Қайран қазақтың қараөлеңі, сенің жалыңа жармаспаған ақын жоқ шығар. Кейбіріне күдірейген жалыңды ұстатпасаң, құдайдың құдіретімен жаратылған тума талант ақындарды жыр пырағыңмен көк сеңгірге көтересің. Таза періште – поэзияны оқығаныңда, мөлдір бұлақтан шөліңді басқандай сусындайсың. Жаның рахатқа бөленеді. Мына бір қым-қуыт уақытта өзіңмен-өзің оңаша қалып, қолыңа кітап алып, ақтарыла кеп ішіне кіріп, рухыңды көтергің келеді. Кейбір ақын жазушылардың шығармаларын ашқан кезден-ақ, маңдайың тасқа тигендей тоқтайсың. Не шара. Ал бір ақын-жазушылардың жинақтары болады, алғашқы бетін парақтағаннан, аяқталғанша өзіңді бір құдірет арбап алғандай бас алмай оқисың. Қалай аяқталып қалғанын білмей де қаласың. Көп уақытқа дейін сол кітаптың сиқырымен сиқырланып жүресің. Сондай кітаптың бірі жақында қолыма тиді. Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының «Мәңгілік мекен» атты жыр жинағы. Електен өткізе оқып шықтым. Жаныңды тербетер лирикалық өлеңдер, ұлттық рухты көтерер жырлар, сонымен қатар қазіргі таңдағы болып жатқан рухани азғындық , келеңсіз қайшылыққа толы кер уақытты да толғап, жырлап өтеді. Онысы да сәтті шыққан. Кітаптың ішіндегі өлеңдерін жалаң сөздермен емес, ұтқыр көркем қазақи теңеулермен, кестеге өрнек салғандай шебер бейнелеп бере алған.Әсіресе қазіргі қоғамдағы қым-қиғаш, жастардың сана-сезімін улайтын және улап жатқан көгілдір экрандағы қаптап кеткен мән-мағнасыз, ұлтымызға жат телешоуларға, көше бойында тәнін саудалап жүрген қаракөз қыздарымыздың қылығын, халықтың дәстүрлі қоңыр домбырасы, қобызымен айтылатын, тартылатын ән-күйлерімізді даңғаза музыкаға айналдырып жібергенін де, отты жырымен қамтып, шарпып жазады. Жоғарыдағы ой-толғамдарын жырламай тұрып, ақын мына бір шумақ өлеңімен өзін-өзі қайрап, қамшылап алады.
Жазайын десем менсіз де,
Алматыда ақын көп.
Жазбайын десем «елсізде»,
Өлеңнен басқа жақын жоқ.
Домбыраның қоңыр үні, оның шанағынан төгілген күйлердің, құрышыңды қандыра салатын халықтық әндердің, орнына айтылып жүрген жат музыкаға қарсылығын ақын былай толғайды:
Топан қаптап тұма көзін бүркеді,
Жын жетектеп, Түлен келіп түртеді.
Жеңіл әуен желіктірген өскіндер,
Өлең десе, өнер десе үркеді.
Сәнім-салтым қалған кезде тұралап,
Қиқаңдаған ұл-қыз шықты «уралап».
Жындандырса әніңдегі музыка,
«Атағыңды» елге жаяр бір ән-ақ.
Мода-сән дегендерді желеу етіп, Батыстан келген сән үлгілерімен киінеміз деп, қалай болса-солай, ашық-шашық шашылып жүрген аруларымызға арнап:
Ұялмай-ақ көрсеткен соң кіндігін,
Қылығынан жиіркендім құрбының.
Май құйрықтың маңайында ышқыры,
Сыпырылып түсуге шақ жүр бүгін.
Қайран ғана, аруларым, асылым,
Қымбатыңды қымтап ұста жасырын.
Намысыңды шылғау етпек аяққа,
Батыс билеп жетектеген ғасырың.
Құралайы сүп-сүйкімді еліктің,
Шырмауында нең бар мода желіктің,
Қыз-болашақ бөксесінен жалаңаш,
Ей, әкелер, «тек»десеңші нені құтың,–дей отырып, осылардың жойылатын жауабын ақын былай береді.
Кешір, Алла,
Жүрегі тас пендеңді жібітуге жоқ шара,
Оның басын мен емес, сен саласың ноқтаға.
Санасына сәулені түсіретін тағы өзің,
Мен тоқтата алмаймын бара жатыр оппаға…
Бір жұғыстық болар еді адамдардан дарыса,
«Аршын» төсін жабар еді иман жолын таныса… –деп иманға шақырады.
«Мәңгілік мекен» атты жыр жинақ кітапты да оқып біттім. Көксейімде бір өлең. Ол өлең «Біздің таудың қасқыры». Қайтара қотара оқыдым, көңіл шіркін көк жиекке көтеріле шарықтады. Абдан қасқырдай көкжал бабаларым көз алдыма елестей берді. Оларды да атып сұлатқан. Ендігі кезекті өлең патшалығының өзіне берейік.
Біздің таудың болатын бір қасқыры,
Ұлығанда естілетін ащы үні.
Таудың күллі киіктері елеңдеп,
Жалтақ-жалтақ жайылатын жас бұғы.
Айналасын қалт кетірмей тінтетін,
Аңқаулыққа жібермейтін кілт есін.
Сақсынатын сап ететін көкжалдан,
Бір пәленің тұтатар деп білтесін.
