Қазақ биін қолға аламыз ба, құр қаламыз ба?

/uploads/thumbnail/20170708150719772_small.jpg

 

Бұл күнде ұлттық би туралы, оның ішінде, «Қара жорға» биі туралы ой толғамаған қазақ баспасөзі кемде кем. Бірақ біз әлі күнге «Биіміз бар ма, жоқ па?», «Қара жорға» қазақтікі мен, моңғолдікі ме?» деген сұрақтардан әрі аса алмай жүрміз. Ал өзге жұрт өз мәдениетін әлемге паш етуде. Тіпті, көрші Қытай елі сондағы өсіп-өркендеген қазақ биін «Қытай мәдениетінің айырылмас бір бөлігі» деп қарап, оның пісіп-жетілуіне барынша жағдай жасауда. Оған дәлел ретінде  «Қазақ биі» жеке мамандық ретінде 3 жыл оқытылатынын айтсақ та жеткілікті.

Ал өз елімізде ересектерді айтпағанда бүлдіршіндеріміз денелерін жартылай жалаңаштап,  үндінің, өзбектің, орыстың биін билеп жүр. Бұл ұлт болашағына, елдің ертеңіне тікелей қатысты  мәселе. Бәсекеге қабілетті ұлттық билеріміз жоқтығынан сәбилеріміздің санасын жат ұғымдар жаулап барады. Ертең ұлттық құндылықтарына мұрын шүйіре қарайтын ұрпақ солардан шықпасына кім кепіл?! «Бәкеге қабілетті» деп отырғанымыз «Қара жорға» биінің халқымыздың көңілінен қалай шығып, еле арасына тез тарағаны көз алдымызда. Бізге сол сияқты өміршең би керек.

«Қазақта би жоқ» деушілерге де айтар уәж дайын. Арысы, елімізден табылған таңбалы тастардағы топтық би нақыштары, берісі,  ұлы тұлға Мұхтар Әуезовтің, би майталманы Шара Жиенқұлованың зерделі сөздері біраз шындықтың бетін ашады.  «Қазақтың мидай даласы... Көкпарды көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Бәйгенi көрдiңiз бе? Жорғаның жүрiсiн көрдiң бе? Мiне, осының бәрi қимыл-қозғалыс. Аттың желiсi, жәй жүрiсi, сылбыр жүрiсi, шабыс жүрiсi осының бәрi би емес пе, би. Қазақтың күйiн тыңдап көрiңiз, қандай әуен иiрiмдерi, ырғақтар жатыр. Қол өнерi, ағаш үйдiң өзi, ою, кiлем тоқу, өрмек тоқу, ши орау, осының бәрi қимыл, осының бәрiн ойлап музыкасын тауып, күйiн тауып сәйкестiрсең би болып шығады». Бұл әлемді сөз құдіретімен тамсандырған Мұхтар Әуезовтің сөзі. Ал қазақ биіне өлшеусіз үлес қосқан Шара Жиенқұлова ең алғашқы билеген сәтін былай деп суреттейді. «Қыздар «Шара би билейді» деп ортаға шығарды... Амалсыз билей бастадым. Сонда көз алдыма құстардың қалықтап ұшқаны, рауандап атып келе жатқан таң алдындағы гүлдердің бүр жарғаны, күн сәулесінің ұшқыны, су төгілмес тайпаң жорғаның жүрісі, тау текенің шың басынан секіргені, күй ырғағын өршелендіре түскен күйші қолының қимылы ­ – бәрі-бәрі маған музыка сазындай естіліп, соның ырғағымен ұршықша үйіріліп, шыр көбелек айнала бердім».

Қараңыз, ешқашан би билеп көрмеген Шара бірден қалай билеп кетті?! Неге ол су төгілмес тайпаң жорғаның жүрісін елестетті. Бұл қазақ даласының қаршадай қыздың қанына сіңірген қасиетінің көрінісі емес пе? Осыдан кейін қалай бір халықта би болмаған деуге аузымыз барады. Осы күнге дейін «Аю биін», «Қара жорға» биін ата-бабасынан жалғастырып келе жатқан ақсақалдарды қайда апарамыз. Айталық, Қытайдың Алтай аймағында «Аю биін» үрім-бұтағына таратқан Ахыметқали, Сарқытжан, Құлмұқаметтей қарттар өткен. Солардың ізін басқан көзі тірі Қабделқан, Нәсіпқандай абыз қариялар әлі күнге ұрпақтарын ұлттық өнерден сусындатып келеді.

