«Арманым — дүниежүзiн түгел шарлап шығу. Теңiздiң ар жағында қандай ел бар екен? Кемеге мiнiп, алыстағы бейтаныс мемлекеттерге барғым келедi...» деп, кезiнде Әдебиет сабағында шығарма жазған жапон оқушысы бүгiнде алпысқа келген шағында балалық арманмен тағы да жолға шығыпты. Саны бойынша бұл № 5-шi саяхат.
Қош келдiңiз, Найтоу сан! Қазақ деген қонақжай елге ат басын бұрған екенсiз. Бұған дейiн қандай елде болдыңыз, қандай жерлердi көрдiңiз?
— Ресей, Финляндия, Швеция, Дания, Германия, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Ирландия, Испания, Африка, Морокка, Алжир, Нигерия, Камерун, Судан, Кения, Танзания, Зимбамбе, Мексика, Гватемала, Сальвадор, Коста-Рика, Чили, Самоа, Тонга... Саяхатымның бағыты осылай жалғаса бередi. Дүниежүзiнде мен болмаған мемлекет, мен көрмеген қала қалмаған шығар. Фиджи аралдары, Жаңа Зеландия, Индонезия, Сингапур, Малайзия, Тайланд, Корея, Қытай, Камбоджа, Непал, Вьетнам, Үндiстан, қысқасы Америка мен Еуропаның барлық елiн, Африканың елдi-елсiз мекендерiн өз көзiммен көрдiм. Шөлейт жерлер, құмды өңiрлер, биiк-биiк тауларынан да өз аяғыммен астым.
Жер жүзiн жаяу шарлау жалғыз адамға қиын ғой...
— Әрине, құрлықтардың барлығынан жаяу өту мүмкiн емес. Теңiзден өту үшiн кеме керек, ал алыс аймақтарға жету үшiн поезды пайдаланамын. Ұшаққа мiнбеймiн, автокөлiкке де отырмаймын. Африка мен Америка құрлықтарын, Сiбiрдi, Еуропаны түгел көрiп болған соң Орта Азиядағы саяхатымды Қазақстаннан бастамақпын. Жүз рет естiгеннен бiр рет көрген артық. Каспий теңiзiн өз көзiммен көрудi бұрыннан армандаушы едiм. Ақтауға барып, тарихи теңiздi тамашалаған соң поезбен Өзбекстанға қарай тартамын. Одан соң Қырғыз елiне де амандаса кеткен жөн шығар. Содан соң Қытайға барып, елге ораламын.
Қаржы жағынан демеушiңiз бар ма?
— Капиталистiк қоғамда бiреудi бiреу қаржыландырушы ма едi? Өз еңбегiммен тапқанымды өзiм жұмсаймын. Яғни күрiш егемiн. Түскен өнiмдi сатып, соның ақшасына «қыдырамын».
Өзiңiз қай ауылдан боласыз?
— Фудзи тауының етегiндегi Какэгава қаласы маңындағы Хосоя ауылының Найтоу Кунио деген егiншiсiмiн. Бiр гектар жерiм бар. Жылына 4-4,5 мың килограмм өнiм бередi.
Күрiштi жалғыз өзiңiз егесiз бе?
— Бәрiн өзiм iстеймiн. Трактор, комбайн, дегендей қажеттi құрал-жабдықтың бәрi бар. Менi жер асырап отыр.
Отбасыңыз туралы айтсаңыз?
— Әйелiм, жиырма жетiге келген ұлым бар. Балам Фудзидың баурайында орналасқан қомпанияда инженер болып iстейдi. Әйелiм үй шаруасында.
Алыс-алыс елдерден көргендерiңiздi барған соң келiншегiңiзге әңгiмелейтiн боларсыз?
— Әйелiм менен «Қайда бардың, не көрдiң?» деп сұрамайды, жалпы ешнәрсеге қызықпайды.
Келiншегiңiзге сыйлық апарасыз ба?
— Жас кезiмде осындай ұзақ саяхаттан оралғанда сыйкәде апаратынмын. Әйелiм мен апарған сыйлықтарды жақтырмаған соң ешнәрсе сатып алмайтын болдым. Қазан-ошағынан басқаға назар аудармайтын жан.
Дүниежүзiнiң талай елiн араладыңыз. Селт еткiзген көрiнiстер болды ма?
— Мексикадағы ежелгi Инк өркениетiнен қалған қалалардың орнын көрдiм. Бүгiнде ол өңiрде бөтен ел отыр, жат мәдениет орныққан. Сонда ойладым, кейiн бiрнеше ғасыр өткенде қазiргi зәулiм ғимараттар, сықасқан автокөлiктер де осы сияқты күйреп, күлге айналатын шығар деп.
Найтоу сан, не үшiн саяхаттайсыз?
— Бiз соғыстан кейiнгi тұрмыстың қиындығын көрген ұрпақпыз. Бала кезде «шiркiн, дүниежүзiн араласам ғой» деген арман болды. Бұл жалғыз менiң ғана емес, соғыстан кейiнгi барша жапон баласының арманы болатын. Сондықтан болар, жапондар басқалар сияқты жылжымайтын мүлiк жинамайды, материалдық байлыққа қызықпайды. Бар тапқан-таянғанын шет елдi аралауға жұмсайды. Мен де сондай табиғатты тамашалауды ұнататын, ел-көрiп, жер тануға құштар қарапайым жапон азаматымын.
Шет тiлдерiн де меңгерген боларсыз?
— Ана тiлiмнен басқа ешқандай тiлдi меңгермей-ақ, жарты әлемді аралап шықтым. Танымайтын жерде қалай адаспай жүр десеңiз, Жапонияда жапон тiлiнде туристерге арналған барлық елдiң жол картасы сатылады. Оның iшiнде шет елдiң қалалары, табиғаты мен көрнектi жерлерi туралы мәлiметтер де бар. Картаға қарап отырып, қалаған жерiме адаспай жетемiн.
Өзiңiзге ұнаған бiр елде қалып қою немесе отбасыңызбен көшiп бару ойыңызға келмедi ме?
— Менiң ауылым темiржолдың бойындағы, екi жүз түтiнi бар елдi мекен. Айналасын таулар қоршап тұрған осы аймаққа қар жаумайды, жазы аптап ыстық. Есiгiмнiң алдында сакура бағы бар. Бiздiң ауылдың айналасын күзде де алуан түрлi гүл көмкерiп жатады. Қанша елде болсам да Хосояға айырбастайтын ауыл жоқ дер едiм. Туған жерден кең, одан асқан дархан аймақты жер жүзiнен таба алмадым. Осы бiр шағын ауылда тұйық қана тiршiлiк етiп жатқан бiз бөтен елдерге сергу үшiн ғана саяхаттаймыз. Шет елдiң небiр даңқты аймақтарының өзi өскен ауылыңа жетпейдi екен.
Әңгімеңізге рахмет! Сапарыңыз сәтті болсын!
Әңгiмелескен Шарафат Жылқыбаева
Пікір қалдыру