Алматы Тәуелсіздіктің бастауында тұрған қала еді. Ал қазір ше? Мұны кім елеп-ескеріп жатыр? Қазаққа қай мереке қымбат? Тәуелсіздікті бұрын тойларымыз белгілі, ендеше Жаңа жылға неменеге асығамыз?
Айтылмай жатқан жоқ. Айтып та, жазып та жатқан да жайымыз бар. Жұрт құлағына жетіп жатқан шығар. Алайда биліктің ойына да кіріп шықпайтын сияқты. Кірсе де, шығып кетеді. Желтоқсан бастала сала тағы да Жаңа жылға дайындық басталып кетті. Өзге өңірлерді қойшы, Алматыға не жоқ?
Тәуелсіздік Алматыдан басталған еді ғой. Алматы әкімдігі мұны қалай ұмытты?
Өміржан Әбдіхалық өзінің желідегі парақшасында осы мәселе төңірегінде әкімшілікке дөп басып сұрақ қойыпты:
«Үкіметтің, Алматы қаласы әкімдігінің назарына!
«1 желтосқаннан бастап, қалада жаңа жылдық безендірулер жасау» туралы әкімдік барлық жерге нұсқау беріпті дейді. Демек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына әкімдіктің түкіргені бар. Мұндай әкімдіктің әрекетін басқаша түсіну мүмкін емес!
25 жылдық өткенше қоя тұруға, шыдай тұруға болмай ма?
Не себепті, қандай негізге сүйеніп Тәуелсіздік мерекесі өтпей, 1 желтоқсаннан бастап жаңа жылдық безендіру шараларына нұсқау бердіңіздер? Осыған жауап берсеңіздер!»
Бұған Байбек мырза не деп жауап берер екен?..
Қаламызға жаңа жас әкім келді деп төбеміз көкке бір елі жетпей қалғандай қуанып едік. Бауыржан Байбектің бұл қылығын қалай түсінуге болады?. Дәл осы Адматыда елімізді, жерімізді қорғап, халқымызға тәуелсіздік сыйлаған сол құрбандардың көз жасы қайда қалды?! Қазақ халқы өзімізді қасқырдай рухты елге балаймыз. Ендеше сол рух қайда, ұлтқа деген махаббат, ата-бабалар әруағына деген тағзым қайда? Жыл сайын қаншама күнәлі істерге, апаттарға, жалындаған өртке, адам өліміне себеп болатын христиан діні мерекесінің өзіміздің тәуелсіздігімізден несі артық?! Тойланбай қалмасы белгілі ғой, алайда, ең алдымен биылғы Тәуелсіздігіміздің 25 жыл мерейтойын дүбірлетіп өткізген дұрыс болар.