Түкірігін шашқан дарақы жаңылтпаштар

/uploads/thumbnail/20170708153025282_small.jpg

Тағы да радио баяғы... Жүргізуші жігіттің сөзі: "...Қайыс ноқтаға басы симаған талай арыс ұлдың болғанын ақбас тарих біледі". Осы жердегі: "қайыс ноқта", "ақбас тарих", "арыс ұл" деген әсіре теңеулерге енді біраз уақыттан соң менің де құлақ етім үйреніп, қалыпты сөз ретінде қабылдап кететін түрім бар... Сондықтан, әзірге пафосқа қарсы аздап болса да иммунитет тірі кезде жазып үлгерейін . Біріншіден, ноқта - малға кигізілетін, малды жетектеуге арналған нақты жабдық. Адамға қатысты көркем шығармасында ма, пьесасында ма бір жазушы (Ш.Мұртаза болса керек) қолданған екен, желпілдете жөнелудің ретін көрмедім. Әрі, аса сәтті теңеу деп те ойламаймын. Егер жан-жануарды бұғаулауға арналған құрал атаулыны адамға қатысты қолдана берсек, онсыз да зообайлығы зор лексиконымыздың қалай түрленетінін болжау қиын: Қарғыбау, шідер, тұсау, ау, тұзақ, басжіп... Қысқасы, хайуанға қатысты құралды "адамға кигізуден" сақ болса екен кейбір әріптестер. Әсіресе, оның "қайыс" екендігін анықтап айту... мүлдем қажет емес, ағатайлар. Екіншіден, "ақбас тарих" та, "арыс ұл" деген теңеу де күнделікті журналистикада әбден жауыр болған, плакатшыл тіркестер. Оның орнына - тарих, қайраткер дей салғаннан мазмұнға зиян келмейді. Күшеншек арзан сөзді үстей бергеннен айтпақ ойыңыз алтын боп кетпесе керек-ті. Және жалпы: "...ұяда өскен ұлға ұлттың ұлылығын ұйыта білетін" деген сияқты түкірігін шашқан дарақы жаңылтпаштардың республикалық радиодан күніне сан мәрте айтылуы таң қалдырады. Үшіншіден, тоқетері! Айналайын радиобасшылары! Сіздердің ұлтқа, елге деген көзсіз һәм шексіз махаббат сезімдеріңізді құрметтей отырып, ескертуге мәжбүрмін: сөзді орнымен, таза, дәл, қоспасыз, (қоппасыз) қолданатын асабалық, айтыскерлік шалықтардан аулақ адамдарды ғана эфирге шығарсаңыздар екен!

(Қасым Аманжолдың фейсбуктегі парақшасынан)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар