Түрік Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоған біздің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Анкара мен Мәскеу арасындағы өзара қатынасты қалпына келтіру ісінде қосқан үлесі үшін алғыс білдірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Шындығында, Ресеймен арақатынасымыздағы шиеленіс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет Путинмен кездесіп, келіссөздер жүргізді, біздің қатынастарды қалпына келтіру ісінде үлкен қолдау көрсетті. Өзбекстандағы ШЫҰ соңғы саммитінде ол арнайы елші жіберуімді сұрады, мен жібердім», - деді Ердоған екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында.
Түрік мемлекетінің басшысы елші арқылы В. Путинге жіберген хаттан кейін бұл мәселе оң бағытқа өзгерді.
«Мен мұны Ресеймен өзара қарым-қатынасымыздағы бетбұрыс деп санаймын. Сондықтан бұл мәселені шешуде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше. Өздеріңіз білесіздер, сәрсенбіде Санкт-Петербургте Путин мырзамен кездесемін. Біздің делегация кездеседі», - деп атап өтті Ердоған.
Түрік Республикасының президенті Ресеймен өзара қарым-қатынастағы ауыр дағдарысты уақыттар артта қалып, бұрынғы қатынас қалпына келетініне сенім білдірді.
«Біз Назарбаевтың еңбегін еш уақытта ұмытпаймыз. Тағы да өз атымнан, түрік халқының атынан Түркия мен Ресей арасындағы өзара қатынасты қалпына келтіру ісінде зор ықпалы үшін алғыс білдіремін», - деді Ердоған.