МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙ. ОТБАСЫН «ЖОСПАРЛАУДЫҢ» ҚИТҰРҚЫЛЫҚТАРЫ

/uploads/thumbnail/20170709184910130_small.jpg

«Отбасын жоспарлау» дегенді қазақ қауымы осыдан 20-30 жыл бұрын шамасында естіді. Өркениетті елдерде отбасы жоспарланады екен, сол арқылы әр елдің, мемлекеттің халқының санын не көбейтіп, не шектеуге болады екен. Бұл–бір қарағанда ақылға оншама шетіндігі жоқ, ойға сыйымды тұжырым сияқты. Өндірісті, тауар алмасуын, көмір, темір шығарудың да мөлшерлерін межелейміз ғой. Адамның өсіп-өркендеуін межелегенде тұрған не әбестік бар деп қалуға да болады?! Сонау  1980-ші жылдары Қазақстанда осы істің әсіресе Ресейден келген белсенді күрескерлері пайда болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – ВОЗ дегеннің дабырасын ұмытпаған шығарсыздар?! Оның кезекті мәжілісінің бірі Алматыда өтіп, телеарналар мен газет-журналдар үйреншікті атойшылдығымен урашылдығына басып, жамырай қақсап, осындай бір «шарапатты халықаралық ұйым бар» деп миымызға сіңіріп жіберген. Осы халықаралық мәжілістің ыстық-суығы басылмай жатып, оның белгілеген бағдарламаларын жүзеге асыру жолында арнайы мекемелер қызу жұмыс істей бастады. Олардың ішінде «Айтақ!» десе тұра шабатын кей ұраншыл қазақтардан құралған қолдаушы, демеушісі де аз емес еді.

              Ал енді осы «отбасын жоспарлау» деген халықаралық сұмпайы да сайқали «игілікті» бағдарламаның қалай пайда болғанына оның астарына үңіліп көріңіз.

              1974 жылы желтоқсан айында АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің құпия мәжілісі болып, онда «NSSM-200» шифрлы, құпия жоба қабылданды. Онда «үшінші әлемге» жататын, әсіресе мұсылмандар тұратын елдерде бала тууды азайту арқылы, олардың халқының санын кемітудің «құпия жобасы» жасалды. Ол үшін алдымен аталмыш елдерде «отбасын жоспарлауды» үгіттейтін мекемелер ашып, оларды қаражатпен қолдау көзделді. Жобада отбасын «жоспарлаумен» шұғылданатын мекемелердің міндеті анық көрсетілген. Басты мақсат «арзан, қарапайым, залалы байқалмайтын ұзақ уақыт әсерін жоймайтын дәрілерді қолдану арқылы әйелдерді жүкті болудан тежеу». Құпия кеңестің меморандумының 33-бабында «біздің бұл ісімізді енді ғана даму жолына түскен елдер өздеріне жасалып отырған қастандық деп қабылдамаудың айла-амалдарын ойластыруымыз керек» дей келіп, бұл жоба ойдағыдай жүзеге аса қалса: «2000 жылы жер шарындағы адам саны 500 миллионға, ал 2050 жылы –3 миллиардқа қысқарады» деп анық-қанық көрсеткен.

              АҚШ-тың қауіпсіздік кеңесінің 1974 жылғы кезекті мәжілісінде қабылданған бұл «құпия жобаның» мақсаты осындай еді.

«NSSM-200» жобасының кейбір баптары 1990 жылы америкалық баспасөздердің бетіне ілігіп, үлкен айғай болғаны бар. Бірақ, Қазақстанда оны білген, мән берген жан болған жоқ. Орыстан не көрсе, соны істеуді әдетке айналдырған қазақтар мұны қуана қабылдады.

