Бейбіт Сапаралы. Заман тудырған "Түркістан"

/uploads/thumbnail/20170708152246507_small.jpg

    Бұл шағын мақала "Түркістан" газетінің бас редакторы Шамшидин Паттеевтің:" "Түркістанның" алғаш атауын қойып, тұсауын кескен сізсіз, ол қандай кезеңде, қалайша болып еді, осы мәселелерді нақтылап ашып жазып берсеңіз?!" деген өтіне сұрауы бойынша жазылған еді. Алайда белгісіз себептермен газеттің 20 жылдық мерекесіне арналып шыққан санына басылмай қалды. 26 сәуір 2014 жылы Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрында өткен салтанатты жиында Түркиямен арадағы алғаш кезеңдегі байланыс, "Zaman-Қазақстан" газеті негізінде "Түркістан" шыға бастағандығы жай-жапсары, оның ішінде Қалтай Мұхамеджанның қызметі мен орны туралы академик Мұрат Жұрынов пен Сауытбек Абдрахмановтың құттықтау сөздерінде кеңінен қамтылып өтті.  

  Қазіргі күннің жастары Түркістан десе оңтүстік өлкедегі шағын шаһарды көз алдына елестетеді. Ескінің қарттары Түркістан десе ер түріктің бесігі болған, Рұм мен Ханбалықты тітіреткен алып империяны көз алдына әкеледі. Жаһан жұрты Қазақ елін соңғы 20 жыл жүзінде ғана мықтап танып-біле  бастады. Ал ілгеріде СССР, Қазақ ССР дегенді дереу ұға қоймайтын шетелдік, «Түркістан муслим» десең лезде түсініп, айрықша құрмет қылып, алдыңа түсіп қызмет қылып бәйек болатын. Анадолы түріктері дүниетанымында Түркістан деген ұғым осы айтылған екі мағынаны да бірдей сыйдырып кете береді. Османлы империясының мұрагерлері Түркістан деп жаһан жағрафиясының жарымын қамтып жатқан жер-суды айта береді. Алайда, жер кіндігі – Түркістан деп нақтылап келгенде әулиелердің сұлтаны болған Құл Қожа Ахмед Яссауи кесенесі мәңгілікке тұрақ тапқан, Ақсақ Темір өз заманында айналсоқтап кете алмай жүрген құтты мекен Түркістан жадыларына дереу оралады. Сонау 1993 жылы Елбасы төңірегінде жаңа баспасөз басылымы ашылса деген ұсыныс қызу талқылана бастағанда, жаңа атау мен жарғыны түзу бізге тапсырылғанда көп ойланып, жүз толғанып, әуелі бас редактор Қалтай Мұхамеджан, сонан соң президент әкімшілігі басшысы Нұртай Әбіқаев, болашақ бас құрылтайшы, Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділов, Елбасының баспасөз хатшысы Нұрлан Дәненов мырзаларға жалғыз ғана нұсқа – Түркістан атауын жан-жақты негіздеп ұсынуымызда сол әлгінде айтылған кең қамтылған түсінік тұжырымдамасы жатқан еді.

  1992 жылы тұңғыш еларалық еркін басылым – «Zaman-Қазақстан» апталық газеті шыға бастағаны белгілі. Түркия жұмхұрбашқаны Тұрғұт Өзал мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ортақ келісімге келе отырып ашқан жаңа апталық Алматыдан басталып жер-жерде бой көтере бастаған қазақ-түрік лицейлерін, колледж бен университет жобаларын да қамтитын. 1992-93 жылдары Түркия жоғары оқу орындарына екіжақты келісім негізінде тегін жолдамамен аттанған Қазақстандық жас талапкерлер тізімі де негізінде осы аталмыш газет редакциясы қабырғасында түзілген болатын. Алғаш бетте Қазақстан мен Орта Азияны толықтай дерлік қамтамасыз ететін, ғылыми, діни және тарихи әдебиеттерді көп данамен өте сапалы етіп басатын жаһандық жаңа үлгідегі аса үлкен баспахана орталығын  құру жоспары да осы үлкен жобаның бір бөлшегі болатын. Алайда, түркия тарапы қала сыртынан бос жер бөліп беруді сұраса, керісінше қазақ жағынан жауапты тұлғалар, қала басшылары «Орбита» ықшам ауданы төңірегіндегі ондаған жер үйлерді сатып алып барып соның орнына баспахана өндірісін салуды күштеп ұсынса, мұндай текетірестен қандай игі нәтиже шыға қойсын, ақыр-аяғында Тұрғұт Өзал 1993 жылғы 17 сәуірде қаскөйлікпен уландырылған себепті кенеттен дүние салған соң аталмыш баспахана даулы тақырыпқа айналмай, бізден жырақтағы Әзірбайжанда тұрақ тапты.

