Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде Түркия елі ең бірінші болып таныған жоқ

/uploads/thumbnail/20170709185047625_small.jpg

Мемлекетіміздің алғашқы қадамдарына куә болып қана қоймай, оны айдай әлемге паш ету міндетін мойнына алған тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов «Атамекен» бизнес телеарнасында қонақта болып, тәуелсіздіктің 25 жылдығы төңірегінде сұхбат берді деп хабарлайды abctv.kz

- Тәуелсіздіктің алғашқы күндері бүгінгі ұрпаққа қызық. Қалай болды алғашқы қадамдарыңыз?

- Ол уақытта қиындық өте көп болды. Неге десеңіз, 1991 жылы экономика жұмыс істемеді, қалыптасқан жүйенің бәрі өзгерді, сондықтан, алдымызда көп мәселе тұрды. Тұңғыш президент сайланған Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені қолға алып, сыртқы саясатты жүргізе бастады. Біз енді сыртқы істер министрлігі болғаннан кейін, айтқан сөздерін, ұсыныстарын барлығын орындаймыз. Кадр, инфрақұрылым, елшілік, консулдық өкілдік, дипломат болған жоқ. Ол уақытта сыртқы істер министрлігінде 10-12 адам ғана бар, маман дайындау үшін уақыт керек. Сол кездегі алғашқы қызметтестерім, жолдастарым Мәскеуде істеп келгендер еді. Одан басқа, кеңес үкіметі елшіліктерінде істеген, солардың барлығын шақырдым. 20-25-тей адам келіп, маған көмектесті. Біртіндеп 700-800-ге көбейді, министрлікті осылай көтергенбіз.

- Ештеңе болған жоқ, тақыр жерден бастадық дедіңіздер. Қай бағытқа басымдық бердіңіз?

- Ең бірінші, біз жерімізді, өзімізді көрсетуіміз керек, әлемге шығуымыз, ООН-ға, ОБСЕ-ге кіруіміз керек. Күзет жоқ, ұшақ та ол уақытта Алматыдан әлі ұшпайды, Мәскеу арқылы ұшады. Қиын мәселе көп болды. Ядролық қару, содан кейін шекара мәселесі тағы бар. Инвестиция тартып, экономиканы көтеру үшін сыртқы саясатты жүргізе бастадық. Инвесторлар келіп, мұнай, газ өндіруге кірісті. Нарықтық экономика құру керек, ал тәжірибе жоқ. Сондықтан, біз шапқылай бердік, Еуропаға, Азияға бардық, сол жақтан үйрендік. Оқыдық, іздендік, қалай екенін сараптадық. Сөйтіп, өзіміздің Қазақстанның сара жолын салдық. Қазір біздің барлық елмен-дерлік тереземіз тең деп айтуға болады. АҚШ президенті Жорж Буш құттықтау телеграммасын жіберді. Қытай министрі келіп, хаттамаға қол қойдық. Сонан соң Монғолия, Түркиямен байланыс орнаттық.

- Алғаш тәуелсіздігімізді мойындаған Түркия деп саналады емес пе?

- Жоқ, ол дұрыс емес. Түркиямен 1992 жылдың 2 наурызында қарым-қатынас орнаттық. Дәл осы күні біріккен ұлттар ұйымына кірдік. Мұндай алпауыт ұйым әлемнің көптеген елін жинаған тәуелсіздіктің алғашқы жылында, бір жылдың ішінде ғана сол ұйымды мойындата алдық.

Екі аптаның ішінде барлық құжатты дайындап, оған президент қол қойды. Оны Нью-Йоркке жібердік. Бас хатшыға, қауіпсіздік кеңесіне жазып, олар қарастырып, 2 наурызда бізді мүшелікке қабылдады. Содан кейін жалауымыз көтерілді сол жерде. Одан әрі комитеттерге кірдік, анда кірдік, мында кірдік, сөйтіп, президентіміз сөз сөйледі. Ал биыл тағы бір қуанышты жағдай болды. Өздеріңіз білесіздер, ұйымға мүше бүкіл мемлекет дауыс беріп, бізді екі жылға қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі етті.
- Ал біздің алғашқы елшілігіміз қай мемлекетте ашылды?

- Ең бірінші елшілік 1991 жылдың мамыр айында Нью-Йоркте ашылды. Ал маусым айынан бастап Венгрия, Италия, Франция, сонан соң Түркияда ашылды.
- Қазір өзге елдермен тереземіз тең болып көрінгенімен, өзге елдермен қарым-қатынасымыз дипломат ретінде сіздің көңіліңізден шыға ма?

- Осы 25 жылда көп жұмыс атқарылды. 100-ден аса мемлекетте елшілігіміз бар. Өзімізде 50-ден аса елшілік ашылған. Астанада, Алматыда консулдықтар бар. Қазақстан десе, барлығы да біледі. Бұрын ешкім білмейтін. Қазір, құдайға шүкір, Қазақстан әлемде аты шыққан мемлекет, өз экономикасы, өз саясаты бар, беделіміз көтерілді. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық, біздің авторитетіміз тағы жоғарылады. Сондықтан, бірінші министр болу бақыты бұйырғанына өте ризамын. Келе жатқан мейрам құтты болсын, биыл 25 жылдығымызды тойлап отырмыз. Құттықтаймын! Алдымызда әлі көп жұмыс бар.


Кәусар Аяпберген
 

Қатысты Мақалалар