Құрманғазы Рахметов. ЖАСТЫҚ ЖАЛЫН, ЖАНҒАН ОТ, ҚҰРБАН ЖАСТЫҚ

/uploads/thumbnail/20170709173325635_small.jpg

(Басы өткен санда)

«Желтоқсан 86-2»


Ертеңіміз не күтіп тұрғанын білмеген де едік. Сәрсенбінің сәтті күні біздер үшін, екі пар сабақтан кейін, «Динамо» стадионының ішінде дене тәрбиесімен аяқталатын. Курстың оншақты   жігіттері  еркін күреспен айналысып, Алматыда аунап–қунап қайтатынбыз. Жатақханаға келсек, абыр-сабыр,біреулерінен жағдайды сұрастырсақ жаңа ғана бір топ жастардың Байтұрсынов көшесімен Алаңға көтеріліп бара жатқандарын көрген, қолдарында транспоранттары барын да айтты. Кешегі кешкілік кездесуден кейінгі жігіттердің бізден ертерек қимылдағандарын байқап, тез-тез жиналып  Мейіржан, Нұрлыбек үшеуіміз «Алаң қайдасың?» деп тартып отырдық.

Абай көшесінен Байсейітова көшесімен жоғарылап бара жатқанда – ақ халық көп кездесе бастады, көбінесе жастар. Алаңның кіре берісі иін тірескен халық, ортасында шоғырланған жастарды  белбеулей қоршап тұрған милиционерлердің сапымен арпалыса жүріп ішке ендік. Мейіржан мен Нұрлыбекті сол жерде жоғалтып алдым. Алаң толы жастармен қауышып, денені бір керемет сезім билеп ала жөнелгені...

 Ондай керемет сезім құшағын, бұрын соңды байқамаппын. Үш жақтан жаңадан келіп жатқан жастар легі Кеңестер Одағындағы сол кездегі ең үлкен, ең көрікті Алаңын толтырып та жіберді. Иін тірескен жастар. Мінбер жағында да қозғалыс нышанының күшейіп келе жатқанын байқамау, мүмкін емес еді. Қазір желтоқсандықтарға ілініп тұрған тақта маңынан үлкендердің «Елім-айлатқандары» да қосылып кетті.

«...Қаратаудың басынан, көш келеді-ау,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді-ау,» - деген жерлері бабаларымыздың бастарынан өткен сан қилы тарихын көз алдымнан өткізгендей әсер қалдырды. Бізді қоршап тұрған милициялармен жастар алысып, арпалысып кіріп жатты. Кейбір жерлерде шептерін өздері ашып жіберіп, лек-легімен ортаға жіберіп қойып жатқандарын да байқап қалдым. «Белбеу» сияқты милиционерлер шебінің арғы жағы да жастар болатын. Мегафон қолдан қолға өтіп, сөйлеп тұрған адамды көру үшін жастар бір сәтте отыра қалып, жалынды сөздерге  құлақ асып, ауызбіршіліктің озық үлгілерін де көрсете бастады. Алаң бірауыздан мінберге Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі шығып, толық жағдайды түсіндіріп беруін талап етті. Болмаған жағдайда бұл Алаңнан тарқамайтынын, қажет болса кеш, түн, тағы да бір күн күтетінін жеткізді. «Долой Колбина, Каждому народу своего вождя»,- деген орысша, «Колбин кет, Әр ұлтқа өз басшысы, Көсемі  Әуелбеков, Назарбаев болсын»,- деген ұрандарды жастар бірауыздан қайталап жатты.   Бірақ мінбер жақтың талабы: Тарқаңдар, тарқамайтын болсаңдар күш қолданатындарын ескертіп, бірінен кейін бірі айтып жатты. Кімнің кім екенін танып, ажыратып жатқан біз емес. Мегафон қолыма тиген кезінде,  партия басшылығына Кәкімбек Салықовтың кандидатурасын ұсынып, замандастарыма  жалынды сөзімді арнап үлгердім. Көпшілік менің соңымнан кейін үш-төрт рет қайталады. Кейбір жерлерден көзге ерекше түсіп қалғандарды бір-бірден шығарып алуға тырысып, кей жерде алып та кетіп жатты. Алаңның батыс жақ шетінен енген қолына жетектеген баласы бар әйелдің айғайлап сөйлеген сөзіне бет бұрдық. Бір сәт өзімнің ығысып трибуна жақты жағалай екі-үш сап қатар тұрған милиция қатарына жақындап қалғанымды байқадым. Алдыңғы қатардан факультеттің жігіттерін кездестіріп қалдым. Жиі-жиі жарияланып жүрген суреттің алдыңғы қатарында тұрған физфактың Серік деген жігіті, 69 жылғы, қызылордалық. Сәл артында Қайрат Сәриев тұр. Мен объективке симай қалыппын, сәл солға қарай төрт-бес жігіттен кейін тұрған едім. Екі жақтың талаптары да орындалмайтындай кульминациялы жағдайлар да жақындап келе жатқанын ішім сезді. Алғашқы қар кесектері мен милиционерлердің бас киімді жұлып алып ортаға лақтырғандарын да көзім шалып қалды. Темір столбқа  шығам деген жігіттердің үш-төртеуінің жолы болмады. Ұзынша келген жігіттің өрмелеп бара жатқанын көріп көңілім еріксіз сол жаққа ауды.

