Журналист Алматының қоқыстарын сөйлетті (ФОТО)

/uploads/thumbnail/20170709094216847_small.jpg

Алматыны көрмегендер үшін ару қаланы көру кәдімгі үлкен арман. 2013 жылдың күзінде жұмыс барысымен Алматыға келдім. Қала сұлулығында шек жоқ. Даланың қызы (Қостанайлықпын) алғаш рет асқар Алатауды көрді. Күн деген шақырайып тұр. «Рахатын-ай» деп ойладым ішімнен. «Жер жәннаты – Жетісу» деп қазақ бекер айтпаған-ау. Шынында да айналаң толған әдемілік, ең бастысы қыркүйектің күнінде қалың киінбей, бас киімсіз жеңіл киініп жүресің. Екіншісі тіпті ғажап. Уақыт өте келе «розовый очкиімді» шештім. Жан-жағыма қарасам, қоқыс көп. Көшеде келе жатып қоқыс лақтыру үйреншікті нәрсе, әдепкі құбылыс екен. Қостанайда кока-колаңды урнаға емес, кез келген жерге тастасаң ұрыс естисің, назарға ілігесің. Ең қызығы, ластайтындар кем де кем. Сол себепті мен таң қалып, жаға ұстадым. Алматылықтар мен қала қонақтарына экология-тазалық жайында нотация оқығым келмейді. Оның орнына басқаша стиль-амал ойластырдым. Жансызға жан бітіріп, сөйлетті деп сөге көрмеңіздер. Жақында отандық кинотеатрлардан көрсетілген «Шұжықтар сауық кеші» ересектер мультфильмінің негізгі идеясын ашық түрде ұрлап отырмын. Менің хикаям бойынша барлық тұтылған заттар қоқыс жәшігіне түсуді армандайды. Соны зор мәртебе тұтады. Ал, жәшікке түспегендер қайғы-мұң кешеді.

Сатып алды. Шөлін қандырды. Бір жаққа асықты. Жүгіріп бара жатып тастай салды. Өткен-кеткен менен көз алмайды. Кейбірі мені келеке етеді. Әлде маған солай көріне ме? Бар білетінім – жерде жатқан кімге ұнайды? Үйім болса қол созым жерде. Әттең, жетуге қолым жоқ...

Бір әпенді мені өз үйінен шығарып, қақпаның қасына тастай салды. Сотқар балалар іштері пысқан-ау шамасы еріккеннен мені шашып ойнады. Бүйткен ойыны құрысын! Ең сорақысы – мен енді кішкентай бүлдіршіндер асыр-салып ойнайтын аулада шашылып жатырмын. Қолына не тисе, бірден ауызға апаратын бейқам бөбектер мені шайнауда, тістеуде. Мені жұтып қоя ма деп зәре құтым күнде қашады. Өзімді емес соларды уайымдаймын. Аула сыпырғышы қашан мені сыпырып алады екен?! Жатқаныма көп болды...

Негізі өзім сый-құрметке ие жанмын. Жасым да біршамада. Көп көрдім, көп білемін. Алайда мұндай ауыр жағдайға тап боламын деп ойламаппын. Бір қағаз жасау үшін қанша ағаш кесілетінін біле тұра адам мені сыйлаудан қалды. Қаннен-қаперсіз лақтыра салады. Қоқыс жәшігіне түссем бір жөн. Көнер едім. Негізі қағазды қайта өңдеу жеріне барып өткізсе қайтеді?! Қоғам үшін игі іс болмас па еді?! Ақша болсам осылай мұң кешпес едім. Заман-ай...

Мен бір бейбақпын. Жағдайымды сұрамаңыз. Қанды қылмыскермін. Оңбаған адам шайнап-шайнап асфальтқа түкірді. Мені енді ақымақ құстар жем деп шұқып жеуде. Біреуі өліп қалды.

Менде мінез деген жетерлік. Өркөкіректігім тағы бар. Тура адам сияқтымын. Дегенмен нақұрыс емеспін. Сөздің турасын айтсақ, әдемі табиғаттың көркін бұзып жатқым келмейді. Табиғат маған еш жамандық жасаған жоқ. Мен болсам адамның кесірінен оған қиянат қылудамын. Оның сұлулығына сызат түсіріп келемін. Мені жерден теріп алып, шегетін жеткіншектер қаншама... Кейде өртке себепшімін. Қоқыс жәшігінде ешкімге залал-зияным тимей тыныш жатар едім, әттең!

Жалғасы бар...өкінішімізге қарай...

Жазира Байдалы

Суреттерді түсірген: Ернар Алмабек

Қатысты Мақалалар