Ұзынағаштағы үш ағайынының өліміне қатысты кезекті сот отырысы Қаскелеңде өтті. Жол жағдайына байланысты жәбірленушілер Талдықорғаннан кешігіп келгендіктен 12-де басталуы тиіс сот отырысы 13:10-да басталды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, мал саудасымен айналысқан ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты тергеу жұмыстары аяқталып, сот процедурасы кезеңіне өткен еді. Алайда, тергеу жұмыстарына марқұмдардың туыстары күмән келтірген болатын. Сот отырысында жәбірленушілер тыңдалды. Марқұмдардың туыстары өздерінің тергеу жұмысымен танысқанын, алайда көңілі толмайтынын баяндады. Олар Соттан тағы да әділ шешім шығаруын, оқиғаны бүге-шігесіне дейін анықтауды өтінді.
Бірінші сот тыңдауына марқұмдардың 50-ден аса туысы өзге қалалардан келді. Сотқа Ұзынағаштың екі тұрғыны Мұрат Оңалбаев пен Талғат Сүлейменов тартылып отыр. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 99 ("Адам өлтіру"), 192 ("Қарақшылық") және 202-баптары ("Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру") бойынша айып тағылған.
Сондай-ақ, қылмысты хабарламады деп жергілікті малшы Бақыт Байқасымов айыпталып отыр. Сөйтсек, ол 2000 жылы тонау және қарақшылық баптары бойынша Қарағанды облысында соттадып, бес жыл отырып шыққан екен.
"Мен өз кінәмді мойындаймын, бірақ ішінара. 192 және 202-баптар бойынша тағылған айыппен келіспеймін. Бұл алдын ала келісу болған жоқ, көлікті өртеген жоқпыз. Ұқыпсыздықтан болды", - деп мәлімдеді Сүлейманов.
Ал Оңалбаев өзіне тағылған ешбір айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Қылмыстың куәгері, яғни жергілікті малшы Байқасымов та айыппен келісіп отырған жоқ. Айтуынша, ол қылмыс жайлы құқық қорғау органдарына өзінің және жақындарының өміріне алаңдағандықтан хабарламаған.
Отырыста бірінші болып мемлекеттік айыптаушы сөз сөйледі. Ол қанды қылмыстың хронологиясын баяндады. Оның сөзіне қарағанда, сотталушылар ағайындыларды тау бөктерінде бір-бірден өлтірген. Алайда марқұмдардың бірі бұл нұсқамен келіспейтінін айтты. Қаза тапқан Жарқынбек Долданұлының ағасының айтуынша, үш ер адам оқ атылғанда сезіктенуі тиіс еді. "Мұнда қылмыскерлер тау бөктеріне жақындағанда 16 бас малды үш рейспен жеке-жеке тасыған деп жатыр. Бастапқыда ағайындылардың бірімен тасыған, кейін екіншісін және осыдан соң үшіншісін апарып өлтірген дейді. Бірақ бұл жігіттердің мал саудасымен айналысып жүргеніне талай жыл болды. Олар малды шатқалға апаруға келіспес еді. Оларды зорлап апарған. Барған жерлерінде осы екі қылмыскердің бандасы болған, оларды да түрмеге қамау керек", - деді марқұмның ағасы.
Айта кетейік, марқұмдардың туыстары әрбір отбасыға 15 миллион теңгеден өтемақы талап етіп отыр.
Естеріңізге салсақ, 18 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданында жоғалған үш азаматтың қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны, осы қылмысқа қатысты күдікті ретінде 24 қыркүйекте екі азаматтың ұсталғаны хабарланған болатын. Аталған үш азамат, 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17 қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған.
Ерлан Төлеубай
Пікір қалдыру