Айдын Егеубаев: САПАРБАЕВТЫҢ СОТЫНА ДАЙЫНМЫН

/uploads/thumbnail/20170709051627986_small.jpg

Шiлде айындағы Жер комиссиясының Астанада өткен отырысында «Алаш жолы» қозғалысының және «Нұр Отан» партиясының мүшесi Айдын Егеубаев ел азаматтары атынан нақты ұсыныс жолдаған едi. Оның мәлiмдемесi талайдың төбесiнен жай түскендей әсер еткенi анық. Себебi дерек көп. Сол деректердiң денi жер дауына, Қазақстанда жұмыс iстеп жат­қан қытайлық компанияларға, олардың қазақ жерiн қашан, қалай алғанына қатысты өрбiген. Бұрын Шығыс Қазақстан облысын басқарған, бүгiнгi Ақтөбе облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың да есiмi сол дәлел-дәйектер тұсында аталған-ды. Өз кезегiнде әкiм қоғам белсендiсiн сотқа беретiнiн мәлiм­деген еді. Жер дауының шындығын айтам деп шенеунiктiң шамына тиiп кеткен А.Егеубаев «Жас Алаштың» газетіне қытайлық компания мен шетел азаматтарының еліміздің шығысында қалай тайраңдап жүргенін тәптіштеп айтып беріпті.

Естерiңiзде болса, комиссия отырысында Айдын Егеубаев Жер мәселесi бойынша қамауға алынған барлық азаматтарды босатуды, қудалауды тоқтатуды талап еткен едi. Дегенмен бастысы, бұл емес. Ол елiмiздiң аграрлық саласында жұмыс iстеп жатқан Куан да Жунь, Ву Юанбин, Бай Либо, Ли Пинг, Чжао Фуцзию, Хан Лей секiлдi 16 Қытай азаматының атын атаған.

Және осы аты аталғандар 23 маусымда ШҚО Үржар ауданы Елтай ауылында, 24 маусымда ШҚО Шемонайха ауданы Первомайские, Зевакино, Рулиха ауылдарында, 25 маусымда ШҚО Бесқарағай ауданы Новобаженово, Балапан ауылдарында болып, егiстiктерiн аралаған. Аудан орталығы Бораста әкiммен кездесу өткiзген. 26 маусымда Павлодар облысы Лебяжий ауданы Жамбыл, Заря ауылдарында, 27 маусымда Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Оразақ ауылында, Степногорск ауданының Жалғызқарағай, Степногорск ауылдарында, 28 маусымда Қостанай облысы Талдыкөл ауданы Ленин селосында, Лесное және Анновка ауылдарында, 29 маусымда Қостанай облысы Таран, Жiтiқара аудандарында болып, 1 шiлдеде Астанада қорытынды жиын өткiзген.

Комиссия мүшелерi шетелдiктерге жалға жер беремiз бе, бермеймiз бе деген сауалды талқылап, бас қатырып жатса, шетелдiктер Қазақстандағы егiстiктерiнiң жай-күйiн бақылап жүр.

Бұл бұл ма, А.Егеубаевтың сөзiне қарағанда, Қытаймен шекаралас Үржар ауданының 87 437,8 (сексен жетi мың төрт жүз отыз жетi) гектар жерi 2010 жылы «инвестиция салады» деген желеумен Қытай азаматтарының иелiгiне өтiп кеткен. Ең қызығы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша iрi мемлекеттiк субсидияны тек Нұрлан Биядилов жетекшiлiк ететiн шаруа қожалықтары арқылы Қытай азаматтары алып отырған. Құрамына бiрнеше серiктестiктер кiретiн “Бәтуа” ЖШС-ны Биядиловпен бiрге Мистер Джеймс деген лақап аты бар Қытай азаматы басқаратын көрiнедi. Осы серiктестiк тек 2012-2015 жылдар аралығында ғана 929 126,5 (тоғыз жүз жиырма тоғыз миллион бiр жүз жиырма алты мың) теңге мемлекеттiк субсидия алған. Бiрақ алынған өнiм өте төмен. Жер толық игерiлмеген.

Тағы бiр дерек, 2010 жылы Қытайдан ауыл шаруашылығы мақсатында елiмiзге 2,3 млрд. АҚШ доллары көлемiнде инвестиция келген. Соның шамамен игерiлгенi – 700-800 миллион доллар ғана. Қалған 1,5 млрд долларды Нұрлан Биядилов пен Мистер Джеймс Малайзиядан халықаралық қор құрып, сол жаққа аударған көрiнедi.

Ал, ендi бұл мәселедегi Сапарбаевтың қатысы қай жерде? «2010 жылы шығыс өңiрдi Б.Сапарбаев басқарған. Мыңдаған гектар жерге қатысты аса маңызды құжаттарды облыс басшысының рұқсатынсыз аудан әкiмдерi рәсiмдей алмайды. Сондықтан бiз оны сол кезде облыс басқарған адамнан сұрауға қақылымыз. Оның жеке басында шаруам жоқ. Менiкi – ел мен жердiң мәселесi. Оны Сапарбаев мырза жақсы түсiнуi тиiс. Егер жеке қабылдайын, талаптарымен танысайын десе, қарсылығым жоқ. Ал егер сотқа берем десе, оған да дайынмын» дейдi Айдын Егеубаев.

Әрине, Б.Сапарбаевтың қандай шешiмге келерi өзiне ғана аян. Бiрақ қазақтың жерi үшiн тәуекел деп тас жұтып жүрген азаматты сотқа сүйрелесе, абыройдан жұрдай болары анық.

Жалпы, Жер дауының “түбi” көрiне бастаған сыңайлы ма, қалай өзi?! Егер жоғарыдағы дәйектер тексерiлсе, талай былықтың бетi ашылатыны сөзсiз. Ал билiктiң оған құлқы бола, ма, болмай ма, бұл жағы күмәндi. Дегенмен ұлт жанашырларының, Жер комиссиясындағы атпал азаматтардың құлағына алтын сырға!

Қ.Баян.

Қатысты Мақалалар