Таңдансаңыз өзіңіз біліңіз, бұл құпия жобаны сол кезде Мәскеу дереу іліп әкетіп, қазақ, өзбек, әзірбайжан, түркімен сияқты т.б. ұлттар санын азайту үшін қолданды. Әсіресе, Қазақстандағы орыс дәрігерлері қазақ әйелдерін (өздеріне көрінуге келген) бала тумауға үгіттеп, тіпті, құрсағыңдағы баланы тусаң ауру табасың не өлесің деп үгіттейтін болды. Мәскеудің «Правда», «Известия», «Комсомольская правда» газеттерінде қазақ, өзбек көбейіп барады, орыстар азайып кетті деп өтірік жылаған жымысқы мақалалар жиі жарияланатын болды.

1994 жылы Каир қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық кезекті конференциясы өтті. Онда планетамыздың қисайып, бүлінбей тиянақты тұрғыда дамуының бірден-бір көзі халықтың өсуін жоспарлап, бір ізге салу екеніне мән берілді. Жалпы, беделді халықаралық ұйымның күн тәртібіне қойған мәселесінің жанды мәселе екенін мойындамасқа болмайды. Жер шарының биоресурсы шектеулі. Ал халық саны мөлшерсіз өсіп, оның құлқын тамағын тойдыратын тамақ жетпесе, еш нәрсемен тоқтатып болмайтын апат басталуы ғажап емес. Ондайда жер бетін мекендейтін халықтардың арасында дисбаланс басталады: бір ғана қытай жер жүзіндегі халықтардың төрттен бірін құрайды, заңмен жан-жақты шектеп отырғанның өзінде Қытайдың әйелдері бір жылда бір мемлекеттің халқының санына бара-бар бала тауып отырғанына көз жұмуға болмайды.

Сөйтіп, «отбасын жоспарлау» бағдарламасында көрсетілген «аналардың денсаулығына, олардың дені сау бала табуына қамқорлық, аналардың денсаулығын алдын-ала тексеріп, дәрігерлік көмек көрсету»–мұның бәрі астыртын үлкен мақсаттың бетіндегі перде екені, ал оның астарында аса күрделі саяси астар, бұратана халықтарды, ислам дініндегі ұлттарды азайту, тіпті, жер бетінен жойып жіберу тәсілдері жатқанын қазекемдер әлі де түсіне қоймаған сияқты. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қаржылай көмектесетіндер: Дүниежүзілік Банк, Денсаулық сақтау халықаралық ұйымы (ВОЗ), ЮНЕСКО, БҰҰ жанындағы қоныстану Қоры, Отбасын жоспарлаудың халықаралық федерациясы (МФПС), Рокфеллер Қоры және тағы басқалар болып шықты.

«Отбасын жоспарлау» халықаралық ауқымда алғанда халықтар келешегін ойластыру, қуатты зор мекемелер ат салысу қажет боп отырған күрделі мәселе де шығар. Біз оған қарсы емеспіз. Бірақ ол қай ұлттардың, қай діндегі ұлттардың келешегін ойластыру екеніне тереңірек көз жіберу керек. Нағыз адами қасиет тұрғысынан алып қарасақ, жер бетіндегі халық, ұлт атаулының аман-саулығын ойластыру керек емес пе? Әр ұлттың өз мүддесі бар емес пе? Мұндайда әр халықтың жер көлемі, жерінің биоресурсы мен халқының жан саны сарапқа салынбас па? Өз жеріне сыймай жатқандарды шектесе шектеуге болатын шығар. Өйткені, өз жеріне сыймаған халық көршіге басып кіру сияқты зорлық-зомбылыққа бейім тұрады. Қазірдің өзінде ондай мысалдардың талайын келтіруге болады. Ал жер көлемінен халқының саны неше мәрте аз Қазақстан үшін бұл қайдан шыққан проблема? Мұны аржағында қандай қасіретті саясат жатты сол кезде?

