Ақтөбеде тағы да дүрбелең. Полицейлердің төл мерекесі қарсаңында тәртіп сақшылары мен қылмыскерлер арасындағы атыстан екі қылмыскер оққа ұшып, өз қызметін орындау барысында тағы екі полиция қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қала іргесіндегі Кірпішті ауданындағы үйлердің біріне тығылған күдіктілер өз еріктерімен берілуге қарсылық көрсетіп, оқ жаудырған. Қарулы топтың діни ұйымға қатысы барын құзырлы орган растап отыр.
Осыдан төрт күн бұрын полицияға таксисті белгісіз біреулер пышақтап кеткені туралы хабар түседі. Алайда, қылмыскер оқиға орнына келіп жеткен тәртіп сақшысының өзін, бірнеше жерден атып кетеді. Осы оқиғадан кейін шұғыл аса қауіпті қарулы топты ұстау операциясы басталады. Қаскөйлер Актөбе іргесіндегі мына үйлерде жасырыныпты. Арнайы жасақ пен қарулы топтың арасында алты сағатқа жуық атыс болды. Күдіктілер өліспей беріспеуге бекінген. Сондықтан, арнайы жасақ сарбаздары мен ішкі әскери бөлім солдаттары, БТР техникасымен мергендер тартылып, соғыс алаңына айналды әп-сәтте. Алғашында ештеңе түсінбей қалған тұрғындар, атылған оқтың жаңғырығы жиілеген кезде барып, көшеге шыққан. -Жүгіріп шықтым. Мылтықтардың дауысы естілді. Әскери киінген адамдар жүр екен. Куәгерлер сүннет киім киген дін өкілдері қылмыстық топпен келіссөз жүргізгендігін айтады. Ал, маңайдағы тұрғындардың айтуынша, сақалды адамдар бұл жерге жиі жиналады екен. -Сақалы бар, басында тақиясы бар жігіттердің жүгіріп бара жатқанын көргенмін. Осы арада вахабистер дей ме, бірдеңелер жүр дейді. Оларды түсінбесек те вахабист десе қатты қорқамыз енді. Полицияға өз еркімен берілмей, оқ жаудырған 3 қылмыскердің есімі де белгілі болды келесі күні. 1991-жылы туған Жоламан Бекбауов, 1994-жылы туған Ғабит Құрманқұл, ең ересегі 1989-жылы туған Ерназар Мырзағали. Атыс кезінде олардың екеуі қаза тауып, біреуі ауруханаға жеткізілді.Тағы екі полиция қызметкері операция кезінде жараланды. Ал, қызметін орындау барысында оққа ұшқан Темірбек Жақсылықов күні кеше жер қойнына тапсырылды. Оның артында төрт жасар ұлы мен жары қалды. -Жас сарбаз еді. Тірі болса тамыз айында 33-ке толатын. Оның атасы да 40 жыл бойы полиция қатарында қызмет еткен. Жұмыстың бабымен болған жағдай ғой енді. Амал жоқ. Көнеміз. Бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар мен жәбірленушілер жоқ. Жаралы полицейлердің жағдайы да бірқалыпты қазір.
Мақсат Толықбай.
31 телеарна
Пікір қалдыру