Ол көп кідірместен басына жетіп, бір қолымен темір столпты қапсыра, екінші қолымен дауыс күшейткішті жұлқып-жұлқып жерге тастай салды. Көпшілік шулап, қол соғып жатыр. Кейіннен білдім, ол сол әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айрылған, ет комбинатының сол кездегі жұмысшысы  Жуандықов Болат екен. Осыдан кейін-ақ, бейбіт митингінің сәні мен мәні өзгеріп, бір жағы жастар, екінші жақтан қарулы әскерлер мен милиция қызметкерлерінің арасындағы қанды қақтығыс басталып кетті. Жан алысып, жан беріскен осы қақтығыс алма кезек, ит жығысқа ұқсағандай. Біздерді алаңның шетіне қуып тықса, барарға жері қалмаған жастардың бойындағы жігері мен намысы қарулы әскерді алаңның екінші шетіне атойлап, аруақтап, қуып тастайды. Байқағаным, әр жолда екі жақтан да 20-30 адамнан әртүрлі жарақат алғандар Алаң ортасында қалып жатты. Үлгергенімізше кейбірін Алаңның шетіне шығарып, ішімізден сол жерде жедел түрде жасақталған топ оларды шет жаққа жетелеп, сүйрелеп, тасып жатты. Осылай үш-төрт толқынды басымнан өткерген едім. Соңғы толқын кезінде қашып жүріп төбелесіп келе жатып, бір қыздың сүрініп құлап қалғанын байқадым. Көмекке  ұмтылған кезімде  әскеридің "дубинкамен қызға ұмтылғанын байқап, аруақтап жетіп барып оң аяғыммен теппек болған сәтімде, «щитын» қойып үлгерген екен, тіземнен төмен орта түсін орып түсті. Басында ет қызуымен байқамаған екенмін, жетектеп алған қызымды жігіттердің қолына тапсырғаннан кейін, аяғымның  бастыртпайтынын байқап, жанымадағыларға сендерге масыл болмайын дегенді айтып, Алаңнан сылти басып жатақханама тарттым. Келсем кейбір жігіттеріміз, жараларын таңып, қайта Алаңға кетіп те жатыр екен. Мен үшін Алаңдағы айқас осымен тамам болған еді. Аяғымды мықтап таңып алып,  қазақ жастарының ерліктерінің әрбір эпизодтарын есіме алып, әсіресе, қаршадай қазақ қыздарының етектерін көтеріп алып, тас пен мраморларды тасып, жандарымызда жай ғана жүгіріп жүргендері емес, жігіттердің намыс пен жігер оттарын қайрап, ортақ күресте өз үлестерінің ер азаматтардан ешқандай кем еместігін байқатқандарын ойлап жатып, ұйықтап кетіппін.  Таңертеңіне деканатқа шақырып жатыр дегеннен кейін барсам, орыс группасында оқитын қоғамдық «кассиріміз» келмей қалған екен. Деканаттың тапсырмасымен бір жігітті ертіп алып ҚазМУ-дың қалашығына бірінші курстың (стипендияларын) шәкірт ақшаларын әкелуге кеттім. Ақшаларын әкеп тапсырғаннан кейін, жатақханадағы жігіттермен болған оқиға жайын егжей–тегжейлі сұрастыруға кірісіп кеттім. Теледидардан шетелдердегі қақтығыстарды көрген басқа да, бізде орын алған мынадайлары көру басқа. Қаланың  жалпы жағдайын білейін деген мақсатпен, нағашы ағамның үйіне тарттым.
Жолда қолдарына қызыл дәке таққандармен де бір қырқысып алдым. Аяғымнан сылтып басқаным болмаса, беті-көзім аман еді. Үйге келсем, нағашы ағам да, мектептің оныншы сыныбында оқитын бауырым да, баршамыздың айтар тақырыбымыз да осы болды. Түн ортасы ауа, ақырын тұрып алып нағашымның баспа мәшеңкесіне қонжиып, БҰҰ  Ассамблеясының Бас хатшысы - Хавьэр Пэрес де Куэльярға болған оқиғаларды баяндап, біздерге көмек көрсетулерін сұрап, бір бет  хатымды жазып, жақсылап тығып алып, таңның атуы мен автобустың қатынауын күтіп жаттым. Ертемен жатақханаға келе салысымен старосталар мен комсоргтарды жиып, ойларымызды ортаға салып,  «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «ҚазССР конституция қағидалары сақталуы тиіс!»,- деген екі лозунг әзірлеп, бір пардан кейін барлығымыз Алаңға қайта шығатын болып келістік. Әркім өздері жеке-жеке тапсырма алып, жауапкершіліктерін де мойындарына алатын болып келістік.