Енді сол «Аю биі» туралы бірер сөз. «Аю биі» қазақтың дәстүрлі би өнерінің ежелден келе жатқан бір түрі. Бұл биді зерттеп-зерделеп жатқандар да жоқтың қасы. Қытайдағы ғалым қандасымыз Әділет Ахыметұлының еңбектеріне сүйенсек, «Аю биінде» «Қара жорғаның» элементтері айқын көрінеді. Бірақ «Қара жорғадағыдай» емес биші екі иықты алдыға қарай еңкейте қозғалтады. Аюдың қимыл-әрекетін бейнелейді. Жалпы осы би туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Халық арасында ең көп тараған аңыздың біреуі мынау: Ертеде бір аңшы болыпты. Бір күні ол аң аулап жүрсе орман арасында бір аю киікті өлтіріп алып, оны арлы-берлі  лақтырып, ойнап жүр екен. Батырлығына ептілігі сай әлгі жігіт аюды толық бақылып болғаннан кейін оны соғып алады да, бітеудей сойып, терісін киіп ауылға қайтады. Қуанышын жасыра алмаған ол шаттана биге басады, әсіресе, аюдан көрген алғашқы қимылдарды қайталап билейді. Жігіттің ерлігіне сүйінген жұрт ақ тілек айтып, мал сойып той жасайды. Сол тойдан бастап аңшы билеген «Аю биі» жұрт арасына тарап, бүгінге жеткен. Енді бір аңызда әкелі-балалы екеуі аңға шығады. Олар орман арасында келе жатқанда, кенеттен бір аю ағаш түбінен шыға келіп, баланың әкесін ұстай алады. Екеуінің арпалысы ұзаққа созылады. Ақыры баланың әкесі беліндегі кездікті алып, аюды пышақтап өлтіреді. Содан әкелі-балалы екеуі олжалы болып ауылға қайтады. Бұлрға таңданған жұрт: «осыншама үлкен аюды қалай соғып алдыңдар?» - деп сұрайды. Сонда жас бала әкесі мен аюдың қалай алысқанын, аюдың қалай қимылдағанын бимен бейнелеп көрсетеді. Содан бастап ел арасына «Аю биі» қалыптасқан.

Бұл әпсаналарды тәптештеп айтып отырғанымыздың бір себебі, әрбір халық биінің тарихы тереңде екендігін, халықтың ұғым-түсінігімен, тұрмыс-тіршілігімен сабақтасып жатқандығын қаперге салу. Белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының «Қытайдағы қазақтар» кітабында да, «аң аулау, табиғатқа табынуды бейнелейтін халық билерінен «Аю биі», «Аңшы мен аю», «Қаз биі», «Бүркіт биі», «Ортеке биі» қатарлылар бар. 1985 жылы Қаба ауданынан халық мұрасын жинағанымда елу екі жастағы ағай бізге «Аю биі» мен «Қаз биін» билеп берді. «Аю биін» билегенде ішік пен тымағын теріс аударып киіп, аюдың жүрісіне салып, айналасына қарап, азыққа ұмтылған әрекеттерін бейнелейді. Би әрекеттері аюдан аумаған, өте қызықты. 1986 жылы сексен жасқа келген Қапаш ақсақал бізге «Бүркіт биін» билеп берді» деген деректер келтіреді. Бір өкінерлігі біз халықтың сол асыл жауһарларын жинап-зерттеуге құлық танытпай отырмыз. Қазыналы қарттарымыздың бүгінге жеткізген мол мұрасын ұрпақ кәдесіне жаратсақ нұр үстіне нұр болар еді?!

Байқап отырсақ, тарихы әріде жатқан халықтық дәстүрлі билердің дені Қытай қазақтарында сақталған. Ал жалпы, қазақ биін әлемдік деңгейге көтеріп,  нағыз ұлттық бояуымен салалық өнер етіп қалыптастырған Шара Жинеқұлова екеніне ешкімнің дауы болмас. Қазіргі Қытай елінде миллиард халықты тамсандырып, өзінше өрнегімен ұлттық өнер ретінде танылған қазақ биінің өзі Шараның салған соқпағымен дамуда. Бұл күнде Аспан асты елінде классикалық қазақ биі қалыптасты деуге әбден негіз бар. Біз моңғолдікі деп жүрген «Қара жорғаның» өзін Қытайда тұратын 56 ұлт өкілі қазақтың халық биі деп мойындап қойған. Оның ішінде моңғол да бар. 1951 жылдың өзінде қазақ биінің ҚХР төрағасы Маузыдұңды тамсандырып, қолына қалам алдырғанын көбіміз біле бермейміз. Пекин қаласында Меңжамал бишінің «Айгөлегін» тамашалаған Қытай басшысы қатты тебіреніп, жанында отырған ақын Лю Иаузыға өлең жазуды тапсырады. Лю Иаузы сол сәтте-ақ:

Жалын ағаш, күміс гүл,

Түні жоқ бүкіл аспанның.

            Әпеке-сіңілі, аға-іні,

          Көрдік биге басқанын.

         Дөңгеледі Айгөлек,

         Шығандады асқақ үн... – деп жырлайды. Өлеңге еліткен Маузыдұңның өзі де былай деп өлең жазады:

            Түнеріп ұзақ тұрды түн,

            Торлап елім аспанын...

