Ә. НИЯЗЫМБЕТОВ ПЕН И. ДЫЧКО ОЛИМПИАДА ФИНАЛЫНА ШЫҚТЫ

/uploads/thumbnail/20170709053803983_small.jpg

Қазақстандық боксшылар Ә. Ниязымбетов пен И. Дычко Рио Олимпиадасының финалына шықты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXXI Олимпиада ойындарында бокстан ерлер арасында 81 келіге дейін салмақта ел намысын қорғап жатқан Әділбек Ниязымбетов британдық Джошуа Буатсимен финалдық бәсекенің жолдамасын сарапқа салды.

Алғашқы раундта үш төреші де Әділбектің жеңісіне күмән келтірген жоқ. Екінші және үшінші кезеңде Ниязымбетовтің басымдығымен өтті.

Буатси жартылай финалға дейін угандалық Кеннеди Катенде мен өзбек Эльшод Расулов, сондай-ақ Алжир боксшысы Абдельхафид Беншабланы айқын басымдықпен ұтқан еді. Қарсыластарын қайта-қайта нокдаунға түсірген британдық боксшыны букмекерлік кеңселер жартылай финалдың фавориті санаған еді. Алайда Ниязымбетов өзінің осал боксшы емес екенін дәлелдей білді.

Айта кетейік, Әділбек Ниязымбетов 1/8 финалда беларусь боксшысы Михаил Долголевецты және ширек финалда әзірбайжандық Теймур Мамедовты жеңген болатын. Осылайша Ниязымбетов екінші рет Олимпиада ойындарының финалына шығып отыр.Лондонда ол күміс медаль алған.

Ал, ел намысын қорғап жүрген Иван Дычко ширек финалда Эфе Аджагбаны ұтты.

Иван үш раундта да қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Кездесу тізгінін алғашқы минуттан өз қолына ұстады. Нәтижесінде үш төреші де Дычконың жеңісіне күмән келтірген жоқ.

Иван осының алдында әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовтан басым түскен болатын. Ол кезде Меджидовтің қабағы жыртылып, дәрігерлер оған жарысты жалғастыруға тыйым салған болатын.

Осылайша Дычко екінші рет Олимпиада ойындарының жартылай финалына шығып отыр. Бұдан төрт жыл бұрын Лондонда қола жүлдегер атанған еді.

Қатысты Мақалалар