Жас ата-аналар үшін өте тиімді «памперс» деп аталатын «бұткиімнің» шыққанына да біраз заман болды. Қазіргі жасы жиырмаға келген жастар, әсіресе қала жастарының көбі дүние есігін ашқаннан кейін памперс киіп аяғынан тұрды. Қазіргі таңда ғалымдар памперстің зиына туралы жиі айтып жүр. «Бала денсаулығына еш зиянсыз» деп қанша жарнамаласа да қысқа мерзімдік пайдалануға арналған памперс атаулының құрамында химиялық қосылыстар бар екені белгілі. Сәбидің денсаулығына осы химиялық қосылыстар білдіртпей зиян тигізеді екен. Сондай-ақ памперстің ішкі температурасы баланың ағзасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Кейбір сәбилерге аллергия тудырып, жүрісінің бұзылуына әкеледі дейтіндер бар.
Жақында неміс балалар дәрігерлері памперстің әсіресе ұл балаларға өте зиянды екенін айтып дабыл қақты. Памперс киіп, «ер жеткен» еркек баланың сперма түзілісі нашарлап, отбасын құрғанда бала сүю мүмкіндігінен айырылуы әбден мүмкін екен. Памперсті бұтынан тастамайтын ұлдардың жыныстық мүшесінің құрылысы бұзылып, толыққанды сперма түзілісі шектеледі екен.
Ғалымдар бүгінгі таңда белсіз еркектердің, оның ішінде жас жігіттердің бала тудыра алмау жағдайының көп болуы сәби кезінде памперс кигендік деген пікірде. Қазіргі таңда ғалымдар памперстің ер балаларға тигізетін зиянын ғылыми тұрғыдан зерттеп жатыр. Памперстің ұл баланың денсаулығына зиянды екенін және «бұткиімнің» бұл түрінен гөрі жөргекті пайдалану қажеттігін дәрігерлер де айтып жүр.
Алайда жас ата-ана жанталас тіршілікте жөргек жуып отыратын уақытты қайдан тапсын? Дегенмен, нәрестесіне памперс емес, табиғи кездемеден жасалған жөргекті пайдаланатын отбасылар әлі де бар. Ал сіз балаңызға памперсті пайдалансыз ба?
Дана Қамшыбек