            Бес жүз миллион халықмыз,

            Қоса алмаған бастарын.

            Шырқасымен әтештің,

            Нұрланды асты аспанның.

            Ән-күйіне бар ұлттың,

            Бұйтиян сазы қосқан үн.

            Шалқып ақын ерекше,

            Ағытты жыр тасқынын.

Тек Қытай елін ғана емес қазақ биінің бүкіл әлемді таңдай қақтырып жүргенін талай бишінің аузынан естідік. Тіпті Ұлы Отан соғысы кезінде Шараның биін тамашалаған Жмуров деген жауынгер: «Мен бірінші оғымды қазақ халқының өнері үшін жауға атам!» деді емес пе?!  Египеттің өкімет басшысы Абдел Насерды таңдандырып, Шараның құлағына сырға таққызған да қазақ биінің құдіреті ғой!

«Би халық өнерінен туындайды» дейді Шара Жиенқұлова. Шын сөз. Өнерден кенде халық емес екеніміз де баршаға аян. Солай бола тұра ұлттық биге келгенде кежегеміз кері тартып тұратыны бар. Ондайларға беретін жауап та жоқ емес. Шараның өз сөзімен айтсақ, «айгөлек, ақсүйек, ортеке, соқыр теке, түйе-түйе, алтыбақан, орамал тастау, беташар, жар-жар, шашу, мерген, сайыс, көкпар, бәйге, күрес, жаяу жарыс, ат шабыс, айтыс, қыз қуу, садақ тарту сияқты ұлт ойындарын, сондай-ақ, бұлардың сыртында өрнек тоқу, кесте тігу, текемет, сырмақ басу, тұскиіз, күмістеп оюланған ертоқым, сандық, кебеже, саба пісу, ұршық иіру тәрізді қазақ әйелдерінің қолөнеріне қатысты іс-қимылдары да бар екенін ескерсек, солардың барлығы да музыка ырғағына тұнып тұрған қазақ биі демей, не дейміз? Шаңырақ көтеріп, кизі үй тігу және оны жығудың өзі қандай әсем көрініс...».

Әттеген-айы Советтік кезеңде Шара Жиенқұлова шығарған биікке Тәуелсіз қазақ елінің ұлттық биі жете алмай отыр. Бұған не кедергі? Басқасын айтпағанда, дәстүрлі халық билерінің өзі толыққанды жиналып, зерделенбей жатыр емес пе?! Бір ғана «Қара жорғаның» өзін «Сал күрең», «Келіншек» күйлерінің әуенімен билеп жүрміз. Осылардың аражігін ашып, бір үлгіге түсірмесек біздің ұлттық би қайдан дамиды? «Қазақ биі бар, жоғары оқу орындарында оқытылады» дейтіндер де табылады. Бірақ соны біліп жатқан қазақ баласы бар ма? Домбырадан күй төгілгенде бір ырғақпен биге басқан қай қазақты көрдік. Өнер бір орында тұрмайды. Оны кезеңіне қарай лайықтап, жетілдірумен бірге халыққа насихаттап отыру қажет. Сонда ғана өнер өміршең болмақ.   Бізді алаңдататыны ән мен бидің заманында өз әнің, өз биің болмаса басқаның қаңсығын таңсық көруің сөзсіз. Ұлттық құндылығынан сусындай алмай, қағынан жеріп жатқан қазақ баласы қаншама! Қырандай ағысымен, тұлпардай шабысымен ерекшеленетін қазақ биінінің мың бұралған өзбектің, бел ойнатқан үндінің биінен несі кем?

Жалпы, «Қазақ биі дамыды» деген сөз ұлттың мәртебесі артты, мемлекеттің мерейі өсті дегенмен пара пар. Мысалы, қазақ биі үшін Қытай елі не жасады? 13000 адамға билетіп, гинестер кітабына енгізді. Оқушылардың жаттығу биіне айналдырды. Бірнеше оқу орнында мамандық ретінде оқытылды. Ұлттық би дәрежесіне  көтерді. Осының барлығы заты қазақтікі дегенмен  Қытай елінің абыройын асқақтатты емес пе? Біз болсақ «Қытай әйтіп жатыр екен, бүйтіп жатыр екен» дегеннен аспадық. Айдың-күннің аманында рухани, мәдени байлығымызды басқалардан тамашалап отырғанымыз елдігімізге жараса ма? Бұған кінәні ұлттық құндылығымызды ұлықтап отырған Қытайдан емес, барымызды бағалай алмаған өзімізден іздегеніміз абзал.

            Қазақ биі – талайды тамсандырған таңғажайып өнер, ұлттық құндылық. Қолға аламыз ба, құр қаламыз ба? Ойланатын уақыт өтіп барады.

Хазірет Әбділда

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар