Ninety One өкілдері де Желіде тараған аудиожазбаға қатысты пікір білдірді

/uploads/thumbnail/20170709170330473_small.jpg

Бұған дейін интернетте өзін Дәулет Тұрлыханов деп таныстырған адамның Ерболатқа «Ninety One» тобы үшін сөгіс айтқан телефон диалогы таралған еді.  Бұған қатысты «Қамшы» тілшісі ұлт мақтанышы Дәулет Тұрлыхановқа мән-жайдың анық-қанығын білу мақсатында қоңырау шалып, мәселенің анығын білген еді. Қамшыгер қоңырауына Дәулет Тұрлыханов: «Бұл біреудің жасаған интригасы. Аудиожазбада өзін Дәулет Тұрлыханов деп таныстырған дауыстың иесі мен емеспін. Ерболат Беделханмен бұл мәселе бойынша сөйлескен жоқпын. Кім не үшін, қандай мақсатта менің атымды пайдаланып отыр түсінбедім. Шын айтсам, «Ninety one» деген топ барын да білмеппін. Жаңа ғана Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы орын алған жайтты жоққа шығаруымыз қажет деп хабарласқан болатын. Мен тағы да қайталап айтайын, бұл біреудің интригасы, қатты таңырқап отырмын», - деп жауап берген болатын.

Кейіннен Дәулет Тұрлыханов Instagram желісіндегі ресми парақшасында да бұл аудио жазбадағы дауыстың өзіне тиесілі емес екенін айтты. "Құрметті оқырмандар! Мен Ninety One тобына ешқандай да сөгіс айтқаным жоқ, топ продюсері Ерболат Беделхан екеуміздің арамызда ешқандай да әңгіме болған емес", - деп мәлімдеді Дәулет Тұрлыханов.

Tengrinews.kz хабарлауынша, Ninety One өкілдері де Желіде тараған аудиожазбаға қатысты пікір білдірген: "Қазір топтың продюсерінің айналсында болып жатқан оқиғаның барлығы - қастық әрекеттер. Оны кімнің жасап жатқанын біз әзірше білмейміз. Ең қызығы Ерболат Беделханның даусын шебер салыпты, тіпті біздің өзіміз өз құлағымызға сене алмадық. Соңғы уақытта біздің айналамызда шу шығып жатқаны ешкімге де жасырын емес. Біз барлығына да түсініп қараймыз", - деп ақталған топтың продюсерлігімен айналысатын Juz Media компаниясының өкілдері.

Сондай-ақ, олар топ тарайды деген қауесетті де жоққа шығарған. "Барлық жетістікке еңбекпен, қажыр-қайратымызбен жеттік. Қазір де қажыр-қайратымыз бар. Үндемесек, бұл сахнадан кетуімізді білдірмейді. Біз жұмыс барысындамыз, еңбектеніп жатырмыз, себебі мақсатқа жетуіміз керек. Сондықтан ресми түрде айтамыз, Niney One тобын тарату Ерболат Беделханның жоспарында жоқ. Біз бір отбасымыз. Бірге бастадық, шоу-бизнестегі жолымызды бірге жалғастырамыз", - деп пікір білдіріпті Niney One өкілдері.

Айта кетейік, осыған дейін Интернетте жарияланған аудиожазбада өзін Дәулет Тұрлыханов деп таныстырған адам Ерболат Беделханға Ninety One тобы үшін сөгіс айтады. "Немене шулатып жүрсіңдер, тепсе темір үзетін жігіттер ғой балалар, (...) шетелдіктерге ұқсайды ғой түрлері, шетелге кетіп қалсын", - дейді ер адам. Бұған топтың продюсері делінген адам мақұлдап, келіскендей болады.

Қатысты Мақалалар