Өзге ұлт өкілдері тәуелсіздік мерекесін қалай атап өтеді?

/uploads/thumbnail/20170709185046457_small.jpg

Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл. Айтулы датаға орай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев рақымшылық жариялау туралы заң жобасын ұсынып, мемлекеттік қызметкерлерге қаржылық сыйақы беруге тапсырма берді. Бұдан бөлек, ел көлемінде түрлі іс-шаралар, мерекелік концерттер өткізілуде. Ал қазақстандықтар тәуелсіздік күнін қалай атап өтетінін білу үшін «Қамшы» порталы бірнеше мәдени орталыққа хабарласып, қазақстандықтардың арасында сауалнама жүргізген болатын.

Юлия Пак, зейнеткер: «Мен көп қабатты үйде тұрамын. Осы жылы тәуелсіздік күніне орай әдеттегідей аулада дастархан жаямыз. Бұл біздің үйдің ақсақалдары үшін жылдағы дәстүрге айналған. Барлығын өзім ұйымдастырып жатырмын. Ақша жинамаймыз. Кім не алып келе алады, соны үстелге қоямыз. 16 желтоқсанда қайтыс болғандардың құрметіне бір-екі стақан ішіп қоятынымыз да бар. Бір жағынан бас қосуға тағы бір себеп».

Василий,  менеджер: «Тәуелсіздік күніне орай төрт күн демалыс беріледі. Осы демалысты ештеңе істемей, үйде жатамын. Соңғы бір айда жұмыс қарбалас болғандықтан ұйқыны қандырып, демалуға тамаша мүмкіндік туындап тұр».

Тамара, зейнеткер: «Мен үшін 16 желтоқсанның басқа күндерден еш айырмашылығы жоқ. Зейнеткер болғандықтан көп уақытым үйде өтеді. Тәуелсіздік мерекесінде де үйде боламын. Әдеттегі дастархан, әдеттегі күн».

Роман, студент: «Мен жатақханада тұрамын. Сондықтан, демалыс болса қуана-қуана үйге барамын. Үйде өткізген әрбір күнім мен үшін мейрам».

Гузеля, есепші: Әйел адам үшін айтулы мейрамдардың құрметіне берілетін демалыс – демалуға емес, үйдегі жиналып қалған шаруаларды аяқтау үшін қажет секілді. Сондықтан, тәуелсіздік күнін ерекше атап өтемін деп айта алмаймын. 4 күн демалыста үй шаруасымен айналысамын. Ал жұмыс бастан асады».

            Тұрсынай Исмаилова, Ислам мемлекеті Иранның Қазақстандағы өкілдігінің қызметкері: «Тәуелсіздік күніне орай бізді бірнеше конференцияларға шақырды. Мәселен, жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған конференциясына бардық. Студент жастарды мерекемен құттықтап қайттық. Енді Абай атындағы ҚазҰПУ-да да өтпек. Соған барамыз. Ал орталық ештеңке ұйымдастырмады. Жылда ерекше іс-шара жасаймыз деп айта алмаймын».

Гольдберг Маисей, «Алеф» еврей мәдени орталығының төрағасы: «Біздің орталық тәуелсіздік күніне орай Астананың шалғай аудандарында концерт өткізді. Қала орталықтарына келуге көбіне мүмкіндіктері бола бермейтін аудандарға мәдени демалыс ұйымдастырып бердік».

Лилия Старова: «Мен өзімнің негізгі жұмысымнан бөлек, уақытым болғанда желілік маркетингпен айналысамын. Тәуелсіздік күніне орай берілетін 4 күнді максималды түрде пайдаланғым келеді. Алматыдағы ірі сауда орталықтарындағы бутиктерді аралап, тауар ұсынамын. Менімен әріптес болуға үгіттеймін. Желілік маркетингпен айналысатындар мені түсінеді. Сондықтан мейрамда демалмаймын».

Игорь, студент: «Менің ойымша, Қазақстанда тәуелсіздік мерекесін көп ешкім тойламайды. Бұл әрине үлкен мереке. Десек те, ол жаңа жылдың тасасында қалып қалады. Мәселен мен жаңа жылға дайындығымды бастап кеттім. Қайда, кіммен өткізетінімді кәзірден бастап ойлап жүрмін. Ал 16 желтоқсан мен үшін әдеттегі демалыс». 

 

Қатысты Мақалалар