Осы жылдың сәуір айының ортасынан басталған жер дауы қазақ жеріне қатысты көптеген былықтың бетін ашты. Сол кездегі Ұлттық экономика министрінің 1,7 млн. гектар ауылшаруашылық жерінің 01 шілдеден бастап сатылымға шығатыны жөніндегі мәлімдемесі бүкіл елді алаңдатып, алаңға бет бұруына себеп болғаны белгілі.
Сол күннен бергі жағдайға сәл шолу жасасақ, қарапайым халық жер үшін ашық күреске шығып, «Алаш жолы» азаматтық қозғалысы құрылып, миллиондаған адам «Жерді сатпаймыз,тілді сақтаймыз» деп ұрандатты.
Атырауда өткен бейбіт митинг ұйқыда жатқан қазақ санасына суық су сеуіп жібергендей дүр сілкіндіріп, жер үшін бейбіт жолмен күресудің тамаша үлгісін паш етті. Оны іліп алып кеткен бірнеше қалалардағы шағын митингілер биліктің иманын ұшырып, «Алаш жолы» қозғалысының халық атынан билікке қойған бірнеше талабын орындатуға қол жеткізді. Халық біріксе күш бола алатынын, күшке айналса билікке үкімін жүргізе алатынын сезінді.
Соның арқасында жерге қатысты бірнеше жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтқанда:
БІРІНШІ, билік 1,7 млн. гектар ауылшаруашылық жерін 01 шілдеден бастап сатылымға шығарудан бас тартты.
ЕКІНШІ, мемлекет иелігіндегі барлық ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді сатуға, жалға беруге бес жылға, яғни 31 желтоқсан 2021 жылға дейін мораторий жарияланды.
ҮШІНШІ, «Алаш жолы» қозғалысы мүшелерінің, басқа да қоғам белсенділерінің қажырлы ізденістері мен зерттеулерінің, табанды жұмысының нәтижесінде Шығыс Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарында шетелдіктердің иелігі мен ұзақ жылға жалға алуына заңсыз өтіп кеткен ауылшаруашылық жерлері анықталды.
Таратып айтсақ, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында 45% үлесі қытайдың «Уэйз Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (басшысы-Хао Бинь) тиеселі «Бәтуа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі түрлі жолмен 91 432,5 гектар жерге ие болған.
ШҚО Бесқарағай ауданында ООО "Алтай Синьцзи международная торговая компания" серіктестігі мен ООО "Илун подсолнечник компания в городе Даань" серіктестігі бірлесіп құрған «long Хin» серіктестігі 14754 гектар жер алған.
Ақмола облысында жалғыз құрылтайшысы ретінде германия азаматы Роберт Шумахер тіркелген «Ақ құлын» серіктестігіне 34 155 гектар жер тиеселі болып шықты.
Мұның сыртында Алматы облысыда, Оңтүстік Қазақстан облысында шетелдіктерге жалға берілген жерлер туралы зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Сол уақыттан бері «Алаш жолы» азаматтық қозғалысы, «Ұлы дала қырандары» және «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестіктері жасаған үлкен жұмыстарының нәтижесінде ҚР Бас прокуратурасының, ШҚО прокуратурасының, Ауыл шаруашылық министрлігінің қолдауымен бүгінде ШҚО Үржар ауданындағы «Бәтуа», «Ырғын», «Мәнфағат» ЖШС тарапынан заңбұзушылық жолмен жер берілгені анықталды.
ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті арнайы тексеру жүргізіп, комитеттің тексеру қорытындысы туралы 2016 жылдың 22 шілдесіндегі № 42-16-29-1/1 актісіне сәйкес Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының әкімшілігі тарапынан «Бәтуа» «Ырғын», «Мәнфағат» ЖШС 91432,5 гектар жерді заңсыз жалға бергенін анықтаған.
ҚР Бас прокуратурасының тапсырмасымен ШҚО прокуратурасы «Бәтуа», «Ырғын», «Мәнфағат» ЖШС әрекеттеріне арнайы тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтаған.
