Наурыз айының орта шені еді. Редакцияға кірсем Мархабаттың күрең шайын сораптап, ойға шомып Әмірхан отыр екен. Кездеспегелі көп болып еді, шүйіркелесе кеттік. Антикалық әдебиет, Шыңғысхан тақырыптары ақырындап қазақ қоғамының қазіргі жай-күйіне ойысты. Ол әңгімені менің кабинетімде шылым шегіп отырып сабақтадық... - Жазушылар керек болмаған мемлекетке журналистер керек деп ойлайсың ба, Секе? -деді бір мезетте. Күлдім. Себебі жауап өз сұрағының астарында жатыр еді. Шылымын құшырлана сорып: -Мысалы біздің энциклопедиядағылардың жұмыссыз отырғанына 3-4 айдың жүзі болды. ҚАЗАҚтың энциклопедиясы қазақ үкіметіне керек болмай тұр. Қаржы жоқ?! Сәуірде жұмыс басталады екен деп естідім, басталмаса амалын қарастыру керек, Мархадан ұят болды... -Бұл мемлекетке энциклопедия түгілі қазақтың өзі де керек емес секілді ғой... -Рас айтасың. Менің де сенімім аз. Жазу керек еді. Ой көп, жазайын десем "Кімге керек, кімге керекпіз?" деген сұрақ көлденең жатып алады. Мысалы, 40-тан асқанша әдебиетті зерттедім, жаздым. Не жетістікке жеттім? Жекешеленбеген үйім, маған үміттене қараған әйел мен қызым бар... Арқадан қаққанға мәз болып жүре беріппіз. Марапат деген де мандымаған. Ішіндегі мақтан тұтарлығы өзің таққан Әлиханның төсбелгісі... "Абай" порталының жігіттері бір тамаша бастама көтерген еді. Әлихан Бөкейханов атындағы төсбелгі жасатып, бірнеше адамды марапаттаған болатын. Дәурен Қуаттың ұсынысы бойынша сол таңдаулылар арасындағы Әмірханға төсбелгіні мен тағып едім... 2 сағаттай сөйлестік. Әбекең толқып отырып талай ойдың басын шалды. Содан кейін:-Жарайды, біраз уқытыңды алдым бір жерге барып келейін. Содан кейін Мархабатты жетелеп үйге қайтырмын-деп күлді. Сағат 4 шамасында қайта соқты. Тағы әңгіме, күлсалғыш тұқылға толды. Бұл соңғы кездесуіміз екен. 1 айға толар толмас уақыттан кейін Әмірхан келместің кемесіне мініпті. Сапарда жүріп естідім. Жазғанынан жазары көп, білімі ұшан-теңіз тағы бір азамат оралмасқа аттанды. Иманды болсын! "Жазымыштан озымыш бар ма" дейміз қазақылыққа салып. Тек Әмірханның кеудесінде "Кімге керек, кімге керекпіз?" деген шерлі сұрақ кеткені өкінішті... Бақұл бол, бауырым!
Серік Әбікеннің ФБ-парақшасынан