Осыдан жетпіс жыл бұрын АҚШ әлемдік ғылымға зор үлес қосқан немістің көрнекті ғалымдарын ұрлау операциясын жүргізген. Бұл туралы осы тақырыпта зерттеу жүргізген «Газета. ru» басылымының журналисі Владимир Гелаев өз мақаласында жазыпты.
Германияның үздік ғалымдары1941 жылы қатардағы нацистермен бірге майданға аттанған. 1943 жылға қарай ғалымдардың көпшілігі соғыста пайдаланылатын технологияларды жасау үшін елге қайтарылады. Бұл мақсатқа әрине техника саласының ғалымдары жұмылдырылады. Гуманитария саласында зерттеушілер майдан даласында қалады. Сонымен қатар иедологиялық сауатты ерекше ғалымдардың тізімі жасалады.
1945 жылдың наурыз айында Бонн университетінің дәретханасынан осы тізімнің парақтары табылыпты. Кейін оны АҚШ пен Ұлыбританияның арнайы қызметі пайдаланған көрінеді. 1945 жылдың мамыр айында Вернер фон Браунның жетекшілігімен «Фау-2» үшін жұмыс істеген неміс ғалымдарын АҚШ-қа әкету операциясы жүргізіледі. Бұл операцияның басты мақсаты неміс зерттеушілерін Кеңестер Одағы пайдаланып кетпеуін қадағалап, үздік ғалымдарды түбегейлі АҚШ меншігі ету.
Бұл операция әрине Женева конвенциясына ғана емес, түрлі конференцияларда Сталин, Черчилль және Рузвельт қол қойған келісімдерге де қайшы болатын. Сөйтіп ұрланған ғалымдар, оның ішінде Вернер фон Браун да бар, біраз уақыт құпия түрмелерде отырады. Американдықтар ғалым ұрлау ісінде 1945 жылдың шілде-тамыз айларында кеңестік оккупациялық аймаққа айналғалы отырған өңірлерде ерекше белсенділік танытқан. Майданнан жалпы 1800 ғалым эвакуацияланған. Олардың 1500 АҚШ-қа жөнелтіледі. Бұл ғалымдардың арасында алуан түрлі дертке шалдыққандары да болыпты. Бірақ соған қарамастан АҚШ оларды өз мақсаттарына пайдалана білген. Мәселен, өкпе ауруы мен обаға шалдыққан Курт Бломе АҚШ үшін биологиялық қару жасаған.
Бірақ Кеңестер Одағы ғалымдардан түгел айрылып қалды деуге болмас. Сергей Королев «Р-1» ракетасының технологиясын жасаған кезде оған Вернер фон Браунның көмекшісі болған Гельмут Греттруп деген ғалым көмектескен деседі. Гельмут Греттрупты да АҚШ әскерилері ұрлап әкеткен. Бірақ КСРО солдаттары оны қайтара ұрлаған. Ол Сталин дүниеден озғанша Тверская облысының Городомля аралында еңбек еткен.
Кеңестер Одағы АҚШ жүзеге асырған ғалымдарды ұрлау операциясына ұқсас «Скрепка» деген операцияны 1946 жылы жүзеге асыра бастайды. Бұл кезде КСРО оккупациялаған аймақтан ғалымдардың жоғалу қаупі төнеді. Бірақ КСРО аталмыш операцияны сәл кеш бастапты. Өйткені, мықты деген ғалымдардың көпшілігін АҚШ бұған дейін алып кеткен болатын. Дегенмен соған қарамастан Кеңестер Одағы әлемде алғашқы болып ғарышқа спутник пен адам ұшырды, және дүниежүзі ғылымына айтулы үлестер қосқан физика, математика, биология, химия, т.б. салаларда ірі жаңалықтар ашылып, ғылым жоғары деңгейде дамыды.
Әзірлеген Дана Қамшыбек