      Асылы, Тұрғұт Өзал қазасы Түркиямен арадағы енді ғана жарасымды жалғасын тауып келе жатқан тығыз байланысқа елеулі сызат түсіргендей болды. 1992 жылы Түркиядан Илхан Ишблан, Наджи Тосун секілді көрнекті тұлғалар ресми делегациямен Қазақстанға келіп, үкімет басшылары қабылдауында болып, қасиетті жерлерге зиярат жасап, жаңа басталған қарым-қатынасты жандандыра түссе, арада бір жыл өткеннен кейін аталған мемлекетаралық бастаманы көп ретте «Zaman» газеті мен қорының Қазақстандағы өкілдігі басшылары ғана ұластырушы болады. «Zaman-Қазақстан» газеті екіқабатты жаңа редакция ғимаратына жайғасып, бірнеше жеңіл автокөліктерін алып, 4-5 көпбөлмелі пәтер үйлерін қызметкерлер үшін деп қала әкімшілігі тарапынан алғанымен, бір сөзбен айтқанда, жаңа басылымның әлеуметтік-қаржылық жағдаяты екі мемлекет тарапынан да мүмкін болғанынша жасалып баққанымен, жауапты басшылар арасындағы түсініспеушілік дерті ұлғайған үстіне ұлғая береді. Түркия тарапы «Zaman-Қазақстан» газеті екі тілде, аптасына бір мәрте шығып тұрса да халықаралықтық деңгейіне көтеріле алмай жатыр дегенді қадап ескертеді. Ресми штатында 86(!) қызметкері айлық алып жатқан басылым, газеттің соңғы бетінде таралымы 50 мың дана деп көрсетілгенмен, нақтысы 5-6 мың данамен оқырманға жол тартып жатқан басылым, 1992-1994 жылдар аралығында редакция тарапынан 780 000 АҚШ доллары мақсаттан тыс артық жұмсалды деп жабық түрде айып тағылған басылым, түркиядағы қордың қайырымдылық көрсетуші кәсіпкер мүшелері Қазақстан десе тітіркене қарайтын күдік пен күмәнға іліге бастаған басылым күн өткен сайын беделі арта түсудің орнына тынысы тарылып, болашағы бұлдырлана береді. Осы айтылып отырған келеңсіз жайттармен Қазақстан басшылығы тарапы да құлақтана бастайды. Міне, тап осындай тығырыққа таянған кезде бас редактор Қалтай Мұхамеджан ағамыз редакцияның шығармашылық жағын қадағалайтын бірінші орынбасары маған оңашада тапсырма берді. «Zaman-Қазақстан» газеті мәселесі өз жөнімен шешіле берер, қала әкімі Заманбек Нұрқаділовпен басқа жаңа газет шығаруға келісіп қойдым, соның аты қандай, заты нендей болуы керектігі жөнінде жарғысына дейін түзіп нақтылы ұсыныс жасасаң деген өтініш айтты. Көпке ұзатпай аталмыш жобаны қағаз бетіне түсіріп, «Түркістан» деп ат қойып, Қалағаңның қолына бердім. Алайда, жаңа басылым өмірге жолдама алуы үшін тағы да жарты жылдан астам уақыт өтті.

          1994 жылдың басында «Түркістан» апталық газеті жарыққа шықты. Сол күнгі алқалы бір жиында ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі А.Сәрсенбаев Түркиялық өкілдер үшін тосын естілген жаңалықты жария етті, «Zaman-Қазақстан» газеті жабылып, оның орнына «Түркістан» газеті жарық көрді деп төтеден айтып салды. «Zaman-Қазақстанды» кім жапты, не үшін және құрылтайшылар келісімінсіз, ескертуінсіз қалай жапты, мұның мәнісі ашылмай қалды. «Zaman-Қазақстан» редакциясының барлық мүлкі бір сәтте «Түркістанға» өтіп кетті. Біздер бірнеше жыл ішінде қоян-қолтық араласып кеткен түрік бауырларымыздың жүзіне тіктеп қарай алмай, күнәлі бір іс істеп қойғандай төменшіктеп жүрдік.