Ағылшын тілінде оқитын бірталай группаластарым мен екі қазақ  группасы жалпы алпыс-жетпістейіміз жиналып Байтұрсынұлы көшесімен жоғары көтеріліп бара жаттық. Жол жөнекей жанымыздағы театр көркемсурет институтының жатақханасы мен ҚазМУ-дың химия факультетінің студенттеріне айғайлап, біздерді қолдауын сұрадық. Масанчи көшесінің бұрышына жете бергенімізде үш адам бізге бүйірімізден қосылып, үлкендеу біреуі мән-жайды сұрастырды. Жағдайларымызды түсіндіріп, бейбіт түрде Алаңға барып, екі күн қырғында ұсталып,  қамауда отырғандарды босатулары жөніндегі талаптарымызды жеткізбекшіміз дедім.  Топтың артқы жағында келе жатқанмын. Басымды көтеріп қалсам, алдымдағы курстастарым жан-жаққа жамырай қашып жатыр екен, тусініп те үлгерген жоқ едім, артымнан соққы келіп тиді. Бұрылып жалт қарасам, қарсы алдымда қазақтың «менті», оң қолында дубинкасы, сол қолында қалқаны, қасқиып қарап тұр. Көз жанарымнан  ұшқан отты байқап қалған да болуы керек, ол да тапжылмай сілейіп тұрып қалған. Жанарына көзім түсіп, еш нәрсенің ізін байқай алмадым. Әлі күнге дейін сол «менттің» жанары қалып қойған сияқты. Келгеннен кейін де біраз іздестірдім. Қайда екен сол қазақтың «менті»?... Жерге қарасам, қан тамып тұр екен. Сонда ғана иегімнен қан сорғалап тұрғанын байқадым. Күртешемнің «капюшоны» бар еді, арттан келіп соққан кезде, сәл үстіге немесе астыға келгенінде, тірі қалып, осындай естелік жазып отыруым екіталай еді. Жаратқанның көрсетер жарығы барын  сонда ғана сезіндім. Жанындағы милиционерлер  жақындап, он метрдей жерде келіп тоқтаған автобустың ішіне тықпалап отырғыза бастады. Менің жарамды байқап, тоқтамай аққан қаннан секем алды ма, әйтеуір, босатып жіберді. Жатақханадан оншама ұзамағандықтан, жанымда кім бары есімде жоқ екі-үшеу болып жатақханаға қайттық. Келе салысымен, жарамды жуып, өзімді өзім тәртіпке келтіргенім сол еді, деканымыз бастаған екі-үш мұғалім комнатаға кіріп келді.  Мен орын алған жайды айтып, группаластарымның көбінің бұған соншама қатысы жоқтығын, мен бастап апара жатқанымды мойындауға тура келді. Көп нәрсені сұрамастан, тынышталып, ешқайда шықпайтынымыз жайында сөзімді алып, шығып кетті. Біраздан кейін орала бастаған группаластарды тексере келсек, Серік дегеннен басқасы осында екен.
Жатақханамыз студенттерден көрі мұғалімдерге толып кеткендей болып көрінді. Мені әдейі іздеп кураторымыз келген екен. Орыс ұлтынан болса да, болған оқиғалардан мағлұмат алып, түсініспеушілік болды, сен қам жеме, жараңды емде,- деп еңсемді бір көтеріп кетті. Кешкілік жатақханама жан досым,  Данияр марқұм іздеп келген екен. Ол ААСИ-да студент еді. Жазғы жұмыстардан тапқан қомақты ақшасы да өзімен көрінеді, гитарамды білдіртпей алып шығып, таксимен тұрған жерін айтты. Сөйтіп жалындаған жастықтың алауымен Айнабұлақ ықшамаудауында тұратын Даниярдың жеңгесінің туған күніне тартып отырдық. Маған ең қызығы Алаңда екіге бөлінген милиционерлердің қай жағын ұстаған Нұрлыбай ағамызды көру  еді. Әрине, мен қателеспеппін. Ол кісі талай жастарға қолынан келген көмегін аямағанын айтып берді. Ертесінде ертемен тұрып жуынып жатсам, жаныма кореец жігіті (аты-жөні есімде қалмапты, комсомолдың белсенділердің бірі) , біздің физфактың комсомол жетекшісі екеуі келіп тұрғанын айтты. Тезірек жуынып шығуымды да сұрады. Такси күтіп тұр екен. Содан қалалық комсомол ұйымына да келіп жеттік. Бюро мүшелері күтіп отыр екен. Менен түсініктеме  жазып беруімді сұрады. Қазақ тілінде жазатынымды айтып, аяқ астынан қырсығым ұстап, екі сағаттан астам уақыт күттіріп қойып, жазып бердім. Шешімі комсомол қатарынан шығарылдым. Жанымдағы жастардың ұнжырғасы түспесін деген оймен, «саспаңдар, қайта комсомол қатарына алады»,- деп қоямын. Медет, Қаһар, Серік, менімен қоса бес адамды комсомол қатарынан шығарған екен. Құдайдың құдіретінің мықтылығы сол жерден  ҚазМУ-дың комсомол жетекшісі Баяндаров мырза тағы да таксимен «Казгурад» қалашығына алып барғаны. Үлкен залға енсек, өңшең дегіштер мен «жегіштер» екі жаққа бөлініп алып, ортаға алсайшы-ау келіп.