Күңірентіп мылтық даусы жар салып,
Сол қасқырды атып кетті аңшы алып.
"Азулыдан құтылдық" деп тау іші,
Киік біткен биге басты, ән салып
Жүрмеген соң айналада «қас» торып,
Алды-алдына қалғып кетті мас болып.
Жер бетінде қасқыр барын көрмеген,
Қам-қайғысыз ұйықтап жатты жас қодық.
Мұны білген өзге таудың бір мықты,
Көк бөрісі қырқар ма екен тірлікті.
Тақвр шаптан тартар ма екен талайды,
Ұмытуға бастағанда бірлікті.
Несі қызық мүлгігенмен атырап?
Өз мықтысы жүргені жөн бақылап.
Маубастықты сергітуге бір қасқыр,
Өз тауында жортып жүру мақұл-ақ!
Мына кең байтақ, Ұлы далада айбынын айға білеген батыр бабаларымыз, көкжал бөрідей жортып, елін, жерін сыртқы жаулардан қорғап, елдік еңсемізді түсірмей, бодандық бұғауды кигізбей, түн ұйқысын төрт бөліп, бөрілі байрақты көкке желбірете көтеріп өткен жоқ па еді.
Олар барда басқа жұртпен тереземіз тең болатын. Қайран батыр бабаларым ақыра, айбаттана шыққанда жерімізге, елімізге көз алартып, ие болғысы келгендер сақсынатын, санасатын.
Бір-ақ тұтқиылдан мылтықтар атыла бастады. Бірінші кезек те отауыздан шыққан жан алғыш оқтар ел қорғаған есіл ерлерге тие бастады.
Күңірентіп мылтық даусы жар салып,
Сол қасқырды атып кетті аңшы алып, — дейді ақын ашына.
Еске өз елін, өзге елге езгіге бермейміз деп, патшалық Ресеймен қасық қандары қалғанша айқасып өткен Кенесары-Наурызбай, Исатай-Махамбеттер, соларға ерген күллі батыр бабаларымыз түседі. Олар келер ұрпақ қамы үшін туған топырақты қасық қаны қалғанша қорғаған еді ғой. Осы азаттық жолында асылды, атылды, сатқындықтың да зардабын шекті. Ұлы мақсат жолында өздері өлгенімен, елдің еңсесін тіктеп кетті.
Олар қарақан бастың қамын ойлаған жоқ , тұтас елдің, ұлттың болашағын ойлап, бастарын бәйгеге тікті. Ұлтты оятты.
Ұлттың оянғаны емес пе. Кешегі қилы заманда, анттарын бұзған, ант ұрғандарға: "ұлт азаттық көтерілісін ұйымдастырған жастар қырылғанша біз мына қарттар қырылайық",– деп атойлап шыққан Жәмеке, Ұзақ бабаларымыздың ісін басқа өңірдегі батырларымыз жалғастырып әкеткен жоқ па еді.
Жиырмасыншы ғасырдың басында а құдайлап, «патша тақтан құлады, енді кешіксек, ұрпақтың қарғысына қаламыз» деп Алаш көсемі Әлихан ақсақал бастаған ұлт зиялылары атқа мінбеп пе еді.
Оларға да мылтық атылды. Зұлмат заман дегенін істеді.
Арғы бетте, Шығыс Түркістанда көк бөрілердің соңғы көкжалы Оспан батыр шықты, қазақ елінің көк туын тіктеймін деп арпалысты, айқасты.
Тағы да мылтық атылды. Аңшы қапы кеткен жоқ, көкжал қанға боялып жығылды.
Аяғы 1986 жылғы желтоқсан ұлттық көтерілісі. Атаның аталық қаны бұзылмай құйылған, аруақты әз аналардан туылған, қазақтың ардан жаратылған ұл-қыздары бабалардың аңсаған арманы азаттықтың көк туын ортаға алып шықты.
Тағы да мылтық атылды.Аңшылар қаптап кетті. Атылды, айдалды, сатқындықтың да а-й, тартты-ау зардабын. Бөрілердің бөлтіріктері қансырады.
Осылардың бәрінің арты қайырлы болып, Тәңірім тәуелсіздікке қол жеткізді. Бізге тәуелсіздік осылай келген. Осы бір өлеңнің соңында, ақын былайша шыйырлатады.
Несі қызық мүлгігенмен атырап?
Өз мықтысы жүргені жөн бақылап.
Маубастықты сергітуге бір қасқыр,
Өз тауында жортып жүру мақұл-ақ!..
Иә, солай, мынау кең байтақ Ұлы далада көкжал қасқырлардың жортып жүруі жөн-ақ.. Абыз даламызға көз алартқандарға сес болары анық-ақ..
Міне кітаптағы ақынның «Біздің таудың қасқыры» атты өлеңі менің жеке ой толғамымда осылай жырланады.
«Мәңгілік мекен» жыр жинағынның авторы ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы. Биыл ер жасы елуге келетін ақын бауырыма жасындай жарқыраған жырларың мол болсын демекпін. Торқалы тойың құтты болсын. Мына бір өз өлеңіммен мақаламды аяқтамақшымын:
Толтырып қаусарыма көзем ішін,
Ішетін күнімді бір сезеді ішім.
Жапанда тартып келем жан ұшыра,
Аңсаған асау көктей өз өрісін, – деп өзі жырлағандай Дәулетбек ақын өз арнасын тапқан ақын.
Жұмабек ТАБЫН