Біздің капиталистік санамыздың деңгейі «однаразовый стакан» сияқты, қысқа мерзімді немесе бір рет қана істелетін жобаларға құмармыз. Яғни көп жағдайда «галочка» үшін жасаймыз. Жастар саясаты десе көз алдымызға акциялармен флешмобтар елестейді.
Жастардың серкелері сөздің маржандарын теріп тұрып айтқанда «ее болашағымыз жарқын екен ғой» деп қаласың, бірақ істің маржандарын, өнімділігін көрсете алмай жатады. Сын түзелмей, мін түзелмейді демекші, енді осы жоғарыда аталған стереотиптерді қалай өзгертеміз?, жастардың басын біріктіретін қандай интерес табамыз? Қандай іскер серкелерді жастар саясаты мен жастар тәрбиесін дамытуға тартамыз? Сұрақта көп, жүйелі түрде істелетін шаруа да жетерлік. Бізге жаһандану кезеңінде белсенді қоғамның азаматтарын сандық та сапалық та жағынан көбейту керек. Бізде қоғамда қозғалтатын құралдармен тетіктер бар, ал соларды пайдалана білетін креативті кадрлармен ресурстар қажет секілді. Биылғы жаңа оқу жылына байланысты жаңаша өзгерістер енгізуді көріп тұрмын. Біздің жастарға тек бағыт пен үлгі беру керек.
- Ол үшін, ЖОО-мен колледждердің жастар ісі жөніндегі комитеттеріне шын мәнісінде іскер лидерлер келуі қажет. Олар креативті, өзіндік жаңа жобаларын енгізе білетін, интеграция жасаудан қорықпайтын, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жасай білетіндер қажет.
- Тәрбие ісі жөніндегі проректорлар мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының лидерлерін қолдап, өз ара тәжірибе алмасатындай алаңдарды үнемі ұйымдастырып тұру керек.
- Оқу орындарында «Талантты жастар клубын», «Жұлдызбен сұхбат», соңғы кезде жастар арасында модаға айналған Startup бизнес Club-ын, Брэйн ринг интеллектуалды клубын, Тренинг орталықтарын, Футбол клубын, КВН мен дебат клубтарын қайта енгізіп, жаңаша форматта, жүйеде жұмыс жасау керектігі көрініп тұр.
- Мемлекет тарапынан «оқу орнындағы қайталанбас үздік жоба» атты байқау ұйымдастырып, сол жобаларды және олардың авторларын бағалы сыйлықтармен марапаттап, мемлекеттік деңгейде жастар саясатына енгізу қажет. Себебі, біздің қоғамда жаңа идея мен іскер кадрларды судың бетіне шығаратын кез келді.
- Оқу орындары әлі де өндіріс ошақтарымен яғни жұмыс берушілермен толық байланыстар орнатпады. Жастар арасында жұмыссыздық мәселесі әлі де толық қамды шешілмеді. Оқу орындары жергілікті билік өкілдерімен байланыса отырып, әкімшіл ресурстардың негізінде жұмыс берушілерді оқу орындарына шақырып, «Практика арқылы Жұмысқа» атты жобалармен кездесулердің негізінде жастарды жұмыспен қамтамасыз етуді жүйелі түрде жолға қою қажет.
Елімізде тек көзі жанып тұрған, білікті, іскер жастар ғана азаматтық қоғамның белсенділігін арттыра алады.
Ескендір Құрмашев
саясаттанушы