Әнші Сәкен Майғазиев өзге әріптестері секілді депутат болуды көздемейтінін, алайда болашақта мәдениет министрі болғысы келетінін айтты, деп жазады Stan.kz.
Майғазиев «Компромат» бағдарламасы барысында тележүргізуші Гүлбаршын Заированың «Жоғарғы жақтан бұйрық не ұсыныс түссе, депутат болуға келісесіз бе?» деген сауалына:
«Депутат болу үшін білім керек, ілім керек, сана керек. Сол себепті мен дайын емеспін деп ойлаймын. Өнер саласында қызмет атқарып жүргеннен кейін егер өнерге пайдаң тиеді деп өнер саласындағы қызметке шақыратын, ұсынатын болса, ойланар едім», – деп жауап берді.
Әншінің бұл сөзін назарға алған телепродюсер Гүлнұр Мамассарипова тосыннан «шабуыл» жасап, «Болашақта мәдениет министрі болғың келе ма?» деп сауал тастаған. Оған Сәкен Майғазиев ойланбастан: «Болғым келеді» деп жауап берді. Оның себебін былайша түсіндірді:
«Өзекті мәселелер өте көп. Ең алдымен, кеңесшілер қоғамын ұйымдастырған болар едім. Себебі эстраданы саралап, сараптау керек».