Иә, сол кезде үлкен саясаттың желеуіне іліккен Қазақстан басшылығы ұлттық мүддені жиып қойып, «отбасын жоспарлау» бағдарламасын Қазақстанда да пәрменді түрде жүзеге асыруға кірісті. Сол жылдары «қазақ әйелдері шетінен анемия, қаны аздықпен ауырады-мыс, оларға перзент көтеру қауіпті» деген жаппай дақпырттың етек алғаны –шынына келгенде Мәскеудегілердің қазақтың санын кемітуге бағытталған жобаның іске кіріскендігінің айғағы еді. Ал, өткен жолы Түркістан қаласындағы үлкен бір мейрамға барған Дариға ханымның Оңтүстік қазақтарына баланы неге көп туасыңдар деп ұрысқаны есімізге түссе, бұл қандай саясат деп үрейіміз ұшатынын несіне жасырайық?!

Қазақстанды жайлаған осы үгіт-насихат, қала берді жер-жерде ашылып, екі жақты қаржыландырып отырған мекемелер, әйел құрсағына бала бітірмейтін дәрілердің жаппай етек алуы өзінің орасан зор нәтижесін берді. Бұл орайда бір-жар өрескел мәліметті тілге тиек етсек те жеткілікті. Көп ұзамай қазақтар арасында бала туу екі есеге азайды: 1000 адамға 14 баладан ғана келетін болды. Бұл екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақтар санының көрсеткішімен шамалас еді. 1993-1999 жылдар аралығында осы «отбасын жоспарлау» бағдарламасының үгіт-насихатының әсері бар, басқа себептер бар, әйелдер ресми түрде 1 миллион 415 мың түсік жасаған. Яки 7 жылда, 1,5 миллион жас бөбек қолдан өлтірілген. Қазақтар көп нәрсенің байыбына бармай әлі де Ұлы Отан соғысы деп атап жүрген бес жылға созылған 1941-1945 жылдардағы соғыста 500 мыңнан астам қазақ өлсе, бейбіт заманымыздың сол 7 жылында одан үш есе қазақ сәбилері қыршын кетті. Ал, ол дегенің енді бір 15 жылдан кейінгі 700 мың отбасы, 700 мың Отан қорғаушы азамат немесе Қазақстанның екі облысының тұрғыны емес пе? Демография іліміне арқа сүйеп, өсімімен есептесек, сол кезде-ақ бұл саясат 4,5 миллион адамды құртып жіберген болып шығады. Қараңызшы: ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ та, түрік те 8 млн болса, бүгінде қазақ 11 млн, ал түріктер 90 млн-ға жақын. Мына тұрған өзбек 33 миллионға таяп қалды. Біз тіпті, тәуелсіздік алдық деген 25 жыл ішінде де өсіп көбейіп жарытқан жоқпыз. Ал Ресеймен ұзақ жыл қырғын соғыс жүргізген чечендердің өзі бүгінде 2 есеге көбейіпті. Біле білсеңіз, сол «отбасын жоспарлау» саясаты бізде әлі де жасырын жүріп жатыр ма деп те қорқамыз. Қазір қазақтың жас келіншектері алғашқы босанарда оларға баланы тіліп алу әдісі (кесарево сечение) екінің біріне қолданылуда. Бұның ақыры ол келіншектің енді қайтып бала көтермеуіне жиі әкеп соғады.

Ал, «Байқоңыр» аймағындағы, Ресейдің әртүрлі зымырандарының бөлшектерін түсіруге жалға берілген аймақтардағы балалар өлімі, балалардың мүгедек боп тууы, ауру-сырқаудың адам естімеген түрі шығып жатқаны ше? Осының бәріне кім кінәлі деп ойлайсыз? Иә, «Отбасын жоспарлау» Бағдарламасының «игілікті» істерінің бір парасы, міне, осындай. Қазақ әйелдерінің денсаулығына аяушылық білдірген қамқоршыл жылтыр сөздердің, гендерлік саясат дегендердің  астарында үлкен қауіп жатқанын әр қазақ түсінетін күн жеткен жоқ па?                                            

 

             

 

Қатысты Мақалалар