Болашақта адамзаттың табиғи тағамдарға қолы жетпеуі мүмкін

/uploads/thumbnail/20170709164436038_small.jpg

АҚШ-тың Мэн университетінің ғалымдары жаһандық климаттық өзгерістерден соң адам баласы азық-түліктің табиғи түрінен айрылуы мүмкін екенін айтты. Қарқынды жүріп жатқан жаһандық жылыну үрдісінен жеміс-жидектердің кеш пісуі және сапасының бұрынғы қалпынан ауытқу көріністері қазірдің өзінде байқалуда. Мәселен, пісу мерзімі өтсе де тіске қатты тиетін алмұрт, қызанақ, қауын, өрік сияқты жемістер мен көкөністерге жер шары тұрғындары бүгінде үйрене бастады. Ғалымдар жеміс-жидектердің кейбір түрі болашақта мүлдем жойылып кетуі мүмкін деп болжауда.

Мысалы, авокадоның мерзімі жетсе де піспей қою қауіп бар. Климаттық өзгерістер жер бетіндегі кофе алқаптарын да жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан бүгінде дүкен сөрелерінде толып тұрған кофе болашақта табылмай кетуі ғажап емес. Қазірдің өзінде кофе алқаптарының 50 пайызы климаттық өзгерістің зардабын тартуда. 

Шет ел ғалымдары бұлақтар мен өзендердің кеуіп кету салдарынан сыра өндірісі тоқтатылады деген болжам жасады. Өйткені нағыз сапалы сыра табиғи таза бұлақ суынан қайнатылады. Ал «сәнді тағамдар» ретінде танымал шаяндар мен ұлу түрлері мүлдем жойылуы мүмкін.

Адамзат келешекте гендік өзгеріске ұшыраған азық-түлікті тұтынатынын әлем ғалымдары мойындап отыр. Биохимияның арқасында болашақтың адамдары бау-бақша егіп әуре болмайды, арнайы принтердің көмегімен өзіне қажетті өнімді «өндіруге» мүмкіндік алады. Биохомияға арналған принтерге жасанды шикізатты салып, алма, қауын немесе ет өнімдерін «жасап» алады.

Шет елдің ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, 2070 жылға қарай дәнді дақылдың көптеген түрлеріне адам баласының қолы жетпеуі мүмкін деген болжам жасалуда. Жер бетіндегі өзгерістер салдарынан бидай, күріш сияқты ең маңызды деген дәнді дақылдар өспей қалады деген қауіп бар.  

Жаһандық жылыну салдарынан жер бетіндегі климаттық өзгерістер дәнді дақылдарға кері әсерін тигізуде. Ғалымдар өсімдіктердің геномдары қоршаған ортаға бейімделуі үшін температураның жоғарылауы қазіргіден 5000 есеге баяу болуы керек дейді. Қазіргі қарқынмен кете берсе, 2070 жылы адамзат азық-түлік тапшылығына тап болуы ғажап емес.

Енді 50 жыл өткенде адамдар қазіргідей тамақтанбайды. Азық-түліктің барлығы жасанды жолмен алынатындықтан, тамақтан алатын қуатты энергияның бақса түрі алмастырмақ.  Ал жаңа дәуірдегі адамзат жасанды тағамдардың арқасында ұзақ өмір сүре ме? Ол жағы әзірше белгісіз.

Дана Қамшыбек

Қатысты Мақалалар