Бүгінде табиғаты ауыл шаруашылығы саласына қолайлы Түлкібас ауданында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту ерекше қолға алынып, мал басы жылдан жылға артып келеді. Аудандағы әрбір шаруашылық асыл тұқымды мал басын арттыруды қолға алған. Өйткені асыл тұқымды малдар етті және сатуға өте ыңғайлы.
Бүгінде ауданда асыл тұқымды үш мыңнан астам ірі қара мал, сегіз жүзге жуық жылқы бар. Оның ішінде осыдан үш жыл бұрын Австралия елінен әкелінген Жабағылы ауылындағы ангус және герефорд асылтұқымды ірі қара малдар жерсініп, төлдеп мал басы 800-ге жеткен. Сонымен қатар Керейт ауылындағы Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан елінен әкелінген сәйгүліктер республикада өткізілген түрлі жарыстарға қатысып, аудан мерейін үстем етуде. Қазір онда 180-ге тарта асыл тұқымды аттар бар.
Жалпы ауданда мал шаруашылығын дамыту, малдарды асылдандыру мемлекеттік бағдарламалары толық орындалып отыр. Мәселен, бір ғана «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылғы жылғы жоспарда 100 бас аналық алу белгіленген болса, жарты жылдың өзінде 364 бас аналық, 12 бас бұқа сатып алынып, тапсырма 3,6 есе орындалды. Сонымен қатар «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары ауданда берілген межеден артығымен орындалуда.
Биылдың алты айындағы мәлімет бойынша ауданда шағын және орта бизнесте тіркелген кәсіпкерлер саны 7772 бірлікті құрады. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істейтіндердің саны 17315 адамға жетіп, осы салада өндірілген өнім көлемі 7 млрд 213 млн теңгені, бюджетке түскен салық көлемі 76,8 млн. теңгеге жетті.
Пікір қалдыру