Етім үйреніп те үлгеріпті, олардың айтып жатқандарына. Керісінше, екіге бөлінген қоғамның, қайсысының не айтқанын бағып, ішіме түйіп тұрдым. Қысқасы, комсомолдан қалалық бюрода шығып келгеніммен шаруалары жоқ, ҚазМУ комсомолының қатарынан шығару туралы қаулыларын қабылдап, билетімді тапсыруды сұрады.Тағы да такси, менің қалтамнан емес, жатақханаға келдік. Көп қиналмастан досыммен айырбастасқан мұқабасын шешіп алдым да, билетті қолдарына ұстатып қоя бердім. Осыменен бес жылдан астам ішкі қалтамыздан түспейтін, сол кездегі жастардың «атрибутына» айналған комсомол билетімен қош айтыстым.
Мені жеті жылға соттап, жиырма бес "физфактфқтарды" оқудан шығарыпты. Кейіннен қайта орналасқандары бар, Қайсыбірі басқа ЖОО түсіп, кейбірі қолдарын бірақ сермеп Алматыдан мүлдем кетіп қалған екен. Байтал тұрмақ бас қайғы замананы басымнан өткізіп, кейіннен, ойлап қарасам тікелей болмаса да көп жастардың обалына қалғандай екенмін. Тарыдай шашылып кеткен сол курстастарым есіме түсіп, отыз жылдық кездесуіміздің алдында солардың тізімін өздеріңізге ұсынуды жөн көріп отырмын. Желтоқсан86-да бір факультеттен осыншама адамның қудалауға түскенін естімеген едім, ондай болмаған да еді. Бәлкім, біреуі көршіңіз, біреуі ауылдасыңыз, біреуімен бір мектепте, болмаса, ЖОО қызмет жасап жүрген де боларсыздар? Желтоқсан86-ның отыз жылдығына байланысты тәуелсіздігіміздің бесігі - Алматының бас Алаңында, 17 желтоқсан күні бас қосып, сол Алаңда келместің кемесіне отырып кеткендер мен осы күнге жетпегендердің аруақтарына құран бағыштап, рухтарына тағзым ететінімізді жеткізерсіздер деген үмітпен, естелік авторы - Құрманғазы.