Соның нәтижесінде АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті аталған серіктестіктерге жер беру туралы ШҚО Үржар ауданының жер беру жөніндегі қаулыларының күшін жою тіралы сотқа арыз берген болатын. Нәтижесінде, бүгін, яғни 23 қараша 2016 жылы ШҚО арнайы мамандандырылған экономикалық сотында судья Жанар Шакенова арнайы шешім қабылдап, АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің талаптарын толықтай қанағаттандырды.
Былайша айтқанда ШҚО Үржар ауданы әкімінің «Бәтуа» ЖШС өтіп кеткен «Дәремет», «Ырғын», «Мәнфағат» ЖШС 91 432,5 гектар ауылшаруашылық жерін беру туралы 6 қаулысының және 74 келісім шарттың күшін жою туралы шешім шығарды.
Енді бұдан әрі де әділдік орнап, жоғары сатылы соттарда да Ауыл шаруашылық министрлігінің талабы қанағаттандырылса 91 432,5 гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылады.
Қорыта келгенде айтарым, қазақ баласы үшін қай заманда да жер киелі екені анық. Иесі кеткен жердің киесі де өшеді. Ғасырлар бойы төгілген атаның қаны, ананың сүтімен келген өз жерімізге өзіміз ие болайық, ағайын.
Жері жоқ ұлттың елі де, мемлекеті де болмайды. Өз мемлекетіміздің иесі, қожасы өзіміз болайық. Ол үшін ұлтарақтай жердің де шетелдіктердің қанжағасында кетпеуі үшін жан аямай күресейік. Солқылдақ заң, солақай саясаттың кесірінен шетелдіктерге өтіп кеткен жерлерді мемлекетке қайтару әрбір қазақстандық азаматтың парызы болуы тиіс.
Алда әлі үлкен күрестер, жер үшін күрестер тұр. Бүгін тек бір Үржар ауданындағы 91 432,5 гектар жерді қайтару туралы алғашқы шешім шықса, алда әлі сан мыңдаған гектар жерді қайтару ісі тұр.
Осы істе белсене, бірлесе, ат тізесін қоса әрекет етейік бауырлар. Бүгінгі жеңіс құтты болсын!
Ал қазірше, 90 мыңнан аса гектар жерді мемлекетке қайтаруға үлес қосқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметовке, өзі тікелей тексеру жүргізіп, сотқа бастан аяқ қатысқан министрліктің инспекторы Берік Мұқановқа, ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов пен оның кеңесшісі Қабылсаят Әбішевке, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Таимбетовке, прокурор Т. Туркиноваға, ШҚО арнайы мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Жанар Шакеноваға және басқа азаматтарға зор ризашылық білдіремін.
Әрине, қазір Атырауда соты жүріп жатқан, қанша әділетсіздік көріп, түрлі қысымды бастан кешіп жатса да мойымаған, тайсалмаған, жер үшін басын бәйгеге тігіп, бейбіт шеру өткізудің озық үлгісін көрсеткен қазақтың Ұлттық батырлары Макс Бокаев пен Талғат Аянға айтар алғысым шексіз. Мен ол азаматтарды мақтан тұтамын. Оларға бостандық берілсін!
Жер мәселесін бірінші болып көтеріп, «Алаш жолы» қозғалысының құрылуына өлшеусіз үлес қосқан, Шығыс Қазақстанды жаяу жалпылай бірге аралап, маған жақын бауыр, сенімді серік, айнымас дос бола білген, әрі үлкен заңгерлік көмек көрсеткен Мақсат Ілиясұлына айрықша алғыс білдіремін.
«Ұлы дала қырандары» РҚБ Төрағасы Сәдібек Түгелге, тағы басқа көптеген үлкен жүректері жерім деп соққан ұлтшыл азаматтарға, жер үшін күресіп жүрген барша халыққа зор ризашылық білдіремін.
Осы шағын болса да жеңісіміз құтты болсын ағайын, бұдан әрі де үлкен жеңістерге бірге жетіп, жеріміздің тұтастығы үшін, ұрпағымыздың тыныш та, бейбіт, бай-қуатты болуы жолында өз үлесімізді қоса берейік. Алға Қазақ елі, алға қазақ бауырлар!
Құрметпен, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласынан Айдын Егеубаев