Қарағанды облысында «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты шахтада тағы да апат болды деп хабарлайды 31.kz
Жер астындағы төбе жабындысы опырылып түсіп, кеншілер үйіндінің астында қалып қойған. Бізге жеткен ақпарат бойынша 3 адамның мәйіті табылып, тағы бес адам ауруханаға жеткізілген.
Саран шахтасындағы төтенше жағдай түскі сағат 14.35-те болған. Алдын ала болжам бойынша, 700 метр тереңдіктегі аспалы жол қирап, кесірінен барлығы 8 адам зардап шеккен. 3 жұмысшы оқиға орнында жан тапсырса, тағы 5 адам ауруханаға жеткізілді.
СЕРГЕЙ МУСТИВКО, Саран шахтасының директоры:
- Үш жұмысшы қаза тапты, бесеуі ауруханаға жеткізілді, ішіндегі біреуі тым ауыр халде жатыр.
Апаттың шығу себебін арнайы комиссия мүшелері анықтап жатыр. Тексеріс бір аптаға дейін жалғасады деп күтілуде. Ал қаза болған 3 адамның Қарағанды қаласының тұрғындары екені белгілі. Саран шахтасының өкілдері 3 жұмысшының отбасыларына суық хабарды жеткізгендерін айтады.
МАРАТ МИРГОЯЗОВ, «Қорғау» кәсіподағының төрағасы:
- Бұл жағдайға байланысты Астана қаласынан арнайы шақыртып, комиссия тағайындалады және де тергеу жұмыстары жайлы сіздерді хабардар етіп отырамыз
Ауруханаға жеткізілген бес адамның жағдайы орташа деңгейде. Дәрігерлер олардың бас пен жанбас сүйектері қатты зақымданғандарын айтады. Ал қайтыс болғандардың ең жасы 25-те болса, үлкені 55 жаста екен. Барлығы отбасылы азаматтар болған. «Арселлор МитталТеміртау» АҚ-на тиесілі Саран басшылары жұмыс орнында қаза болған адамдардың жақындарына қажетті көмек көрсетеміз деп отыр.