    «Түркістан» апталығы көпшілікке таныла бастаған тұста елімізде үлкен саяси оқиғалар орын алды. Мәселен, 1994 жылғы 7 наурызда құрамы 177 депутаттан тұратын тұңғыш кәсіби парламентке сайлау науқаны басталды. «Түркістанның» бас редакторы Қалтай Мұхамеджан ағамыз бағын сынап көрмек болып Сыр еліне аттанды. Бірінші орынбасары мені бас редактордың міндетін атқарушы деп бұйрық беріп бекітті. Тап осы тұста түрік өкілдігі басшысы Әли Байрам хабарласып, «Zaman-Қазақстан» газетін қайтадан шығаруымды өтініп, жаңа құрылтайшыларды өзім іздестіріп, жаңадан редакция алқасын құрап, бас редактор болып қызмет бастауымды сұрады. «Түркістанның» аты дардай болғанымен, бас құрылтайшысы Алматы қаласы әкімшілігі болғанына іштей келіспей жүрген өз басым бұл ұсынысты дұрыс деп қабылдап, курстасым, досым, әріптесім баспасөз министрі Алтынбек Сәрсенбаевпен жолығып, ақылдасып-кеңесуді жөн деп таптым. Қалағаң депутат болып сайланса орны босайды, ал ол орынға Ербол Шәймерденов пен Шәкизада Құттаяқовтар ұмтылуда екен. Мен ол қызметке қызығып тұрған жоқпын. Халықаралық жорналшы  оқуын 1991 жылы Мәскеуде Елбасы жолдамасымен барып тауысқан мамандардың бірі ретіндегі арманым еларалық басылымды шын мәнісінде сол биік деңгейлерге көтеру еді. Осы ой-жоспарларымды баспасөз министрімен бүкпесіз бөлісіп, министрлік құрылтайшы болмаса да рухани демеу бергенін қалап, сол Алтынбектің кеңес беруімен бұйрық беріп өзімді өзім қызметтен босатып, орныма бас редактордың орынбасары Дидахмет Әшімхановты бас редактор міндетін атқарушы деп тағайындап, редакция ұжымын жинап барлық мән-жайды түсіндіріп жиналыс жасап, қоштасып кеттім.

          Депутаттыққа жолы болмаған Қалағаң қайтып бас редакторлық қызметіне оралды. Арнайы бөлмесіне барып болған оқиғаларды өз аузымнан айтып түсіндіріп кеткеніммен, Қалағаң «Zaman-Қазақстан» газетін менің жаңғыртып қайта шығаруымды іштей қолдай қоймаған сияқты. Көпке ұзамай оның нақты көріністері де өмірден орын ала бастады. 22 наурыз 1994 жылы жаңа саны шығуы тиіс «Zaman-Қазақстан» газеті барлық құжаттары болып, «Дәуір» баспаханасына толықтай қаржысы төленіп тұрса да баспасөз министрлігінің айтуымен түрлі сылтаулар табылып басылмай қалды. Жарыққа шықпаған газеттің бас редакторы ретінде мені Елбасының Англия мен Испанияға ресми сапарының делегация құрамынан бір күн қалғанда әлдекім Н.Әбіқаев пен Н.Дәненовке шағымданып алдыртып тастады. Түркия өкілдерімен арадағы салқынқандылық салдары, міне, осындай тартыстарға да ұласып жатты.

        Дей тұрсақ та, бүгінгі күннің биігінен қарап тұрып айтар шүкіршілігіміз, уақыт барлығына да өз емшілігін жасады. Бір кездері Қалағаң бастау көзінде тұрған жобалар 20 жыл ішінде тамырларын тереңге жайып, бәйтеректей биіктерге қол созды. «Zaman-Қазақстан» газеті орнына «Қазақстан-Zaman» басылымы көптаралыммен шығуда. «Zaman-Қазақстаннан» бастау алған «Түркістан» газеті қалың оқырманның іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымы. Түркияда жоғары білім тауысып, қазақ-түрік лицейлерінде білім алған талантты жастар еліміздің әр шалғайында жауапты қызметтер атқаруда. Демек, бұл Қалағаңның әу бастағы арман-мұраттарының орындалған көрінісі. Бұл Тұрғұт Өзал мен Нұрсұлтан Назарбаевтің ізгі ниеттерінің бүр жарған мәуелі жемісі.

        «Түркістан» газеті де түркі халықтары болашағы жарқын болуына елеулі еңбек сіңіріп, жаңа заман талаптарына сай ғаламтор жүзі арқылы жаһанды жайлап жататын ең танымал басылымдардың бірі болады деген бек сенімдеміз!

Бейбіт Сапаралы,

 ҚР Қоғам қайраткері, халықаралық журналист

Қатысты Мақалалар