Қазақстандық боксшылар Ә. Ниязымбетов Рио Олимпиадасының финалына шықты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXXI Олимпиада ойындарында бокстан ерлер арасында 81 келіге дейін салмақта ел намысын қорғап жатқан Әділбек Ниязымбетов британдық Джошуа Буатсимен финалдық бәсекенің жолдамасын сарапқа салды.
Алғашқы раундта үш төреші де Әділбектің жеңісіне күмән келтірген жоқ. Екінші және үшінші кезеңде Ниязымбетовтің басымдығымен өтті.
Буатси жартылай финалға дейін угандалық Кеннеди Катенде мен өзбек Эльшод Расулов, сондай-ақ Алжир боксшысы Абдельхафид Беншабланы айқын басымдықпен ұтқан еді. Қарсыластарын қайта-қайта нокдаунға түсірген британдық боксшыны букмекерлік кеңселер жартылай финалдың фавориті санаған еді. Алайда Ниязымбетов өзінің осал боксшы емес екенін дәлелдей білді.
Айта кетейік, Әділбек Ниязымбетов 1/8 финалда беларусь боксшысы Михаил Долголевецты және ширек финалда әзірбайжандық Теймур Мамедовты жеңген болатын. Осылайша Ниязымбетов екінші рет Олимпиада ойындарының финалына шығып отыр.Лондонда ол күміс медаль алған.