Құдай бақ бермеген соқ, кезінде жігіттер «саған ғашықпын!» деп тап бермеген соң, оң жақ босағада отырып қалдым. Оқу дедік, ананы мынаны шоқу дедік, қысқасы уақытты өлтіріп, ақырында опық жедік! Күйеуге тиейін десем, «срогым» өтіп кеткен, жас балалар «Апай...» деп сызылады. Күйеу деген нан емес, жүгіріп барып, дүкеннен сатып ала қоятын. Күйеу деген қазір күйіп тұр, дефицит!
Бір күні құрбым келе қалды. Жеті жасар баласын жетектеп алыпты.
–Тұрмысқа шықтың ба, не?–деппін салған жерден.
–Кім ала қояды дейсің, біз сияқты кәрі қыздарды? Өзім туып алдым.
–Как, қалай?
–Тап солай. Ол оңай. Бір шелек күлді есік алдына төктім де, ары аунадым, бері аунадым. Ақырында аяғым ауырлап...
–Қойшы, Бәтима! Шыныңды айтшы? –деп қызығып кеттім, менің де күлге аунай салғым келіп тұрғаны? Күлді қайдан алсам екен? Егіз бала туу үшін екі шелек күл керек шығар? Ойым он саққа жүгірді.
–Оның рецептін берейін. Бір шелек күлге жарты қасық майонез қосып, бір қасық сірке суын себелеп, құм шекердің жарты килосын араластырасың да, қоспаны үлкендеу шыт матаның үстіне төгіп жіберіп, үтсіне аунайсың келіп, аунайсың келіп! Болды! Сразым екі қабат боласың! Қазір кәрі қыздар бөтен біреуден өзі үшін бала туып алуды трендке айналдырып алды ғой! Бала деген қуыршақ емес, жеке тұлға емес пе? Ал, мен күлге аунап тудым!
Қала шетінде жер үйде тұратын, әлі газ бара қоймағандықтан, пешіне от жағатын нағашы әпкемнің үйіне қарай жүгіріп бара жатыр едім, құрбым қолымнан ұстай алды.
–Қайда? –деп сұрады.
–Күлге аунайын деп.
–Жындысың ба? Әшейін ойнап айтамын! Мен сияқты өзің үшін балалы болғың келсе, любой еркекке еркеле. Рұқсат сұра. Еркектер мәрт келеді. Туғаннан кейін керегі де жоқ! Әне, ойнап жүрген балам өз бастығымнан... Жалынып, жыладым. Сосын уақытша махаббат инвесторы болды.
–Көнбей қойса ше?
–Зорла...
–Өлә, ұят қой...
Не керек, өзім үшін, болашағым үшін, қартайғанда сүйенішім болуы үшін бала сыйлайтын еркек іздеп кеттім. Бірақ қалай? Кімнің көрпесін тартып қалайын? Менің де кім көрінгеннен емес, бастығымнан балалы болғым келді. Сосын кабинетін тықылдаттым. Басым салбырап, шашым жалбырап, қолдарым қалтырап...
–Ағай... –дедім мен.
–Ия?
–Ағай, бірдеңе айтайын деп едім.
–Айта ғой?
–Не ғой, маған айлығымның есебінен... Қалай десем екен? Імм, обшым, сізден бала туғым келеді. Срочно... Қонақ үйге өз қалтамнан төлейін...
Бастығымның көздері үстеліне домалап түсіп кетті ғой деймін? Орнынан атып тұрды. Бәсе, бұл кісі мен ойлағандай жеңілтек емес... Жуан жұдырығымен столын қойып қалғанда, тұрмысқа шықпасам да, туып қалардай тапырақтап, тұра қаштым! Сол кеткеннен мол кетіп, жұмысқа да бармай қойдым! Құдай-ай, еркектер–ай, не істесем екен?