Алматы облысында өткен жексенбіден бері хабарсыз кеткен үш жігітті іздеу жұмыстарына еріктілер де жұмылдырылған болатын. Әзірге жоғалғандардың екі көлігі ғана табылған. Басқа дерек жоқ, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Алматы облысы Жамбыл аудандық ІІБ өкілдері ұзын саны 300 шақты еріктіден үйді-үйлеріне тарауды, жоғалғандарды полиция қызметкерлері өз күштерімен табатынын айтқан.

Осы оқиға жөнінде Алматы облыстық ІІД-ге хабарласқанымызда, баспасөз қызметіндегілер қазір іздестіру жұмыстары жүріп жатқанын, оның нәтижелері туралы қосымша хабарланатынын ғана жеткізді.
«Іздеу жұмыстарына облыстық ІІД қызметкерлері жұмылдырылып отыр. Қазір нақты мәлімет жоқ. Іздеу жұмыстарының барысы туралы қосымша хабарланады» дейді баспасөз қызметіндегілер.
Еріктілер болса, ел аман, жұрт тынышта үш бірдей азаматтың жоғалуы қатардағы қылмыс еместігін айтады. Ол адамдарды қандай да бір қылмыстық топ тонау мақсатында ұрлап кетуі мүмкін деген де күдіктері жоқ емес.



Естеріңізге салсақ, мал саудасын кәсібіне айналдырған 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17 қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған. Ол күні малдары өтпей, жексенбі сол ауылдан 40 шақырым жердегі белгісіз бір азаматтарға сатпақ болады. Содан бері аталған жігіттердің жүрген жері туралы еш хабар жоқ.
Ерлан Төлеубай