Физфактың 102 группасы:
1. Наурызбаев Мейрамбек

2. Саутов Серік

3. Сариев Қайрат

4. Арипбаев Қаһар

5. Исмағулов Мейржан

6. Утеғулова Ләззат

7. Молдабекова Ақбөпе

8. Маткеримова Ардақ

9. Рысқулова Нұржамал

10 Жексембаева Айман

11 Сүлейменова Арман

12 Монтаева Салтанат

13 Елубаев Ерболат

14 Қуанбаев Нұрлыбек

15 Спатаева Зәмза


16 Мустафина Гулмира

17 Төлегенов Жанысбек

18 Шоменов Қанат

9 Жақаев Болат

20 Назарқұлов Медет

21 Дайырова Айгерім

22 Қалима

23 Мухамадиев Архат


  101 группа


1 Қулмухамбетов

2 Омаров Алимжан

3 Толешов Талғат

4 Қоштыбаев Талғат

5 Шумақов Мейрам

6 Тампиева Тұрсынгүл

7 Жұманов Серік

8 Кіршібаева Роза

9 Сыдықова Жайна

10 Сариева Шолпан

11 Мырзаева Жақсыгүл

12 Айжан

13 Әжетова Гүлмира

14 Усенов Ахмет

15 Рыстығулова Венера

16 Тастекеев Жүрсін

17 Қаржаубаева Баян

18 Гүлбану

19 Ширимова Элмира

20 Мадалиев Біржан

21 Қуандықов Серік

2 Сейтенов Серажеддин

23   Ағабеков Сəкен

24   Сəйкенов Сəкен

25  Раушан М ж.т.б.

 

Орыс групасынан Асубаев Асқар, Онбырбаев Болат, Бейсебаев Серік(лозунгпен ұсталып қалатын бауырым) ж.т.б.


Пы Сы:  Есіме түспей қалғандарыңыз ренжімеңіздер. Жақындағы қарбалас кезінде жеке мұрағаттарымның біразы жоғалып кеткен еді.

(Жалғасы бар)

Қатысты Мақалалар