Қайталақ
- Бәрекелді! Аудармасын таппай жүр едім, мынау маған олжа болды!.. Сізді осы сөзіңіз үшін тегін және тез апарамын. Мына жерден разворот жасаймын да кейін қайтып, төте көшелермен жүремін...
- «Разворот» дегеніңіз қазақтың сөзі емес қой...
- Енді қайтем, атам қазақ кең далада түйемен, атпен, өгізбен ғана жүрсе...
- Сіздің атаңыз мәшинені мінгелі, мінген мәшинесімен көшелерде жүргелі бір ғасырға жақын қалды ғой.
- Біз жалқаумыз ...
- Жоқ, біз ең ақылды, ең тапқыр ұлтпыз...
-Тапқыр болсаңыз табыңызшы, «разворот» дегеннің қазақшасы не сонда?
- Қайталақ...
- Мұны қайдан таптыңыз?
- Ахмет Байтұрсыновтың сөздік қорынан алдым...
Тізгінші
«Тізгін» деген сөзді білмейтін де қазақ бар десем нанасыз ба? Бірде әжептәуір тәрбиелі, сабаққа ынталы, шығармашылығы да бар студентке: - «тізгінсіз өскен екенсің»- десем, «тізгін» деген немене?» деп қарап тұр. «Тізгін –аттың басын тарту, оңға немесе солға бұру үшін екі ұшы ауыздықтың шығырына байланған жіңішке қайыс» деп едім, сұрақтың астында қалдым. «Жүген» деген немене, «шығыр» деген немене, «ауыздық» деген немене, «қайыс» деген немене... бәрін сызбасын сызып түсіндіруге тура келді. Есіме «Жас Алаш» газетінен оқыған бір оқиға түсті: Қалмақстанда 20 шақты қалмақ бала мектепке бару үшін жолда автобус тосып тұрады. Бір автобус тоқтайды. Тізгінші егде қалмақ екен: - Кімде –кім «хлеб» деген сөздің қалмақшасын айтса, соны тегін апарамын,-дейді. Бірақ, қалмақтың әлгі жиырма баласының бір де бірі «хлеб» деген сөздің қалмақша қалай айтылатынын білмепті!!!
Біздің бүгінгі ұрпақ «тізгін» деген сөзді білмесе, ертеңгі ұрпағымыздың «нан» деген сөзді де айта алмай қалу қаупі төнгелі қашан. Ол қауіп «қос тілділік» науқанымен бірге басталған. Қос тілді болсақ, ұшпаққа шығатындай өрекпіп едік, аяғымыз артқа, кеудеміз алға созылған күйі орнымызда қалғанымызды біліп үлгірмей, енді «үш тұғырлы тіл» науқанын ұрандата бастадық. «Үш тұғырлы тіл» дегеннің астарында ұлтты ұшпаққа шығаратын саясат жоқ. Тұғыр - қыран қонақтап отыратын діңі мықты ағаш. Қыран қос аяғын тіреп тұрып, тік серпіледі. Тұғыр мықты болса жылдам, бірден көтеріледі. Көз алдыңызға елестетіңізші, тұғыр үшеу, ал қыранда екі-ақ аяқ!!! Бәрібір ол сол үшеудің біріне ғана қонады, содан ғана серпін алып ұшады. Демек ұлт та бір тілдің уызынан серпін алып әлемге қанат қағады. Ұлт биікке көтерілуі үшін бір ғана тілді тұғыр етуі керек. Ол- қанына сіңген ана тілі. Ана тілін тұғыр еткен жеке адам үш тұрмақ, оншақты тілді меңгеруі мүмкін. Ал үш тілді бірден тұғыр еткен ұлт болуы мүмкін емес! Бала әу баста бір ғана тілде сөйлей бастайды. Сол сөйлеген тілі арқылы әлемді таниды. Сол тілдік ерекшелігімен әлемге танылады. Мойындалады. Өзіндік болмысы болмаса, өзге мойындамайды. «Үш тұғырлы тіл» деген қисынға келмейтін бастаманы күштеп енгізіп, биліктің аузымен айтқызып жүргендер - ұлтымыздың ең басты жауы. Яғни, олар - қазақ деген ұлтты өз ана тілінен айырғысы келетін, ана тілінен айыру арқылы ұлттық санасынан ажырату, сол арқылы жер бетінен жоғалту саясатын ұстанып жүргендер. Жаһандану күні бүгін ғана пайда болған үрдіс емес. Ол адамзат пайда болғаннан бері жүріп келе жатқан табиғи процесс. Тайпа мен тайпаның бірігуі, ұлыс пен ұлыстың одақтасуы, ұлттардың бір біріне қосылуы үстем қоғам дамуының қажеттілігінен туған тарихи оқиғалар арқылы жүзеге асып жатады. Күштінің әлсізді жаулап алу арқылы өз өктемдігі мен үстемдігін орнатуын да жаһандану деп атасақ, ол өзінен өзі алға жылжымайды. Ондай алып машинаны алып мемлекеттер ғана жылжыта алады. Тізгін кімнің қолында болса, машинаның бағыт алуы да соның қолында.
Бірақ әлсіздігін мойындап, өз еркімен басқыншылық үдерісін қабылдап алушы елдердің сұраныс, қажеттілігі мен табиғи қабілет-қарымына қарай да жаһандану екі арна арқылы алға жылжиды. Біреуі заттық игіліктерді игеру үрдісі, екіншісі рухтық құндылықтарды қабылдау үрдісі. Қарама қайшылық осы жерде бас көтереді. Сырттан келген материалдық-техникалық жетістіктерді қабылдап алса да, солармен бірге келген жат психологиялық-әлеуметтік жаратындыларды, ұғымдар мен түсініктерді қабылдай алмайды. Осы қабылдай алмау психологиясы қарсыласу түйсігін оятады. Сол түйсік өзін өзі сақтау сана -сезімін де оятады. Өзін өзі сақтау сана сезімі ұлттық тұтастыққа бірігуге, ұйысуға, жұмылуға әкеледі. Ұйысқан ұлттың жаһандануға жұтылып кетпес үшін қарсыласу құралының ең бастысы - өзінің ана тілі.
Айтса да, мына қызықты қараңыз. Ресей құрамында жатқан Қосағаш ауданында тұратын қазақтардың ана тілін сақтап қалуға деген жанталасы орасан. Олар әр сөз үшін күресуді қазақтардан бөлініп, шекара сыртында қалып қойған ғасырлардан бастаған. Олар не өз қазақ тілінде, не отарлаушы орыс тілінде ғана сөйлеседі. Біз секілді екі тілдің сөздерін сапыра қолданбайды. Сол қосағаштық қазақтар «шофер» дегенді «тізгінші» дейді. Ендеше біз неге сол сөзді қолданбаймыз?!
Сағатбек Медеубекұлы
Пікір қалдыру