Үніне ғашық едім гитараның

/uploads/thumbnail/20170709184637563_small.jpg


 Қуанған Қизатбек
 
 
Гитарист 
 
Мен үшін қымбат емес сый шарабы,  
Үніне ғашық едім гитараның.  
Ылғи да иығыма басын сүйеп,  
Күрсініп қоңырқай қыз күй шалады.  
 
Торқалы туған жердің топырағы,  
Торғын қыз жанарына тосылады.  
Термелеп гитараның алты ішегін,  
Кірпігін ойға малып отырады.  
 
Мұңаию оған қатты ұнасады.  
Мұндайда күбір ету күнә тағы.  
Саусағы сипап өткен пернелерден,  
Ноталар қызыл-жасыл гүл ашады.  
 
Айтарым тіл ұшында тұр байланып,  
Ырғақтар құшағына ырғайды алып.  
Нәп-нәзік қыл ішектің дірілмен,  
Жүрегім барады ұшып буға айналып.  
 
Тәтті әуен, тартымды қыз бар асылым,  
Тапқаны-ай табиғаттан жарасымын.  
Гитара шанағына оралады ол,  
Күйдіріп бір сағыныш қарашығын…

 

Мелодия және мезгіл  
 
Иығыңа төгіліп бұйра шашың,  
Күлімсіре,  
Сезімнің сүй рахатын.  
Гитарші қыз,  
Жабыққан жүрегімді,  
Шырын әуен іздеймін ширататын.  
 
Қобалжыған ойымен қоңыр дала,  
Құпияма қарайды неге ұрлана?   
Гитараның пернесін пейілсіздеу,  
Ақ саусағың сипайды жеңіл ғана.  
 
Көктем едің,  
Күрсіндің күзге айналдың,  
Қарашаның деміне мұздай қалдым.  
Қайтқан қаздың сұңқылын қайғылы ішек,  
Сыңсып айта берердей бұзбай мәңгі.
 
 
Кірпігіңе қонақтап күміс еппен,
Әппақ қырау төгілді сым ішекке.  
Осылайша кетесің қысқа айналып,  
Махаббаттың асқанда мұңы шектен.  
 
 
Гитаранің шанағы әппақ қырау,  
Қою қара шашыңа қаптап қылау.  
Қар астында қалғисың,  
құлазытпай,  
Тебірене ояншы тәп-тәттім-ау!   
 
Көктеміңді көкседім,  
Ұйықтамадым.  
Алты ішекті тербеші, (сүйт, қарағым)  
Қаздар қайта оралсын қанатымен,  
Сипай ұшып шанағын гитаранің.   

 

Тарт қане гитараңді…  
 
Тарт қане гитараңді,  
Білем іштей,  
Бар сенде өмір жайлы іренішті ой.  
Қалжырап қозғалады саусақтарың,  
Ішектер шұбатылған релістей.  
 
Қалыңдап қабағыңда нала-қайғы,  
Қап-қара көздеріңді қамалайды.  
Жапанда жолығатын біреу бардай,  
Жанарың релісті жағалайды.  
 
Тым мұңлы гитараңда бүгінгі әуен,  
Әлі де сүйкімді ғой суынба әлем.  
Сүйеніп әлсіз, мұңлы дыбыстарға,  
Бекітіп тұрғандайсың буынды әрең.  
 
Шаттықтың шешек атқан гүлі шетте,  
Табылмай оған бастар дұрыс өткел.  
Төгіліп саусағыңнан қайғы уыты,  
Солқылдап жылай берді сым ішектер.  
 
Қорғанба, қайратыңа қолыңды бер,  
Ол сені құтқарудың жолын білер.  
Тарт қане,  
Сұлу әуен падишасы,  
Пернеден сыйлар саған сенім-жігер.  
 
 
Тазарту

Ұшырды көбелегін көз ғаламың,  
Тағы да гитараңді қозға жаным.  
«Ақылым» алты ішекпен арқандалып,  
Жұтылсын шанағына «Созған әнім» .  
 
Көбелек-көзіңдегі қуанышың,  
Қанатын қағады ұшып шуақ үшін.  
Әуенді әлем еткен көбелектер,  
Кешірмес кір қоғамның күнәлі ісін.  
 
Адамның ар болмаса есімі кім?   
Болмасын күнаһарға кешірімің.  
Сыңсыған сұлу, таза әуендермен,  
Үрейлі үңгірлердің өшір үнін.  
 
Ғайбаттар,  
Күпірліктер,  
Балағаттар,  
Тілінде тірілердің қара дақ бар.  
Уыты күштілердің уысынан,  
Бауыры әлі жұмсақ даланы ап қал.  
 
Тәтті үнмен тебіренсін терең дала,  
Алты ішек қозғалғанда әлем жаңа.  
Ажарсыз әлде кімнің айғайы емес,  
Ауада қалқып тұрсын әуен ғана.

 

 

Тыңаиу
 
Жүрегім ауырып тұр бүгін менің,  
Біреуге жақпайды екен күбірлерім.  
Қолыңа ал гитараңді бұдан басқа,  
Көңілдің аша алады кім ілгегін.  
 
Сөз осы сені құлай сүйемін мен,  
Ишарат жасадыңба иегіңмен?   
Мен іздеген мейірлі әуендегі,  
Ноталар жүзіңдегі киелі мең.  
 
Білемін бұл қоғамның миы істейді,  
Бірақта махаббатпен сүйіспейді.  
Алқоңыр гитарада мейірлі әуен,  
Тұп-тура жүрегімнен иіскейді.  
 
Тербелген гитаранің алты ішегі,  
Қорлансам намысымның қамшысы еді.  
Арына жамау түскен «Жадау» үшін,  
Жүрегім жыламасқа ант ішеді.  
 
Тартасың гитараңді тәртіппенен,  
Шанағын аймалаймын шалқып төбем.  
Сарнаған нән сарайда сазды аспаптан,  
Мен сенің гитараңді артық көрем.

 

дайындаған: Бұлғын Сусар

 

Қатысты Мақалалар