Астанада жұқпалы аурулар ауруханасына лаңкестер басып кірді. Осындай сценариймен Ішкі Істер департаменті жаттығуын бастады. Сондықтан бүгін дабыл бойынша күш құрылымдары мен құтқару қызметтері аяғынан тік тұрып, медицина мекемесіне дереу жетті, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Қару асынған арнайы жасақ алдымен аурухананы тегіс қоршауға алды. Өйткені қаскөйлер бірнеше науқас пен дәрігерді кепілге алған екен. Сценарий бойынша, лаңкестікке қарсы жедел штаб содырлармен келіссөз жүргізіп, кепілдегілерді босатып алды. Адамдардың өміріне төнген қауіп сейілген соң, арнайы жасақ стратегиялық нысанға жасырынған лаңкестердің көзін жойып, ғимарат олардан толықтай тазартылды. Ал оқу-жаттығу жайлы Ішкі Істер департаменті алдын-ала ескерткендіктен, тұрғындар қару асынған сарбаздардың жанынан аспай-саспай өтіп жатты.