алмайды. Қазақ басылымдарына сырттай мақала жазып жүрген кейбір жас қаламгерлерді білемін, ата-анасы асырап отырған. Яғни жалғыз қаламақымен журналист күн көре алмайды. Тіпті әке-шешесінің зейнетақысына ортақтасып отырған жас қаламгерлер бар. Қайтеді енді, жазушылық қабілеті тасқындап тұрғанмен, кейбіреулер сияқты бизнес жасап, қосымша ақша табуға ептілігі жетпесе?

Ал кітапқа төленетін қаламақы туралы айтудың өзі ұят. Осыдан екі-үш жыл бұрын бір кездесуінде академик ақсақал Сәбит Мұқанов туралы 20 жыл бойы жазған зерттеу еңбегіне 70 мың теңге қаламақы алғанын айтып, налып еді. Жазған кітабы үшін 30 мың теңге алған ғалым, жазушылар да жүр ортамызда. Тіпті «Кітабымды шығарып бергеніне рахмет, қаламақы орнына 20 кітап алдым баспадан» дейтіндер бар. Қаламақы мәселесі қозғалса кейбір баспагерлер «Қаламақының жайын талай қозғағанбыз, бірақ заңда «қаламгерге жазған дүниесі үшін ақы төленуі керек» деген ереже жоқ. Сондықтан бұл шешуі қиын мәселе боп тұр» деген сылтау айтады.

 Әрине, сөз өнері ешқандай ақша мөлшерімен де, алтынмен де өлшенбес асыл дүние. Бірақ журналист, жазушылардың басты ісі жазу болғандықтан осы жазу оны асырау керек қой. Ұзақ жылдар зерттеп, қорытып, миын сарқып қағазға түсірген дүниесіне үкіметтің төлеген ақшасы бес-алты адамның басын қосып тамақ беруге жарамаса ғалым, жазушылар налымағанда қайтпек? Әйтеуір сол баяғы көнбістік, төзімділік, жарқын болашаққа деген үміт қана жетелеп келеді қалам ұстаған ағайындарды...

Дана Қамшыбек

Қатысты Мақалалар