Ұзынағаштағы үш ағайынының өліміне қатысты кезекті сот отырысы Қаскелеңде өтті. Жол жағдайына байланысты жәбірленушілер Талдықорғаннан кешігіп келгендіктен 12-де басталуы тиіс сот отырысы 13:10-да басталды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, мал саудасымен айналысқан ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты тергеу жұмыстары аяқталып, сот процедурасы кезеңіне өткен еді. Алайда, тергеу жұмыстарына марқұмдардың туыстары күмән келтірген болатын.
Сот отырысында жәбірленушілер тыңдалды. Марқұмдардың туыстары өздерінің тергеу жұмысымен танысқанын, алайда көңілі толмайтынын баяндады. Олар Соттан тағы да әділ шешім шығаруын, оқиғаны бүге-шігесіне дейін анықтауды өтінді.
Естеріңізге салсақ, 18 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданында жоғалған үш азаматтың қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны, осы қылмысқа қатысты күдікті ретінде 24 қыркүйекте екі азаматтың ұсталғаны хабарланған болатын.
Аталған үш азамат, 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17 қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған.
Ерлан Төлеубай
Пікір қалдыру