Бүгін Астанада брифинг өткізген Түркияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Ұянық Түркияның түрік лицейлеріне қатысы жоқтығын айтып, Қазақстан басшылығынан елдегі қазақ-түрік лицейлерінің қызметін тоқтатуға көмек сұраған болатын, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Ресми түрде Түркия үкіметінің қолдауымен ашылған оқу орны ол – Оңтүстік Қазақстан облысында, Түркістан қаласындағы Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. ҚР аумағында жұмыс істеп тұрған, «қазақ-түрік мектебі» және «қазақ-түрік лицейі» атауына ие қалған оқу орындары біздің елдің мемлекеттік органдарына ешқандай қатысы жоқ», - деген ол аталған оқу орындарының әрі қарайғы қызметі туралы шешім қабылдау ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырында екенін айтты.
Елші Түркиямен достық қатынас орнатқан барлық елдерді төңкеріс әрекетінен кейін өздерін қолдауға шақырды.
«Төңкеріс әрекеті біздің елдің демократиялық құрылымына бағытталып қана қоймайды, ол басқа елдер үшін де ескерту болып табылады», - деді өз сөзінде Невзат Ұянық.
Ал, экономист Олжас Құдайбергенов түрік елшісінің бұл мәлімдемесін Қазақстанның ішкі ісіне араласу деп бағалап отыр.
«Елші сөзіне қарасақ, түрік билігі ҚТЛ-ға (қазақ-түрік лицейі – ред.) қысым жасауды ойлаған сияқты. Бірақ, бұл Қазақстанның ішкі ісіне араласу болып табылады. Оның үстіне, егер ҚТЛ Түркияға қатысы жоқ болса, онда олар неге ҚТЛ туралы бастарын қатырады және бізден ол лицейлерге қатысты шешім күтеді? Елшінің ойынша, кез-келген мекеме атауында «түрік» сөзін қолдану үшін рұқсат сұрауы керек пе? Егер ҚТЛ «түрік» сөзінен бас тартса, елші мырза сабасына түсіп, қазақ лицейлерін жайына қалдыра ма?», - деген О. Құдайбергенов аталған оқу орындарындағы қаржыландыру шетелдіктердің балаларын оқыту ақысын қоспағанда, 100 пайыз жергілікті бюджеттен қарастырылатынын, мұғалімдерінің де өзіміздің елдің азаматтары екенін айтады.
Экономистің пікірінше, қазақ-түрік лицейлерін жабу арқылы Қазақстан өз азаматтарына зиян келтіретін көрінеді.
Сондай-ақ, О. Құдайбергенов Түркияда болып жатқан жағдайлар біздің ішкі ісімізге әсер етпеуі керектігін айтады.
«Әлде, елші мырзаға, түрік билігіне біздің жайымыз маңызды емес пе? Олар өз мақсаттарына жету үшін біздің азаматтарымызды құрбан етпек пе? Қазір Түркияда болып жатқан жағдайлар Қазақстанға әсер етпеуі керек, керісінше, Түркияның Қазақстандағы елшісі шынымен достық пиғылда болса, осыны бірінші кезекте назарда ұстауы тиіс. Мен елшілік тарапынан біздің ішкі ісімізге араласудың кез-келген әрекеті тыйылады деген сенімдемін», - дейді экономист.