ЫДЫРЫСОВ ҚҰЛАҒАН «EXPO 2017» ҒИМАРАТЫ ТУРАЛЫ АЙТА БЕРМЕУГЕ ШАҚЫРДЫ

/uploads/thumbnail/20170709160322577_small.jpg
Бүлінген павильонның суреті

Бүгін, Елбасы «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясы басшысы Есімовті қабылдады.  Кездесуде А.Есімов Елбасыға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық барысының соңғы кезеңі туралы баяндады. Дегенмен кеше ғана құлап қалған павильон туралы сөз бола қойған жоқ.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтып, тіпті «алғашқы нысандар тапсырылуға дайын, соның ішінде жалпы көлемі 285 мың шаршы метр болатын халықаралық павильондар бар», - деді.

Есімовке «Бізге шетелдік қатысушылар көрмеде көрсететін жаңа инновациялық технологияларды барынша пайдалану қажет», - деген  Елбасы көрмені лайықты өткізіп, содан кейін Қазақстанда оның жетістіктерін пайдалану қажеттігін атап өтті.

Павильонның құламай тұрғандағы суреті

Ал, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов кеше орын алған төтенше жағдайға қарамастан ЭКСПО-2017 көрмесі нысандарының бәрі уақытында тапсырылатындығын жеткізді.  «Ешқандай үлкен мәселе жоқ. Бұл аралық конструкция, негізгі ғимарат емес. Бұл жұмыс процессі. Кез келген құрылыста осындай жағдайлар болып тұрады. Шұғыл әрекет жасалды, қаза тапқандар жоқ. Құрылыс жүріп жатыр, бәрі уақытында тапсырылады. ЭКСПО бойынша қойылған барлық міндеттер уақытында орындалады. Кеше нақты түсінік берілді», - деді Ыдырысов.

Ал, сенат депутаты Асхат Күзековтың айтуынша, ЭКСПО секілді күрделі құрылыстар кезінде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. «Бұл мәселеге көп көңіл аударудың, меніңше, қажеті жоқ. Өйткені бәрі ойдағыдай болуы тиіс. Құрылыс тиісті деңгейде жүріп жатыр», - дейді депутат.

Еске сала кетейік, кеше Астанада ЭКСПО көрмесі аумағындағы нысандардың бірі опырылып түсті. Құрылысты жүргізген BI Group компаниясының хабарлауынша, бұл құрылым тек декоративті болып табылады әрі ол ешқандай функционалдық қызмет атқармайды. BI Group басшысы Айдын Рахымбаев EXPO аумағындағы құрастырманың опырылу себебін төмендегідей түсіндірді:

"Біріншіден, құрастырма жайлы айтар болсақ - бұл шын мәнінде сәулет-декоратив элемент. Формасы - металл ферма. Оны құрастыру және монтаждау жұмыстарымен еліміздегі ең кәсіби "Имстальком" компаниясы айналысты. Біз кәсіби құрылысшылар ретінде қазірдің өзінде олардың біліктілігіне күмән келтірмейміз. Кеше де бар жауапкершілікті оларға артып қоя салмадық, бүгін де солай", - деп жазды Facebook желісінде Build Investment Group холдингінің президенті Айдын Рахымбаев.

Оның айтуынша, суреттерді анықтап қараса құрастырманың балқытып біріктірілген жері немесе монтаж тіреуіштері сынғанбаған, оны қасақана кесіп тастағандай әсер қалдырады. "Ал негізгі құрастырманың бекемділігін осындай биіктіктен құлаған сәтінде тіпті аспаларындағы әйнектерінің сынбай қалуынан байқай беруге болады. (...) Инженерлермен кеңескеннен кейінгі алдын ала тұжырымымыз - 90 метр ферма аяз түскен кезде металлдың қысымына шыдас бермеді, себебі металлдың химиялық құрамы құжатта көрсетілген бекемдігіне сай болмады, ал негізінде металл аяз бен ыстық түскендегі жағдайда сығылу мен созылуға төтеп бере алатындай есеппен жасалады. Мұның тек алдын ала пікір ретінде айтылып отырғанын атап өтейін. Қорытынды шешімді сарапшылардан құралған комиссия жасайды. Бұл жақын уақытта болады деп үміттенемін. Бірінші кезекте Қытайдан жеткізілген металлдың химиялық құрамына сараптама жасалады. Бұл металлдардан көрме территориясындағы өзге де нысандар бой көтерген болатын. Зертхана сараптамаларын күтеміз", - деді Рахымбаев.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар