ЕАЭО мен ҰЛТТЫҚ КӨШІ-ҚОН КҮНІ. Қайсысы маңызды?

/uploads/thumbnail/20170709121445415_small.jpg

"Қамшы" ақпараттық порталы құрылған күннен бастап, ең басты тақырыптарының бірі ретінде "Қазақ көшінің" мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келеді. Ұлттық партияның рөлін атқарып отырған қазақ баспасөзі, оның ішінде, "Түркістан" газеті, "Жас Алаш", "Дат", "Абай.кз", "Ұлт.кз" сынды ақпарат құралдары да осы "Ұлы көштің" жаршысы болды. Сондай-ақ, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Әміржан Қосанов, Дос Көшім, т.б. көптеген ұлт патриоттары шетелдегі қандастардың елге оралуына барлық уақытта үн қатпаған кезі жоқ. Әрине, 25 жылда тәуесіз Отанға оралған 1 миллион қазақ - қазіргі биліктің ең үлкен жетістігі. Биыл Елбасы тізгінін ұстаған "Қазақ көшіне" - 25 жыл толып отыр. Осыған орай алдағы 18 қарашада Алматыдағы Студенттер сарайында "Қазақстан" ұлттық телеарнасы мен "Қамшы" порталы үлкен мерекелік шара өткізуді жоспарлауда. Бұған Атажұртқа оралған ағайындар мен биліктегі мемлекетшіл азаматтар қолдау көрсетуде. Бұл шараға қазақ білімінің қарашаңырағы әль-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов мырзаның да айрықша ықыласын айта кеткен жөн. 

Хош. Осылай деп ұлттық көші-қонды ұлықтап отырғанда Бақытбек Смағұл мырза жерден жеті қоян тапқандай жаңалық ашты. Депутаттың айтуынша, 29 мамырды «Еуразиялық ықпалдастық күні» деп мерекелеуіміз қажет екен. Бір қызығы, осы депутат 1991 жылығы 18 қараша, «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылды жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші БАЙЫРҒЫ ҰЛТ адамдарын Қазақ КСР-іне қоныстандыру тәртібі мен шарттары» туралы Қаулыға Елбасы қол қойған күнді «Ұлттық көші-қон күні» ету туралы да Премьер атына хат жолдаған екен. Бұл мәселені ақын Ауыт Мұқибек те жазған болатын. 

«Баршаға белгілі, 2014 жылғы 29 мамырда қазақ жерінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Жас ұрпақ арасында ынтымақтастық идеяларын насихаттау және қос құрлықтың – Еуропа мен Азияның ықпалдастығы қай елде басталғанын әлемге паш ету үшін мен  деген жаңа мереке енгізуді ұсынамын», - депті депутат.

Дұрыс-ақ, халыққа, мемлекетке септігін тигізген, соған түркі болған қанай да бір атаулы күндердің мереке болғаны жақсы. Алайда, осы «Еуразиялық экономикалық одақ» қазақ еліне қаншалықты пайдасын берді, оны айта қою қиын. Аталмыш одақ құрылған жылдың өзінде «Кремльдің интеграциялық жігері фонында Қазақстанның сыртқы саудадағы РФ үлесі соңғы бірнеше жылда барынша төмендегені» айтылған болатын. Себебі, Еуразиялық интеграцияның идеялық негізі, іс жүзінде экономикалық апат болмаса да Қазақстан мен Ресей экономикасы үшін теріс әсермен аяқталуы әбден мүмкін екендігін көптеген экономистер болжаған.

Онымен қоса, Қазақстан аталған одаққа қосылған кезде, асты сызылып, барынша тәптіштеліп айтылған мәселенің бірі одақтың тек «экономикалық» сипат алатындығында еді. «Саяси» реңі мүлде болмауға тиіс болатын. Алайда, одаққа мүшеліктен кейін, Қазақстан одақ елдерінен, әсіресе Ресейден «импорттаушы» елге ғана айналып қалғанымен қоймай, әлемді өзіне қарсы қойған Ресейдің «сұрап алған» санкциялары Қазақстанға да ықпал етті. Ұлттық валюта құлдырап, кейбір шағын кәсіпорындардың өнімдері «Ресейдің» қуатты бұйымдарымен бәсекелесе алмай қалды. Әрине, одақ нарығындағы Қазақстанның негізгі тауары қазба байлықтар мен тау-кен өнімдері еді. Оны Қазақстан одақсыз да сата алатын. Өйтетіні, Қазақстанда қоры мол аталған шикізаттарды алуға шетел барынша мүдделі еді.

Біз, содан бір жылдан кейін ДСҰ-ға да мүше болдық. 27 шілдеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо республиканың ДСҰ-ға мүше болуы жөніндегі хаттамаларға қол қойды. Мерекелеу тиіс болса, осы күнді атап өтуге болар еді. Себебі аталған ұйымға мүше болу үшін Қазақстан 20 жыл күтті. Шынтуайтында, Қазақстанның ДСҰ мүшесі екенін біз естен шығарып алдық та.

Ресми түрде, Қазақстан аталған ұйымға, 2015 жылдың 30 қарашасында 162 мүше болып тіркелді. Содан бері бір жылға таяу уақыт. Әлемдік нарықта, шикізат қорымен ойып орын алатын Қазақстан осы мезгіл арасында өзін көрсете алды ма? Мүлде көрінген де жоқпыз. Көрінуге ұмтылмадық та. Отандық БАҚ мүлде жақ ашпады деуге де болады. Мына тұрған көршіміз, министріміз менсінбей жүрген Қырғызстан сол ұйымға 1998 жылдың 20 желтоқсанында мүше болған. Ешқандай шикізатсыз-ақ ұйымның арқасында, әлем елдерімен еркін сауда қатынасын орнатып, экономикасын аяқта ұстап отыр.

Айтайын дегеніміз, жалған ұран ұстанып, онсызда «Құдайдың құтты күні» теледидардан айтылып жататын ЕАЭО-ны мереке еткеннен не ұтамыз? Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭАС) сауда айналымының көлемі 2015 жылы 26 пайызға төмендеген. Бұл туралы Халықаралық дағдарыс тобының (ICG) «Еуразиялық экономикалық одақ: Билік, саясат және сауда» баяндамасында жарияланған еді. Осы мақаланы жаза отырып, Қазақстан осы одақтан Миллиондаған пайда тапты деген есепті кезіктіре алмадық.

Бақытбек Смағұлдың миллиондық пайдасы жоқ одақты мерекелейік дегенінен тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай Миллион қандасымыздың елге көшіп келуіне сеп болған «қаулы қабылданған» күнді «Ұлттық көші-қон күні» еткеніміз әлдеқайда маңызды болмақ.

Қатысты Мақалалар