Әйгілі «Ламбада» әнін қазақ тіліне аударып, айтып жүрген Қайрат Нұртас қазақ елін тағы да билетіп жіберді, деп хабарлайды stan.kz. Жанкүйерлері танымал хитменнің бразилиялық Kaoma тобынан асып түскенін алға тартты.
«Биле ламбада, бойжеткен, бозбала,
Өзгерген қазақша сөз ғана», – деп ән салған Қайрат Нұртас ламбада биін шебер меңгеріп алған. Ән мәтінінде ол туындыны мүлдем өзгертпегенін айтады. Алайда Экспресс-К басылымының жазуынша, түпнұсқа мәтінінде трагедиялық хикая кездеседі. Онда:
«Жанымды ауыртқан адам жыласын,
Тасада жалғыз өзі қиналсын.
Екеуміздің жүздесуіміздің лаулағын отын,
Сақтай алмаған махаббатты еске алсын», – деп айтылады.
Айта кетейік, ламбада – Амазонияны мекендейтін үндістердің каримбо тайпасының салттық биі. Әйгілі Kaoma тобның өзі аталған әнді 1989 жылы боливиялық музыканттардан «ұрлап» алған.